КСАД РК - Постановление от 25.06.2026 по делу 6003-26-00-4к/882 (Административное)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 25 маусым №6003-26-00-4к/882 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.А. Манабаева,

судьялар - Н.Е. Нуралыева, Н.М. Кабдрахманова

талап қоюшының өкілі С[...] қатысуымен

ашық сот отырысында Т[...] «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне жазатайым оқиғаны заңсыз деп тану, арнайы тергептексеру актісінің күшін жою және жұмыс берушінің кінәсін 100% деп тану туралы талап қоюы бойынша

Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына мүдделі тұлға «КРЭК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшы жауапкерге жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 14 шілдедегі шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.

Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылған, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығарылған. 2025 жылғы 6 қаңтардағы жазатайым оқиғаны арнайы тергептексеру актісінің жұмыскердің кінәсін анықтауға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған. Жұмыс берушінің кінәсі - 100%, жұмыскердің кінәсі - 0% мөлшерінде белгіленген.

Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Кассациялық шағымында мүдделі тұлға апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюды және бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрайды. Шағымының негіздемесі ретінде апелляциялық сатыдағы сот дәлелдемелерді дұрыс бағаламағанын, жазатайым оқиғаның орын алуында жұмыскердің кінәсін негізсіз жоққа шығарғанын, арнайы тергеп-тексеру актісі мен энергетикалық сараптама қорытындыларындағы оның электр қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны туралы тұжырымдарды ескермегенін, сондай-ақ еңбек заңнамасының жұмыс беруші мен жұмыскердің аралас жауаптылығы туралы ережелерін дұрыс қолданбағанын көрсетеді. Сот жұмыс берушіге 100% жауаптылықты жүктегені негізсіз деп есептейді, істің барлық мән-жайларына тиісті баға бермегенін, материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі бұзылуына жол бергенін көрсетіп, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жоюды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 112 және 115-баптарына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Мүдделі тұлға сот хабарламасын жіберу арқылы тиісті түрде хабардар етілген, алайда кассациялық сатыдағы соттың отырысына келген жоқ.

Мүдделі тұлғаның тиісті түрде хабардар етілгенін ескере отырып, оның дәлелді себептерсіз келмеуі істі кассациялық сатыдағы сотта қарауға кедергі болмайды.

Кассациялық сатыдағы сот талап қоюшының қарсылығын тыңдап, әкімшілік іс материалдарын зерттеп, мынадай тұжырымға келді.

Қазақстан Републикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі -ӘРПК)169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы Кодексте өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот осы іс бойынша мұндай бұзушылықтарға жол бермеген. Еңбек кодексінің 1-бабы 1-тармағының 68) тармақшасына сәйкес жұмыскердің өрескел абайсыздығы жұмыскердің еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға салдарынан оның денсаулығына келтірілген зиянның туындауына немесе ұлғаюына ықпал ететін іс-әрекетті білдіреді.

Еңбек кодексінің 190-бабының 2-тармағына сәйкес жұмыскердің өрескел абайсыздығы анықталған кезде комиссия оның кінәсінің дәрежесін пайызбен белгілейді, бірақ мұндай кінәсі болуы анық және жеткілікті дәлелдемелермен бекітілуі тиіс.

Соттар анықтағандай, 2024 жылғы 12 қарашада Т[...] электр беру желісінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын орындау кезінде ауыр электр жарақатын алған, соның салдарынан оған бірінші топтағы мүгедектік белгіленіп, кәсіби еңбекке қабілеттілігінен 100 пайыз айырылған. Жазатайым оқиға жөндеу жүргізіліп жатқан желі учаскесіне кернеу берілгеннен кейін орын алған.

Департамент бекіткен 2025 жылғы 6 қаңтардағы арнайы тергеп-тексеру актісіне сәйкес жұмыс берушінің кінәсі 70%; жұмыскердің кінәсі 30% мөлшерінде белгіленген.

Еңбек кодексінің 23-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғауды қамтамасыз етуге, қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға, жұмыскерлерді ұжымдық және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтіндей етіп жұмысты ұйымдастыруға міндетті.

Еңбек кодексінің 182-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыс орындарындағы кез келген тәуекелдердің алдын алу шараларын қабылдауға және еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

Апелляциялық сатыдағы сот жұмыс берушінің жұмыстарды қауіпсіз орындау жағдайларын қамтамасыз етпегенін анықтаған.

Электрмен жабдықтаудың нақты схемасы нақты техникалық құжаттамаға сәйкес келмейтіні, жұмыстарды ұйымдастыруға тиісті бақылау жасалмағаны, бригаданы қажетті мөлшердегі тасымалды жерге қосу құрылғыларымен қамтамасыз етілмегені және жұмыстар жүргізілген учаскеге кернеудің берілу мүмкіндігін болдырмау үшін жеткілікті шаралар қабылданбағаны іс материалдарымен расталады. Бұл ретте, апелляциялық сатыдағы сот талап қоюшының жұмыстарды берілген наряд-рұқсат негізінде орындағанын, жауапты лауазымды тұлғалар оны жұмысқа тиісті түрде жібергенін, өзіне жүктелген тапсырма шегінде әрекет еткенін, бригада қарамағындағы жерге қосу құрылғысын орнатқанын және жұмыстарды бастамас бұрын кернеудің жоқ екеніне көз жеткізгенін басшылыққа алған.

Кассациялық шағымның талап қоюшының әрекеттерінде өрескел абайсыздық болғаны туралы уәждері қабылданбайды.

Арнайы тергеп-тексеру актісі мен энергетикалық сараптама қорытындысында электр қауіпсіздігі талаптарының жекелеген бұзушылықтарының көрсетілуі, өздігінен алғанда, жұмыскердің өрескел абайсыздығы бар деген тұжырым жасауға негіз бола алмайды, өйткені іс материалдарымен белгіленген мән-жайлар жұмыстардың жұмыс беруші тарапынан өндірістік процестің дұрыс ұйымдастырылмауы жағдайында орындалғанын дәлелдейді. Бұл ретте, іс материалдарында талап қоюшының жұмыстарды ұйымдастырудағы анықталған кемшіліктерді жоюға немесе жөндеу жүргізіліп жатқан желі учаскесіне кернеудің берілуін болдырмауға нақты мүмкіндігі болғанын растайтын дәлелдемелер жоқ.

Апелляциялық сатыдағы соттың жауапкер жұмыскердің әрекеттері мен туындаған салдарлар арасындағы себеп-салдарлық байланысты дәлелдемегені туралы қорытындысы да негізді болып табылады.

ӘРПК-нің 129-бабының 4-бөлігіне сәйкес дәлелденбеген мәнжайлардың теріс салдары оларды дәлелдеу ауыртпалығы жүктелген тарапқа жүктеледі. Алайда жауапкер дәл осы Т[...] әрекеттері немесе әрекетсіздігі жазатайым оқиғаның туындауына себеп болғанын не оған ықпал еткенін растайтын сенімді дәлелдемелерді ұсынбаған.

Арыз иесінің Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 181-бабына сілтеме жасағаны апелляциялық сатыдағы сот қаулысының заңсыздығын білдірмейді. Аталған нормада көзделген жұмыскердің еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндеті жұмыс берушіні өзіне заңмен жүктелген жұмыстарды қауіпсіз жүргізуді ұйымдастыру жөніндегі міндеттерді орындаудан босатпайды. Бұдан бөлек, іс бойынша анықталған бұзушылықтар жұмыстардың тиісінше ұйымдастырылмауымен, жеткілікті қорғану құралдарының болмауымен және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі кемшіліктермен тікелей байланысты.

Кассациялық шағымның апелляциялық сатыдағы сот арнайы тергептексеру комиссиясының қорытындыларын заңсыз қабылдамағаны және құзыретті органды өзімен алмастырғаны туралы уәждері де негізсіз.

Еңбек кодексінің 188 және 190-баптарына сәйкес арнайы тергептексеру актісінің алдын ала белгіленген дәлелдеу күші болмайды және онда қамтылған қорытындылардың заңдылығы мен негізділігін сот тексеруі тиіс.

Апелляциялық сот жұмыскердің 30 пайыс кінәсі туралы қорытынды жеткілікті дәлелдемелермен расталмағанын және көбінесе жорамалдарға негізделгенін анықтап, осыған байланысты тергеп-тексеру актісін аталған бөлігін заңсыз деп тану туралы тұжырымға келгені негізді.

Шағымның үшінші тұлғалардың кінәсі бар екендігі туралы уәждері де апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларын теріске шығармайды, өйткені мұндай мән-жайлар орын алған жағдайда да жұмыстардың қауіпсіз орындалуын ұйымдастыру және жұмыскерлердің электр тогынан зақымдану қаупін болдырмау міндеті Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23 және 182-баптарына сәйкес жұмыс берушіге жүктеледі.

Осылайша, апелляциялық сатыдағы сот істің барлық мән-жайларын толық әрі жан-жақты зерттеп, процеске қатысушылардың арасында дәлелдеу ауыртпалығын дұрыс бөлген, іс бойынша ұсынылған дәлелдемелерге тиісті құқықтық баға берген және жұмыскердің өрескел абайсыздығы дәлелденбегені, ал орын алған жазатайым оқиғаға жұмыс берушінің айрықша кінәсі бар екендігі туралы тұжырым жасағаны негізді.

Кассациялық шағымның уәждері дәлелдемелерді қайта бағалауға бағытталған және апелляциялық сатыдағы соттың қорытындыларымен келіспейтінін білдіреді, дегенмен, материалдық не процестік құқық нормаларының дұрыс қолданылмағанын көрсетпейді және шағым беріліп отырған сот актісінің күшін жоюға не оны өзгертуге ықпал ететіндей,

Қазақстан Республикасы АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігінде көзделген негіздерді қамтымайды. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қарағанды облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Мүдделі тұлға «КРЭК[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

М. Манабаева

Төрағалық етуші

Н. Кабдрахманова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.