6001-24-00-3г/5447(2)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 25 қараша Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж.Бектұрғанов
талап қоюшы Нұржан Бекмаханбетович Қалдарбековтың жауапкер «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының Шардара аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің «Достық жалпы орта мектебі»» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Достық жалпы орта мектебі) бұйрықты жарамсыз деп танып, оның күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген күндеріне жалақыны, моральдық шығынды өндіру туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі соталқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілі Е. Басқынбектің келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Н. Қалдарбеков сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген. Шардара аудандық сотының 2024 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
Достық жалпы орта мектебінің Н. Қалдарбековты жұмыстан босату туралы 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Н. Қалдарбеков Достық жалпы орта мектебінің директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастырылған.
Достық жалпы орта мектебінен Н. Қалдарбековтың пайдасына 2 304 888,70 теңге жалақысы өндірілген.
Достық жалпы орта мектебінен Н. Қалдарбековтың пайдасына 100 000 теңге моралдық зиян өндірілген.
Сот шығыстарын бөлу туралы мәселе шешілген.
Талап қоюдың қалған бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысымен сот шешімі өзгертілген.
Сот шешімінің Достық жалпы орта мектебінің Н. Қалдарбековты жұмыстан босату туралы 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығы заңсыз деп танып, күшін жою, талап қоюшыны Достық жалпы орта мектебінің директордың бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта орналастыру, жауапкерден Н. Қалдарбековтың пайдасына 2 304 888,70 теңге жалақысын, 100 000 теңге моралдық зиянды өндіру, мемлекет
пайдасына 23 049 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы бөлігінің күші жойылған.
Бұл бөлігінде Н. Қалдарбековтың талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.
Сот шешімінің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған апелляциялық сатыдағы сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Достық жалпы орта мектебінде 2002 жылғы 1 қарашадан бастап мектеп директорының бейіндік ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған.
Мектеп директорының 2023 жылғы 31 тамыздағы № 30 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Еңбек кодексі) 52-бабының 8) тармакшасына сәйкес жұмыста бір жұмыс күні ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат болмағаны үшін жұмыс берушінің бастамасы бойынша жұмысынан босатылған.
Бұйрыққа 2023 жылдың 11, 29 тамызда жасалған актілер негіз болған.
2023 жылғы 11 тамызда мектеп директорының міндетін атқарушы Қ. Сейткасимовтың және басқа қызметкерлерінің қатысуымен жасалған актіде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін және сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін жұмыста болмағаны көрсетілген. Осы күнмен жасалған басқа актіде мектептегі бастауыш сыныптың пән мұғалімі Қ. Орынбасарова мен кәсіподақ төрағасы Д. Бастаров осы күні сағат 11:45 шамасында талап қоюшының М. Әуезов көшесінің бойындағы «Бақыт» дүкенінің алдында ұялы телефонмен сөйлесіп тұрғанын көргендерін растаған.
2023 жылғы 29 тамызда мектеп қызметкерлерінің қатысуымен жасалған актіде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда жұмыста себепсіз болмау туралы актінің негізінде түсініктеме сұратылғаны, ол туралы 2023 жылғы 18 тамызда тапсырыс хатпен мекен-жайына хат жолданғаны, алайда осы уақытқа дейін қандай себептермен жұмыста болмағаны туралы ақпаратты, түсініктемені ұсынбағаны көрсетілген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды ішінара қанағаттандыра отырып, талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда жұмыста дәлелді себептермен болмағанын мектепте оқу жылының басталмағанымен және тісі ауырып дәрігерге көрінгенімен негіздеген. Бұған дәлелдеме ретінде талап қоюшының 2023 жылғы 11 тамызда «созылмалы периодонтің қабынуы, периоцит белгілері» диагнозымен тіс дәрігерінің қабылдауында болғаны жөніндегі «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-нің дәрігері З. Давренованың 11 тамыз 2023 жылғы 11 тамыздағы № 20 санды анықтамасына сілтеме жасаған.
Апелляциялық сатыдағы сот, бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, 2023 жылғы 11 тамыз жұмыс күні болғандықтан, талап қоюшы бұл күні жұмыс орнында болуға міндетті болғанын, «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-мен талап қоюшының уақытша еңбекке жарамсыздығын растайтын, оны жұмыстан босатуға негіз болатын № 027/у нысандағы электронды немесе қағаз жүзіндегі анықтама берілмегенін негізге алып, талап қоюшының жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, жалақысын және моралдық зиянды өндіру туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген қорытындыға келген.
Өтінішхат иесі өтінішхатта апелляциялық сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, «Orynbassarov Dent Group» ЖШС-нің дәрігері З. Давренованың 2023 жылғы 11 тамыздағы № 20 анықтамасына сай Н. Қалдарбеков 2023 жылғы 11 тамызда тіс дәрігерінің қабылдауында болғанын растайтынын көрсеткен.
«Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті» РММ-нің 2024 жылғы 7 ақпандағы № 251-25/262 санды хатының мәтініне сәйкес жоғарыда көрсетілген анықтаманың шынайылығын күмән келтірмеген, тек анықтама нысаны министрлік бұйрығымен белгіленген № 027/у анықтама нысанында берілмегені туралы ақпаратты қамтыған. Аталған хат бірінші сатыдағы сотта дәлел ретінде зерттелмеген. Өтінішхат иесінің пікірінше, апелляциялық сатыдағы сот алқасы Еңбек кодексінің 65-бабының 2-тармағының талаптарына сәйкес жұмыс берушінің түсініктеме сұратпауына байланысты мүлде құқықтық баға бермеген.
Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 14 мамырдағы қаулысына талап қоюшының өкілі Е. Басқынбектің келтірген өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін.
Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.
Судья М.Бектұрғанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.