№6003-25-00-2к/4081
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 12 қаңтар Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Айкенованың, Н.Б.Ормахановтың,
прокурор Н.А.Молдахановтың,
талап қоюшы Д.Е.Кәрібаевтың және оның өкілдері С.К.Абдигаппаров пен А.И.Садыковтың,
жауапкер өкілі А.А.Бекжановтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Дәурен Ермекбайұлы Кәрібаевтың жауапкер «Қызылорда облысының полиция Департаменті» мемлекеттік мекемесіне тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықты өзіне қатысты бөлігінде заңсыз деп танып, күшін жою, бұрынғы лауазымына қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын өндіру туралы талап қоюы бойынша Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімі мен Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Д.Е.Кәрібаев сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Қызылорда қалалық сотының 2025 жылғы 10 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Шағымда талап қоюшы өкілі іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалып, анықталмағанын, себебі А.Шамшиев Д.Е.Кәрібаев пен А.Аптихановқа қатысты арызды мәжбүрлі түрде жазғанын, өз еркімен жазбағанын және аудиожазба А.Шамшиевпен ішкі істер органына ұсынылмағанын, Д.Е.Кәрібаев өзінің қызметтік міндеттерін орындап өрескел заң бұзушылыққа жол бермегенін, оқиға болған күні А.Аптиханов пен А.Шамшиевтың әнгімесіне араласпай, өзінің уялы телефонымен сөйлесіп тұрғанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот
iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 12), 13) тармақшаларында қызметкер қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады делінген.
Талап қоюшы Д.Кәрібаев Қызылорда облысының полиция Департаментінің (бұдан әрі - Департамент) Қызылорда қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің (бұдан әрі-ҚПБ КПБ) жедел уәкілі лауазымын атқарған.
Анықталғаны, 2024 жылғы 17 қыркүйекте Департаменттің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына (бұдан әрі - ӨҚБ) азамат А.Шамшиев арызданып, онда жедел уәкілдер А.Аптиханов және талап қоюшы өзіне қылмыстық істі қысқартып беретіні жайлы айтып, өзінен қайта-қайта үй жағына келіп, көліктеріне отырғызып алып, 350 000 теңге ақша сұрап жүргенін, олардың ісәрекеттерін дәлел ретінде аудиожазбаға жазып алғанын, арызына қоса ұсынатынын көрсетіп, аталған тұлғаларға шара көруді сұраған.
2024 жылғы 19 қыркүйектегі қызметтік тексеру қорытындысымен талап қоюшының қызметтік тәртіпті өрескел бұзып, қызметтік өкілеттігін жеке басының пайдасы үшін пайда күнемдік мақсатта пайдалана отырып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді тиісінше орындамай заң бұзушылыққа жол бергені толығымен дәлелденді деп есептеліп, тәртіптік жауапкершілігін Департаменттің тәртіптік комиссиясында қарауға ұсынылған.
2024 жылғы 19 қыркүйектегі №231 тәртіптік комиссияның шешімі бойынша талап қоюшы Заңның 16-бабының 1-тармағының 4),5),7) тармақшаларының және Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары, азаматтық қорғау органдары және мемлекеттік фельдъегерлік қызметі қызметкерлерінің әдеп кодексінің (бұдан әрі –Әдеп кодексі) 3,4-тарауының талаптарын бұзып, теріс қылық жасағаны үшін, оны құқық қорғау органынан шығару түріндегі тәртіптік жаза жариялауды ұсынған. Нәтижесінде талап қоюшы Департаменттің 2024 жылғы 19 қыркүйектегі №419 ж/к бұйрығы (бұдан әрі – даулы бұйрық) негізінде Заңның 80-бабы 1- тармағының 12),13) тармақшалары негізінде құқық қорғау органдарынан шығарылған.
Талап қоюшы құқық қорғау органдарынан шығарумен келіспей, сотқа осы талаппен жүгінген.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар Заңның және Әдеп кодексінің талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.
Даулы болып тұрған сот актілерін қабылдау барысында соттар жұмыс берушімен тәртіптік жаза қолдану және оның түрін анықтау кезінде қызметкердің жасаған терiс қылық әрекеттерінің мазмұны мен сипатын, ауырлығын, кiнәлігінің дәрежесiн, өзге де айтарлықтай мән-жайларын ескеріп, талап қоюшының талабы қанағаттандырусыз қалдыруға жатады деген дұрыс тұжырымға келген.
Себебі, талап қоюшымен қызметтік қатынастар Заңға және тиісті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес реттелген.
Іс құжаттарынан талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару Заңның 80-бабы 1-тармағының 12),13) тармақшалары бойынша жүзеге асырылғаны анықталды.
Іс бойынша анықталған мән-жайлар талап қоюшының қызмет бабын жеке пайдакүнемдік мақсатта пайдаланғанын, нәтижесінде азамат А.Шамшиевтың талап қоюшыға шара қолдану жөнінде ӨҚБ-на арыз келтіргенін, ол арыз соңғымен ұсынған сотта зерттелген аудиожазбамен дәлелін тапқанын айғақтайды. Бұл әрекеттер Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметтен шығаруға негіз болып табылады. Яғни құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған деген негіздерге жатады.
Осыған байланысты соттар Департамент талап қоюшыны Заңның 80бабы 1-тармағының 12) тармақшасында көзделген қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны анықталмады деп дұрыс тұжырымға келген.
Мұндай жағдайда кассациялық сот даулы бұйрықта Департамент Заңның 80-бабы 1-тармағының 12) тармақшасына қателесіп сілтеме жасаған деп танып, Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасымен талап қоюшы жұмыстан шығарылған болып есептеледі деп санайды.
Қызметтен шығару туралы даулы бұйрық уәкілетті лауазымды тұлға тарапынан қабылданып, белгіленген тәртіппен рәсімделген.
Талап қоюшыға қатысты қызметтік теріс қылық фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалған, талап қоюшыдан жазбаша түсініктеме алынған, оның құқықтары мен міндеттері түсінідіріліп, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тиісті қорытынды жасалған.
Қызметтен шығару тәртібі мен мерзімдері заң талаптарына сәйкес сақталған.
Жауапкер тарапынан ұсынылған бұйрық, қызметтік тергеу іс құжаттары және өзге де дәлелдемелер талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару кезінде заң талаптарының бұзылмағанын растайды.
Талап қоюшының құқық қорғау органдарынан шығару заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.
Аталған мән-жайларды ескеріп, сот талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару заңды, негізді және уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырылған деген қорытындыға келеді.
Сондықтан талап қоюшыға қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жоюға, бұрынғы лауазымына қайта орналастыруға, лажсыз бос жүрген уақытына жалақысын өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Г.Джаппарова
Судьялар А.Айкенова
Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.