ҚАУЛЫ
2023 жылғы 17 тамыз 6001-23-00-6ап/498 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ғ.Ө.Әлжанов, Е.Д. Өміралиев болып,
мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкіліА.Т[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Е[...] жауапкер «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Түркістан облысы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) 2021 жылғы 21 маусымдағы №472 бұйрықты заңсыз деп тану және лауазым иесін 2011 жылғы №2020 әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясының төрағасымен бекітілген тұрғын үйге мұқтаждар тізімін басшылыққа алып, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға міндеттеу туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешіміне, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысына талап қоюшының келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюлармен сотқа жүгінген. Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешімімен талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп күшін жоюды сұраған.
Талап қоюшы және жауапкер, немесе олардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Мүдделі тұлғаның өкілін пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Істің мән-жайларына қарағанда Департамент бастығының 2021 жылғы 21 маусымдағы №472 бұйрығымен әскери қызметші Е[...] тұрғынжайға мұқтаж деп танылған күннен бастап, яғни 2018 жылдың 28 ақпанынан 2021 жылдың 9 маусымына дейінгі мерзімде 2 207 675 теңге көлемінде тұрғын үй төлемдері төленген.
Талап қоюшы осы төлемдерін алып, бірақ өзінің 2011 жылғы 28 қазанда тұрғынжайға мұқтаж деп танылғанын көрсетіп, осы уақыттан бастап 2018 жылдың 28 ақпанына дейінгі кезеңде тұрғын үй төлемдері төленуі тиіс екенін көрсетіп, жоғарыда аталған бұйрықты даулаған.
Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырғанда тараптардың ұсынған құжаттарын зерттеп, талап қоюшының келтірген уәждерін бекітетін дәлелдемелер жоқ екендігін, 2018 жылы 28 ақпанда талап қоюшы әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясының бастығының атына тұрғын үй алу үшін есепке қою жайлы баянат ұсынғанын назарға алған.
Соттардың басқа уәждері мен заң талаптарына сілтемелері сот актілерінде толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін қайта қарауға негіз бола алмайды. ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 21 шілдедегі шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Е[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов
Судьялар Ғ. Әлжанов
Е. Өміралиев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.