6кп/66
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 29 желтоқсан
Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - судья Н.Ө.Жолдасбеков,
судьялар Е.М.Мәукен, Б.Б. Шермұхаметов болып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының аға прокуроры Т[...],
Астана қаласының Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының өкілі Б[...],
адвокат М[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланысы арқылы Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 22 ақпандағы және Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
К[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 22 ақпандағы қаулысымен К[...] ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған.
ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес К[...] тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы мәселені шешу үшін Ақмола облысының прокуратурасына құқық бұзушылықтар туралы материалдарын жібере отырып, әкімшілік қамауға алу түріндегі жазаны өтеуден босатылған. Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқа төрағасының ұсынуында соттардың құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділіктің бұзылуына байланысты кассациялық тәртіппен іс бойынша шығарылған сот актілерін қайта қарауды сұраған. Ұсынуды қолдап, оны қанағаттандыруды сұраған адвокатты, керісінше ұсынуды қолдамай, сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған уәкілетті органның өкілінің пікірлерін тыңдап, сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдауды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот алқасы төмендегі тұжырымға келеді.
Іс материалдарына сәйкес, 2021 жылдың 7 наурызында К[...] Нұр-Сұлтан қаласында Иманов көшесімен Республика даңғылынан Уәлиханов көшесіне қарай көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқарған. Аталған мән-жай 2021 жылдың 31 наурызында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыруға негіз болған. Жергілікті соттар істі қарау нәтижесі бойынша К[...] әкімшілік құқықбұзушылық жасағандығы туралы кінәсі дәлелденген деген қорытындыға келген.
Алайда жергілікті соттардың қаулылары заң талаптарына қайшы келеді.
ӘҚБтК-нің 765-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның (лауазымды адамның) ӘҚБтК-де белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер, сондай-ақ iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша дәлелдемелер болып табылады.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 971 бұйрығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсқаулығының» (әрі қарай – Нұсқаулық) 22, 23-бөліктеріне сәйкес бейнетіркегішті қосу қызметтік міндетті орындау сәтінен бастап, ол аяқталғанға дейін үздіксіз жүргізіледі. Аудиобейнежазбаны жүргізу процесінде ішкі істер орган қызметкерінің де, құқық бұзушының да барлық іс-қимылдарына, оның ішінде материалдарды толтыруға және құқық бұзушыны ішкі істер органға жеткізуге, сондай-ақ борттық журналда немесе қызметтік кітапшада тиісті жазба жүргізе отырып, "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз етуі жөніндегі нұсқаулығын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 10 қбпү бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13410 тіркелген) көлік құралдарын тоқтатуға тіркеу жүргізіледі. Нұсқаулықтың 24-бөлігіне бейнетіркегіштегі, есте сақтау картасындағы және радардағы бар жазбаны өз бетімен жоюға, сондайақ бейнетіркегішті өз бетімен ажыратуға және аудиобейнежазбаны жүргізуге кедергі келтіруге жол берілмейді, жол берген заң бұзушылық үшін ішкі істер органның қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылады.
Ө[...] К[...] көлік құралын басқарғанын жоққа шығарады. Көлік құралын тоқтатқан уақытта жолаушы орындығы жағынан шыққанын көрсеткен. Іске тіркелген бейнежазбадан К[...] көлік құралын басқару фактісі, көлік құралын тоқтатқан уақытта оның көлік құралынан шығып жатқан кезі (көліктің қай тұсынан шыққаны) анықталмаған. Бейнежазбаны зерделеуде құқық бұзушының да барлық іс-қимылдары толық көлемде түсірілмегені, бейнетіркегішті полиция қызметкерінің өз бетімен ажыратқаны іс материалдарындағы аудио-бейнежазбалардың үзінділерінен байқалады.
Сонымен қатар, бейнежазбада автокөлікті тоқтатқан полиция қызметкерінің аталған құқықбұзушылық туралы ақпарат камералар арқылы берілді деген. Дегенмен, аталған мән-жай тексерілмеген, қаулыда оған құқықтық баға берілмеген. Осы мән-жай істің басқа да материалдарымен бірге істің дұрыс шешілуі үшін маңызды.
ӘҚБтК-нің 803-бабының 3-бөлігіне сәйкес өзiне қатысты iс қозғалған тұлғаға, сондай-ақ іс бойынша іс жүргізудің басқа да қатысушыларына олардың ӘҚБтК-де көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiлiп, бұл жөнінде хаттамада белгi жасалады.
ӘҚБтК-нің 744-бабына сәйкес өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға хаттамамен және iстiң басқа да материалдарымен танысуға, түсiнiктемелер беруге, хаттаманың мазмұны мен ресiмделуi жөнiнде ескертулер жасауға, дәлелдемелер ұсынуға құқылы.
Аталған заң талаптары уәкілетті органмен сақталмаған, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғаның қатысуынсыз жасалған, оның ӘҚБтК-де көзделген құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiлiп, бұл жөнінде хаттамада белгi жасалмаған.
Уәкілетті органға К[...] тұрақты тұрғылықты мекен-жайы, қызмет орны белгілі бола тұра хаттама сырттай толтырылған. Уәкілетті орган қызметкерінің баянатында хаттама почта арқылы тіркелген мекен-жайына жіберілді деп көрсетілген, алайда іс материалдарында хаттаманың тұрақты тұрғылықты мекен-жайына жолданғаны жөнінде мәлімет жоқ. Аталған мән-жайлар сотпен тексерілмеген. Жоғарыда анықталған мән-жайлар К[...] өтінішхатта келтірген уәждерімен үйлеседі.
ӘҚБтК-нің 781-бабының 1-бөлігіне сәйкес дәлелдеу әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстердi заңды, негiзді және әдiл қарау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, тексеруден және бағалаудан тұрады.
Дәлелдемелерді бағалау – бұл дәлелдемелерді талдау мен синтездеуден тұратын және жеке дәлелдемелердің тиесілігі, жол беруге болатындығы, анықтығы мен маңызы және қабылданған шешімді негіздеу үшін олардың жиынтығының жеткіліктілігі туралы түйінмен аяқталатын логикалық ойлау қызметі. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзудi жүзеге асыратын судья, орган (лауазымды адам) дәлелдемелердi заң мен ар-намысты басшылыққа ала отырып, дәлелдемелердi өз жиынтығында жанжақты, толық және объективтi қарауға негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды. Ешбiр дәлелдеменiң алдын ала белгiленген күшi болмайды. Әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады (ӘҚБтК-нің 784-бабы).
Істің мұндай тұрғысында құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділіктің бұзылғандықтан жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылып, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады.
Істі жаңадан қарау кезінде сот заң бұзушылықтарды жоюға, қосымша материалдарды сұратуға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылуға жатады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 22 ақпандағы және Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы қаулыларының күші жойылсын, іс бірінші сатыдағы сотқа қайта қарау үшін жолдансын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші Н. Жолдасбеков
Судьялар Е. Мәукен
Б. Шермұхаметов
Көшірмесі дұрыс: Судья Н. Жолдасбеков
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.