6001-24-00-3гп/156
Қ А У Л Ы
2024 жылғы 17 сәуір Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында
төрағалық етуші – судья Б.Ж. Тоқтарова, судьялар С.А. Әбдірахманов, Е.Ж. Айтжанов,
талап қоюшы К[...], жауапкер Н[...], оның өкілі Е[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...] ортақ мүлік деп тану, үлесін анықтау және мүліктің құнын ақшалай өндіру туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысын қайта қарау туралы жауапкер Н[...] келтірген өтінішхатын азаматтық іс материалдарын зерделеу арқылы қарап,
А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:
К[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 22 маусымдағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгертіліп, талап қоюдың ортақ мүлік деп тану және үлесін анықтау туралы бөліктері бойынша қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.
Ақтау қаласы, 34 шағын аудан, [...] үй, [...] пәтер (бұдан әрі - даулы мүлік) тараптардың ортақ мүлігі деп танылып, әрқайсысының үлесі ½ мөлшерде тең деп анықталған және талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...] пайдасына өндірілген 400 000 теңге өкілдің көмегіне төленген сот шығысы 200 000 теңгеге азайтылған.
Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Жауапкер Н[...] өтінішхатында апелляциялық сатыдағы соттың
қаулысымен келіспей, істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларын бұзғанын, іс бойынша мән-жайларды дұрыс анықтамағанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Өтінішхат уәждерінде апелляциялық сатыдағы сотпен іс бойынша тапсырылған дәлелдердің толық зерттелмегенін, дұрыс баға бермегенін себебінен заңсыз шешімнің
қабылданғанын, талап қоюшының уәждерінің негізсіз екенін, аталған мүлік некенің бұзылған уақытынан төрт жыл өткеннен кейін өз қаражатына сатып алғанын мәлімдеген.
Сот алқасы іс бойынша жауапкер және оның өкілінің өтінішхатты қолдаған түсініктерін, талап қоюшының дауланған сот актісін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға апелляциялық сатыдағы сот тарапынан жол берілген.
Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, тараптар 2009 жылдан бері бірге тұрған.
2016 жылғы 21 маусымдан заңды некеге тұрған. 2017 жылғы 3 ақпандағы соттың шешімімен неке бұзылған.
Араларында 2009 жылғы 29 тамызда туған Ақбота, 2016 жылғы 1 қыркүйекте туған Жақсылық, 2018 жылы 10 қарашада туған Жайна, 2020 жылы 16 қарашада туған Берекет атты балалары бар.
Қазіргі таңда жауапкердің Банктың алдында банктік қарыз шарты бойынша төленіп бітпеген екі несиесі бар:
2020 жылғы 29 мамырдағы 60 ай мерзімге берілген 4 500 000 теңге несие. 2023 жылғы 5 мамырдағы анықтамаға сәйкес төленбеген сома 3 000 926 теңге;
2021 жылғы 14 желтоқсандағы даулы мүлікті алу мақсатында банктік қарыз шарты жылжымайтын мүлік кепіл шартымен қоса 60 ай мерзімге алынған 6 500 000 теңге несие. 2023 жылғы 10 мамырдағы анықтамаға сәйкес төленбеген сома 5 151 646,65 теңгені құрайды.
2021 жылғы 14 желтоқсанда жауапкер мен Е[...] арасында даулы мүлікті сатып алу-сату шарты жасалған.
Аталған шарттың 3-тармағына сәйкес даулы мүліктің бағасы 15 000 000 теңге болып анықталып, оның 6 710 000 теңге жауапкермен шартқа қол қойғанға дейін төленген, 1 790 000 теңге жауапкердің жинақтаушы зейнетақы қорындағы есепшотынан аударылған, ал 6 500 000 теңге қарыз шарты мен кепіл шартына сай Банкпен төленген.
Талап қоюшының пікірінше аталған жылжымайтын мүлік ортақ деп танылуға жататынын, себебі 2009 жылдан бірге тұрғанын және тек 2022 жылдан бері ғана жауапкерден бөлек тұратынын, даулы пәтерді алу мақсатында ақшаны бірге жинағандарын, қазіргі таңда төрт баламен пәтер жалдап тұратынын, жауапкердің ешқандай материалдық көмек көрсетпейтінін мәлімдеген.
Сонымен қатар, 2022 жылға дейін бірге тұрғанының дәлелі ретінде Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының 2022 жылғы 26 шілдедегі жауапкердің талап қоюшы К[...] ұрып-соғып, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтіріп, қысқа мерзімге бұзылуына әкеп соққаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 73-1-бабының 1-1бөлігімен кінәлі деп танылған қаулысын келтірген.
Бірінші сатыдағы сот, даулы мүлік жауапкердің өз қаражатына заңды некенің бұзылған уақыттан кейін алынған деген тұжырымға келіп, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырылған.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімін өзгерту кезінде, талап қоюшының уәждерін тексере келе аталған пәтер ортақ мүлік болып танылауға жатады деген тұжырымға келіп, талап қоюды ішінара қанағаттандырылған.
Алайда, апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырыммен келісуге болмайды.
Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің (бұдан әрі ‑ Кодекс) 33-бабының 1-тармағына сәйкес ерлi-зайыптылар некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезінде жинаған мүлiк олардың бiрлескен ортақ меншiгi болып табылады.
Кодекстің 38-бабының 1-тармағына сай егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу және осы мүлiктегi үлестерiн айқындау кезiнде ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады.
АПК-нің 15-бабына сәйкес азаматтық сот ісін жүргізу тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы негізінде жүзеге асырылады. Сот объективтілікті және бейтараптылықты сақтай отырып, процеске басшылықты жүзеге асырады, тараптардың істің мән-жайларын толық және объективті зерттеуге арналған процестік құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайлар жасайды.
Іс материалдарындағы даулы мүлікті сатып алу-сату шартына сәйкес жауапкер мүлікті жеке меншігіне сатып алғаны анықталған.
Талап қоюшының жылжымайтын мүлікке қосқан үлесім бар деген уәждері сотта өз дәлелін таппады. Ал, жауапкер жеке өзінің табысына және несиеге пәтерді алғанын растайтын құжаттарды сотқа толығымен ұсынған.
Сонымен қатар, тараптардың арасында азаматтық некенің болуы олардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін туғызбайды, яғни ерлізайыптылардың ортақ мүлкі азаматтық некеде болған кездегі қатынастарға қолданылмайды.
Істің мұндай тұрғысында, талап қоюшының даулы несиені ортақ деп тану туралы талабы негізсіз, себебі тараптар заңды некеде болмаған және жауапкермен Банк алдындағы рәсімделген кепіл шарты туралы заңды мүдделеріне әсерін тигізеді.
Осыған орай, сот алқасы соттардың талап қоюшының талаптарын қанағаттандыруға заңды негіздер жоқ деген тұжырымға келеді.
Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде, апелляциялық сот алқасының бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертіп, талап қоюдың ортақ мүлік деп тану және үлесін анықтау туралы бөліктері бойынша қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған сот актіcі жойылуға жатады.
Сонымен қатар, АПК-нің 109-бабына сәйкес кассациялық сатыдағы өтінішхат беру кезінде талап қоюшыдан жауапкердің пайдасына 83 623 теңге сомасында төленген мемлекеттік баж өндіріп алуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Маңғыстау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 тамыздағы қаулысының күші жойылсын.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының № 2 сотының 2023 жылғы 22 маусымдағы шешімі күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы К[...] жауапкер Н[...] пайдасына 83 623 (сексен үш мың алты жүз жиырма үш) теңге мемлекеттік баж ретінде төленген сот шығысы өндірілсін. Жауапкер Н[...] өтiнiшхаты қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші: Б.Ж. Тоқтарова
Судьялар С.А.Әбдірахманов Е.Ж.Айтжанов
Көшірмесі дұрыс Судья Е.Ж.Айтжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.