ВС РК - Постановление от 03.02.2021 по делу 6001-21-00-3ПП/4 (Гражданское)

6001-21-00-3ПП/4

ҚАУЛЫ

2021 жылғы 3 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья С.А.Жармұхамбетова,

судьялар С.Ү.Баймаханов, Н.Ұ.Қайыпжан болып, прокурор У[...],

талапкердің өкілі О[...], жауапкердің өкілі Д[...] қатысуыларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талапкер П[...] жауапкер «Түркістан облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы қызметіне қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын, моральдық зиянды өндіру туралы арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 7 қазандағы қаулысына келтірген Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымен келіп түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

П[...] жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 10 шілдедегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 7 қазандағы қаулысымен шешім өзгертіліп, талап қою арызын ішінара қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Департаменттің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 435-ж/қ бұйрығы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

П[...] Департаменттің патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы лауазымына қайта орналастырылған.

Департаменттен талап қоюшының пайдасына лажсыз бос жүрген күндері үшін 1 169 664 теңге жалақы өндірілген.

Шешімнің моральдық зиянды өндіруден бас тарту бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында іс бойынша қабылданған сот актісі құқық нормаларын түсіндіруде және

қолдануда бірізділікті бұзуына байланысты оны қайта қарау мәселесі қойылған.

Сот алқасы Департаменттің өкілі Д[...] ұсынымды қолдаған түсінігін, талапкердің өкілі О[...] қарсы пікірін, прокурор У[...] ұсыным қанағаттандырылуға жатады деген қорытындысын тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, ұсыным уәждерін талқылай отырып, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабы 6-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, қабылданған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруіндегі және қолдануындағы бірізділікті бұзатын жағдайлар заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.

Аталған іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алған.

Іс материалдарынан анықталғандай, П[...] Департаменттің жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторы лауазымын атқарған.

2020 жылғы 13 наурыздағы қызметтік тергеп-тексеру қорытындысына сәйкес, 2020 жылы 10 наурызда Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасына (бұдан әрі - Басқарма) азамат А[...] арыз түсіп, онда «JAC» МТНБ 0346/13 қызметтік автокөлігін басқарған полиция қызметкерлері оның жол жүру ережесін бұзған інісі А[...] әкімшілік жауапқа тартпау үшін 150 000 теңге бопсалағанын көрсеткен.

Орын алған оқиға бойынша Басқарма қызметтік тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, талап қоюшыны ішкі істер органдары қатарынан шығару жөнінде ұсыныспен Департаменттің тәртіптік комиссиясына жолдаған.

2020 жылғы 7 сәуірде тәртіптік комиссия Департамент басшысына ішкі істер органдары қатарынан шығару туралы тәртіптік жазаны қолдану жөнінде ұсыным жасау туралы шешім қабылдаған.

Департаменттің 2020 жылғы 7 сәуірдегі № 435 ж/қ бұйрығымен қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін П[...] «Құқық қорғау қызметі туралы» Заңның 80-бабының 1-тармағының 12)-тармақшасы бойынша ішкі істер органдарының қатарынан шығарылған. 2020 жылғы 22 сәуірде талап қоюшыға қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 361, 362, 366-баптарымен қозғалған қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігінің 2) тармағымен тоқтатылған.

Бірінші сатыдағы сот П[...] қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанымен, оның әрекетінде қызметтік тәртіпті өрескел бұзу фактісі барын басшылыққа алып, талап қою арызын қанағаттандырусыз қалдырған. Апелляциялық сот алқасы бірінші сатыдағы соттың мұндай тұжырымымен келіспей, сот шешімінің күшін жойып, талапкер полиция

қатарына енді қабылданған жас лейтенант, оның қызметтік мінездемесі жағымды, тәртіптік жазалары жоқ екенін ескере келе, оның іс-әрекеттерінде қызметінен босататындай әдеп кодексінің, мемлекеттік қызмет туралы заңының талаптарын сақтамау және қызметтік тәртіпті өрескел бұзу орын алмаған деп, дауланып отырған бұйрықтың талап қоюшыға қатысты бөлігі заңсыз шығарылған деген тұжырымға келген.

Алайда апелляциялық сот алқасының мұндай тұжырымымен келісуге болмайды.

Істің мән-жайларына сәйкес, П[...] инспектор К[...] бірге 2020 жылғы 10 наурызда Түркістан қаласы аумағында профилактикалық іс-шара жүргізу үшін қызметтік автокөлікпен қызметке түскен.

Сағат 14:15 шамасында жасы кәмелетке толмаған және автокөлікті басқаруға құжаттары болмаған А[...] қосжолақ сызығын автокөлікпен басып жолдың шетіне тоқтаған.

Осы мән-жайларды анықтаған П[...] пен К[...] автокөлікті қызметтік эвакуатормен айыптұраққа қойған. А[...] шақыртуы бойынша айыптұрағына оның туысы, автокөлік иесі А[...] келген.

А[...] автокөліктің құжаттарын алып келемін деген сылтаумен кетіп қалып, Департаменттің өзіндік қауіпсіздік басқармасына барып полиция қызметкерлерінің орын алған жайт бойынша оңды шешім қабылдау үшін 150 000 теңге бопсалағанын мәлімдеген.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» Заңның (бұдан әрі -Заң) 50-бабы 1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес, шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 806-бабы 1-бөлігіне сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталғаннан кейін дереу жасалады. Алайда, П[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы электрондық хаттаманы толтыруға мүмкіндігі бола тұра, А[...] әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасамай, соңғыға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсеткен.

2014 жылғы 31 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдары қызметкерлерінің әрекеттерін және қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтардың жасалу фактілерін тіркеу үшін техникалық құралдарды пайдалану нұсаулығын бекіту туралы» №971 бұйрығының 24тармағына сәйкес, бейнетіркегіштегі, есте сақтау картасындағы және радардағы бар жазбаны өз бетімен жоюға, сондай-ақ бейнетіркегішті өз бетімен ажыратуға және аудиобейнежазбаны жүргізуге кедергі келтіруге жол берілмейді, жол берген заң бұзушылық үшін ІІО қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

П[...] аталған бұйрықтың талаптарын өрескел бұзып, осы оқиға кезінде бейнетіркегішті пайдаланбаған.

Заңның 44-бабы 6-тармағына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің осы заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.

Бұл ретте бірінші сатыдағы соттың тұжырымдары заңды және негізді, материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданылған, сәйкесінше апелляциялық сатыдағы сот тарапынан істі дұрыс қарау және шешу үшін маңызы бар бұл мән-жайларға тиісті құқықтық баға берілмеген. Яғни, апелляциялық сатыдағы сот алқасы заң талаптарын өрескел бұзып, талап қою арызды ішінара қанағаттандыру туралы заңсыз шешім қабылдаған. Істің бұл тұрғысында бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылуға тиіс.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 2) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2020 жылғы 7 қазандағы қаулысының күші жойылып, Түркістан қалалық сотының 2020 жылғы 10 шілдедегі шешімі күшінде қалдырылсын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

С. Жармұхамбетова

Судьялар

С. Баймаханов

Н. Қайыпжан

Көшірмесі дұрыс Судья С. Жармұхамбетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.