КСАД РК - Постановление от 28.08.2025 по делу 6003-25-00-4к/1838 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 28 тамыз № 6003-25-00-4к/1838 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Туғанбаев,

судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып, прокурор О.Пернеевтің,

талап қоюшының өкілі Н.Нурбековтің жауапкер өкілдері И.Муратовтың, Т.Спатаеваның қатысуымен ашық сот отырысында

шаруашылық жүргізу құқығындағы «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттары дирекциясы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі-Кәсіпорын) «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі-Басқарма)

камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны заңсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Кәсіпорын жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Камералдық бақылау нәтижелері бойынша мемлекеттік кірістер органдары анықтаған тәуекел дәрежесі орташа бұзушылықтарды жою туралы 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 6205VL400006 хабарлама (бұдан әріХабарлама) заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Талап қоюшыға сот шығыстары қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Сот актілерімен келіспей, олардың күшін жоюды сұрап, Басқарма кассациялық шағым берген. Онда шағым иесі келесі уәждері келтірген:

  • хабарлама беруге негіз болған сот актісі - «TenderГосзакп» ЖШСның мемлекеттік тіркеуін жарамсыз деп тану туралы сот шешімі заңды күшіне енген және бүгінгі күнге дейін күш жойылмаған;
  • камералдық бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік кірістер органдары Салық кодексінің 48-бабында белгіленген салық міндеттемелері мен талаптары бойынша талап қою мерзімдерімен ғана шектеледі.

Кассациялық сатыдағы сот жауапкер өкілдерінің кассациялық шағымды қолдаған, талап қоюшының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын, шағым уәждерін зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік іс жүргізу кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің – (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда, даулы хабарламаның қабылдануына Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 25 қыркүйектегі (бұдан әрі – МАЭС) шешімі негіз болған. Бұл шешіммен Астана қаласы «Нұра» ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының (бұдан әрі – «Нұра» МКБ-сы) талап қоюы қанағаттандырылып, «TenderГосзакп» ЖШС-ы мемлекеттік тіркеуі жарамсыз деп танылуы арқылы таратылған.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырғанда, Қазақстан Республикасының Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 94, 96 - баптарын және 114-бабының 2-тармағы 10) тармақшасын, ӘРПК-нің 79 – бабын, 84-бабының 1 және 2 бөліктерін басшылыққа алып, салық органымен белгіленген мерзімнің елеулі бұзылып, хабарламаның қабылдануы, оның заңсыз деп танылуына алып келетіндігі жайлы дұрыс қорытындыға келген.

Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелуінің жарамсыз деп танылуы хабарлама ресімдеуге негіз болып табылатыны рас, алайда хабарлама заңды болуы үшін әкімшілік рәсімнің заң талаптарына сәйкес жүргізілуі міндетті.

Сотта анықталғандай, хабарлама жіберуге негіз болған МАЭС-тің шешімі 2024 жылғы 5 қарашада заңды күшіне енген.

Ол туралы Нұра МКБ-сы 2024 жылғы 8 қарашада хабардар бола тұра аталған сот шешімін 11 қарашада Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментіне жолдаған, өз кезегінде ол соттың шешімін 2024 жылғы 15 қарашада Мемлекеттік кірістер комитетіне жолдаған. Дау айтылған хабарлама 2024 жылғы 23 желтоқсанда, яғни сот шешімі заңды күшіне енгеннен бастап бір жарым айдан кейін, ал Комитетке белгілі болған күннен бастап бір айдан кейін шығарылған.

Яғни әкімшілік рәсімді жүргізу тәртібі елеулі түрде бұзылған.

Жауапкердің Салық кодексінің кодексінің 48-бабына сілтеме жасап, осы бапта көзделген мерзімнің сақталуы жеткілікті деген уәждерін сот назарға алмайды, себебі «талап қою мерзімі» мен «хабарламаны жіберу мерзімі» екі түрлі мерзімдер болып табылады.

Талап қою мерзімінің сақталуы (Салық кодексінің 48-бабы) жауапкерге заңда белгіленген өзге мерзімдерді, оның ішінде Салық кодексінің 114бабының 2-тармағы 10) тармақшасында көзделген камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы хабарламаны жолдаудың онкүндік мерзімін бұзуға құқық бермейді.

Жауапкер шағымында сот шешімінің заңды күшіне енген күні бұзушылық анықталған күнге теңестірілуге жатпайтыны жөнінде уәждер келтіргенімен, мұны теріске шығаратын, яғни салық есептілігіндегі бұзушылықтың салық органымен анықталған күнін бекітітін дәлелдемелерін сотқа ұсынбаған.

Мұндай дәлелдемелер бірінші сатыдағы сотта да, апелляциялық сатыда да ұсынылмаған.

ӘРПК-нің 129 - бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасы және үшінші бөлігі негізінде дәлелдеу ауыртпалығын дау айту жөніндегі талап қою бойынша ауыртпалық түсіретін әкімшілік актіні қабылдаған жауапкер көтереді.

Тиісінше жауапкер өзі қабылдаған әкімшілік актісінің заңдылығын бекіте алмағаннан кейін, сот бұл актіні заңсыз деп таныған.

Дауланып отырған хабарлама әкімшілік акт ретінде әкімшілік актіге қойылатын талаптарға сай болуы міндетті. Әкімшілік рәсімнің сақталмауы әкімшілік актіні заңсыз деп тануға алып келеді.

Жоғарыда баяндалған және соттар анықтаған мән-жайлары аясында кассациялық сот жергілікті соттардың талап қоюды қанағаттандыру туралы тұжырымымен келіседі. Сонымен қатар, рәсімдік негіздер бойынша хабарламаны жоя отырып, соттар Кәсіпорын мен оның контрагенті арасында қаржы-шаруашылық операциялардың нақты жүзеге асырылу мәселесін талқылауға кіріспеуі тиіс еді, өйткені мұндай жағдайда келешекте жүргізілуі мүмкін салықтық әкімшілендіру шараларының, оның ішінде салықтық тексерулердің нәтижелері алдын ала шешіледі. Осыған байланысты сот актілерінің уәждеу бөлігінен Кәсіпорын мен оның контрагенті арасындағы өзара есеп айырысулардың нақты жүзеге асырылуының дәлелденуі туралы қорытындылар алынып тасталуға жатады.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды.

Істің бұл тұрғысында жергілікті соттардың сот актілері күшінде қалдырылуға, ал жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 13 наурыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Есіл ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

М.Туғанбаев

Судьялар

Н.Нуралыева

Ж. Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.