ВС РК - Постановление от 22.02.2022 по делу 6001-22-00-3гп/13 (Гражданское)

6001-22-00-3гп/13

Қ А У Л Ы

2022 жылғы 22 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында

төрағалық етуші Н.К.Шәріпов,

судьялар Ғ.Ж.Мырзаке, Н.Қ.Сұлтанов,

«Атырау облысының Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...],

«ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі

С[...],

аудармашы М[...] қатысуымен,

мобильді бейнебайланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы «Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық ісі бойынша қабылданған

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 мамырдағы қаулысын қайта қарау туралы «ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы:

«Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесі, кейін Атырау облысы әкімдігінің 2020 жылғы 30 желтоқсандағы №292 қаулысымен «Атырау облысы Қаржы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қосу жолымен қайта ұйымдастырылған, (бұдан әрі - Мекеме) жауапкер «ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін (бұдан әрі - Серіктестік) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Серіктестік мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған.

Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Серіктестік өтінішхатта жергілікті соттар істі қарау барысында іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымының дұрыс айқындамағанына және анықтамағанына, материалдық және процестік құқық нормаларының

бұзылғанына сілтеме жасап, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, Мекеменің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Сот алқасы іс бойынша жауапкер өкілінің өтінішхатты қолдаған түсінігін, талап қоюшының сот актілерін күшінде қалдыру туралы пікірін тыңдап, өтінішхаттың уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жергілікті соттар тарапынан жол берілген.

Азаматтық іс құжаттарынан анықталғандай, 2020 жылдың 10 тамызында Мекеме (ұйымдастырушы) «Атырау облысы, Индербор кенті, Көктем шағын ауданында [...] пәтерлі бес қабатты он тұрғын үйдің құрылысы. Сыртқы желілерсіз және жетілдірусіз 7.1 позициялы тұрғын үй құрылысы» жұмысты мемлекеттік сатып алуға ашық конкурс өткізу туралы хабарландыру жариялаған.

2020 жылғы 2 қыркүйектегі ашу хаттамасы бойынша конкурсқа қатысу туралы өтінімдерін «ЕА[...]» ЖШС-і, «УС[...]» ЖШС-і және «ГС[...]» ЖШС-і әлеуетті өнім берушілер тапсырған.

Серіктестік конкурстық құжаттамада біліктілік талаптарын растайтын: 2011 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, [...] бес қабатты тұрғын үй, 2013 жылы Алматы облысы, [...] бес қабатты тұрғын үй, 2014 жылы Алматы қаласы, [...] тоғыз қабатты тұрғын үй құрылыстарында мердігер болғандығы жөнінде орындалған жұмыстарды қабылдау актілерін және объектілерді пайдалануға қабылдау актілерін ұсынған.

Әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа қатынасу өтінімдерінде қамтылған мәліметтерді нақтылау барысында Мекеме жоғарыда аталған құрылыс нысандарының тапсырыс берушілеріне жолдаған сұраныс хаттарға берген жауаптарында Серіктестік мердігер болып қатынаспағаны анықталған.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 1-тармағы бойынша біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілер немесе өнім берушілер осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізіледі.

Көрсетілген талаптарға сай Мекеме осы талап қою арызымен сотқа

жүгінген.

Заңның 12-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына және 8-тармағына сәйкес біліктілік талаптары және (немесе) конкурстық баға ұсынысына әсер ететін құжаттар бойынша анық емес ақпарат берген әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімі заңды күшіне енген сот шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.

Аталған нормаға сілтеме жасап, жергілікті соттар Серіктестікті

мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп таныған.

Алайда, соттардың мұндай тұжырымдарымен келісуге болмайды.

«Сот шешімі туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 шілдедегі №5 нормативтік қаулысының 5-тармағында АПК-нің 224бабына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс екендігі түсіндірілген.

Шешiм iс жүргiзу құқығының нормалары сақтала отырып және осы құқықтық қатынасқа қолдануға жататын материалдық құқық нормаларына толық сәйкестiкте шығарылғанда немесе ұқсас қатынасты реттейтiн заңның қажеттi негiздерiн қолданғанда не азаматтық заңнаманың жалпы бастауларынан және мәнiнен, адалдық, парасаттылық пен әдiлдiк (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК-нің 5-бабы және АПК-нің 6-бабы) талаптарынан туындағанда, заңды болып табылады.

Осы іс үшін маңызы бар фактілерден, олардың қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы туралы заңның талаптарын қанағаттандыратын сот зерттеген дәлелдемелермен расталған немесе дәлелдеуді қажет етпейтін және жиынтығында дауды шешу үшін жеткілікті жалпыға мәлім мәнжайлардан тұратын шешім негізді болып саналады.

Апелляциялық сатыдағы сот АПК-нің 412-бабына сәйкес апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты бойынша істе бар және осы Кодекстің 413бабы 2-бөлігінің талаптарына сәйкес ұсынылған материалдар бойынша істің нақты мән-жайларын анықтаудың, материалдық құқық нормаларын қолдану мен түсіндірудің дұрыстығын, сондай-ақ істі қарау және шешу кезінде азаматтық процестік заң нормаларының сақталуын тексереді.

Жергілікті соттармен жоғарыда келтірілген құқық нормалары сақталмаған. Соттардың талап қоюдың негізділігі туралы тұжырымдары істің белгіленген мән-жайларына сәйкес келмейді, дұрыс қолданылмаған материалдық құқық нормаларымен негізделген.

Тараптар арасындағы қарым-қатынастар мемлекеттік сатып алудан туындайды, осы себептен іске қатысушылар сотқа ұсынған делелдемелерге мемлекеттік сатып алу туралы заңнамада белгіленген тәртіптер мен ерекшіліктерге сай құқықтық баға берілуге тиіс.

Заңның 9-бабы 1-тармағының 5) тармақшасына сәйкес жұмыс тәжірибесі әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарының бірі болып табылады.

Көрсетілген баптың 3-тармағына сай әлеуетті өнім беруші өзінің біліктілік талаптарына сәйкестігін растау үшін мемлекеттік сатып алуды

ұйымдастырушыға мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларында көзделген тиісті құжаттарды ұсынады.

Заңның 10-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында біліктілік талаптары туралы жалған ақпарат беру фактісін анықтау әлеуетті өнім берушіні біліктілік талаптарына сәйкес емес деп тану үшін негіздердің бірі болып табылатыны көзделген.

Бұл ретте, соттар әлеуетті өнім берушінің лицензиясы және (немесе) рұқсаты мемлекеттік сатып алу нысанасы бар деп танылған жағдайларда әлеуетті өнім берушінің жұмыс тәжірибесіне қойылатын біліктілік талабы қолданылмайтынын назарға алмаған.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 4-тармағы бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызметпен айналысу құқығына лицензия берудің ерекше шарттары «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен айқындалады. Лицензияға қосымшада лицензия берудің ерекше шарттары ретінде аталған Заңға сәйкес лицензиат санаты көрсетіледі. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 32-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкес сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жекелеген қызмет түрлері Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиялануға жатады.

Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау қызметін және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыру үшін жеке және заңды тұлғалар мынадай санаттарға бөлінеді:

I санат - осы тармақта аталған, қолда бар лицензиясы шеңберінде барлық жауапкершілік деңгейлеріндегі объектілерде қызметті жүзеге асырады; II санат - осы тармақта аталған, екінші және үшінші жауапкершілік деңгейлеріндегі объектілерде қызметті, сондай-ақ қосалқы мердігерлік шарттары бойынша қолда бар лицензиясы шеңберінде бірінші жауапкершілік деңгейіндегі объектілерде жұмыстарды жүзеге асырады; III санат - осы тармақта аталған, техникалық қиын емес екінші және үшінші жауапкершілік деңгейлеріндегі объектілерде қызметті, сондай-ақ қосалқы мердігерлік шарттары бойынша қолда бар лицензиясы шеңберінде бірінші және екінші жауапкершілік деңгейлеріндегі объектілерде жұмыстарды жүзеге асырады.

Жеке және заңды тұлғаларды белгілі бір санаттарға жатқызуды лицензиар сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобалау қызметіне және құрылыс-монтаж жұмыстарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес лицензияны берген кезде жүзеге асырады және лицензияның қолданылуының ерекше жағдайларында көрсетіледі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген «Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларының» 9-тармағының 3) тармақшасына сәйкес геологиялық (гидрогеологиялық және инженерлі) және сейсмикалық жағдайларға қарамастан, жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) тұрғын үйлер техникалық жағынан күрделілерге жатпайтын жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілерге жатады.

Осыған орай әлеуетті өнім берушінің жарияланған конкурсқа қатысудың нысанасы ретінде II дәрежедегі құрылыс-монтажды жұмыстарын жүргізуге рұқсатының болуы тиіс, сол себептен Заңның 9-бабының 1-тармағының 5)тармақшасында белгіленгендей жұмыс тәжірибесінің болуы мемлекеттік сатып алудың нысанасы болып танылмайды.

Мұндай тұрғыда Серіктестік біліктілік талаптары туралы жалған ақпарат берген әлеуетті өнім беруші деп танылуға, ал Мекеменің бұл туралы талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылуға жатады.

Жергілікті соттар осы істі қарау барысында қолдануға жататын материалдық құқық нормаларын қолданбағаны істің дұрыс шешілмеуіне әкеп соққан.

Осыған орай, осы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күші жойылып, іс бойынша Серіктестікті мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы Мекеменің талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру жөнінде жаңа шешім қабылдануға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Осы азаматтық іс бойынша қабылданған Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы шешімінің, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 18 мамырдағы қаулысының күші жойылсын. Іс бойынша талап қоюшы «Атырау облысының Мемлекеттік сатып алу басқармасы» мемлекеттік мекемесінің жауапкер «ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін мемлекеттің сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдансын.

«ГС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

Н. Шәріпов

Ғ. Мырзаке

Н. Сұлтанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.