Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 16.06.2026 по делу 6003-26-00-2к/1852 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/1852 іс

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 16 маусым Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Д.Д.Махметова болып, талап қоюшы Г[...], жауапкер өкілі И[...]

аудармашы Қ[...] қатысуларымен, бейне-байланыс құрылғысы арқылы ашық сот отырысында, Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 10 ақпандағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен,

талап қоюшы Г[...] жауапкер Ақтөбе облысының білім басқармасы Ырғыз ауданының білім бөлімі «Ырғыз гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен 1 500 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының шешімі шыққаннан, орындалған аралықтағы еңбекақысын өндіру туралы электрондық азаматтық істі қарап,

Ырғыз аудандық сотының 2025 жылғы 13 қарашадағы шешімімен Г[...] аталған талап қоюы қанағаттандырылып, «Ырғыз гимназиясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінен оның пайдасына 1 500 000 теңге моральдық зиянның өтемақысы және салықтар мен алымдарсыз 2025 жылғы 17 маусымнан 27 тамызға дейінгі лажсыз бос жүрген күндерінің 217 558 теңге еңбекақысы өндірілген.

Сот шығындары бөлінген.

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен бұл сот шешімі өзгертіліп, өндірілген моральдық зиянның өтемақысы 500 000 теңгеге дейін төмендетілген.

Оған апелляциялық сатыдағы соттың моральдық зиянның өтемақысы мөлшерінің істің мән-жайларына сай емес, тым көп мөлшерде белгіленгені жөнінде тұжырымға келуі негіз болған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, сот қаулысының түйіндерімен келіспей, материалдық құқық нормаларының бұзылуына, сот актісінің орындалуының созбалаңға салынуынан өзіне келтірілген моральдық зиянның дәрежесіне дұрыс баға берілмеуіне, оның мөлшерін төмендетуге негіз болмағандықтан, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.

Жауапкер кассациялық шағымға байланысты пікірінде, бірінші сатыдағы сотпен дауды шешуде еңбек заңнамасы нормалары негізсіз қолданылуына, сот актісін орындамауға байланысты тек әкімшілік жауапкершілік көзделуіне, сот актісін уақытылы орындау үшін барлық шаралар қабылданғандықтан, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі бар дәлелдемелерді зерттеп, сотқа қатысушылардың түсініктерін тыңдап, тек кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексерiп, оның уәждерін талқылап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Істі қарауда апелляциялық сатыдағы сотпен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі-АК) 917бабының 1-тармағына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүлiктiк немесе мүлiктiк емес игiлiктерi мен құқықтарына заңсыз iс-әрекеттермен (әрекетсiздiкпен) келтiрiлген (мүлiктiк және (немесе) мүлiктiк емес) зиянды, оны келтiрген тұлға толық көлемiнде өтеуге тиiс.

АК-тің 951-бабының талабы бойынша моральдық зиян деп азаматтың өзіне тиесiлi жеке мүлiктiк емес игiлiктер мен құқықтарын құқыққа қайшы бұзу, кемсiту немесе олардан айыру салдарынан басынан кешірген жан азабын немесе тән азабын түсiну қажет.

АК-нің 952-бабына сәйкес моральдық зиян ақшалай нысанда өтеледi.

Моральдық зиянның мөлшерiн анықтаған кезде жәбірленушінің не оған қарсы жасалған құқық бұзушылық салдарынан ол қайтыс болған жағдайда жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) келтiрiлген адамгершiлiк залалдың ауырлығын субъективті бағалауы да, сондай-ақ жәбiрленушiнiң не ол қайтыс болған жағдайда оның жақын туыстарының, жұбайының (зайыбының) жан азабы мен тән азабының дәрежесiн дәлелдейтiн объективтi деректер де: қол сұғу объектiсi болған игiлiктiң (өмiр, денсаулық, ар-ождан, қадiр-қасиет, бостандық, тұрғын үйге ешкiмнiң тиіспеуi және т.б.) өмірлiк маңыздылығы, өзге де назар аударуға тұратын мән-жайлар ескерiледi.

Тараптар арасында даудың туындауына негіз болған істің мән-жайлары шағым берілген сот актілерінде толық баяндалғандықтан, олар осы қаулыда қайталап көрсетуді қажет етпейді. Г[...] талабы жауапкермен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 маусымдағы қаулысының орындалуының созбалаңға салынуынан конституциялық құқығы бұзылғанына негізделген.

Бұл ретте апелляциялық сатыдағы сотпен Г[...] талап етілген мөлшерде моральдық зиянның келтірілгені расталмағандықтан оның мөлшерін АК-нің 951-952-баптарының талаптарына сай талап қоюшының жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына байланысты нақты мән-жайларды, келтірілген

адамгершілік азаптарының дәрежесін және зардаптарының ауырлығын ескере отырып айқындалған.

Одан бөлек, шешім қабылдауда Г[...] 2025 жылғы 27 тамызда жұмысқа қабылданғаннан кейін, арызына байланысты оған 2 қыркүйектен 1 желтоқсанға дейін демалыс берілгені, кейіннен өз еркімен 2026 жылғы 6 қаңтарда жұмыстан босатылғаны, яғни жұмысқа қайта алынғаннан кейін жұмыс жасамағаны, еңбек қатынастарының талап қоюшының бастамасымен тоқтатылғаны ескерілген.

Жалпы, өтемақы мөлшерін айқындау бөлігінде келіспеу туралы шағымның дәлелдерін назарға алуға болмайды, себебі бұл мәселені шешу соттың субъективті пікірі болып табылады.

Осы мән-жайларға байланысты сот актісіне өзгерістер енгізуге не оның күшін жоюға заңда көзделген негіздер болмағандықтан, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, кассациялық сот

Ақтөбе облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 10 ақпандағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Джаппарова

Судьялар

Д.Махметова

А.К.Есдаулетов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.