№6003-25-00-2к/5457
ҚАУЛЫ
2026 жылғы 7 сәуір Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Ж.К.Рустембеков, судьялар Л.Б.Мамырбаева, А.О.Тогумбетова,
талап қоюшының өкілі Н.К.Жумадилованың, жауапкердің өкілі А.А.Арапованың қатысуларымен, бейнеконференциялық байланыс арқылы, ашық сот отырысында
талап қоюшы «VIP SERVICE 17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі -ЖШС) жауапкер Музафар Сабирович Валиевке өз бетінше заңсыз салынған қоршауды өз есебінен мәжбүрлі түрде бұзу туралы талап қоюы жөніндегі электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшы өкілінің Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымдарына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы «VIP SERVICE 17» ЖШС аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, Шымкент қаласы, «Қатын көпір» шағын ауданы, Әл-Фараби көшесі, №21 «Б» үй мекенжайында орналасқан, кадастрлық №22-327-043-003 жалпы алаңы - 1, 0926 га жер учаскесінде өз бетінше заңсыз салынған ұзындығы - 61 метр, ені - 3 метр, жалпы алаңы - 183 шаршы метр бетоннан құйылған іргетасы бар қоршауды жауапкердің өз есебінен мәжбүрлеп бұзуды сұраған.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі ұйғарымымен азаматтық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы өкілі кассациялық шағымында соттардың бұл ұйғарымдарымен келеспей, қазіргі сотқа беріп отырған талап қоюда жаңа талаптар қойылғанын көрсетіп, сот ұйғарымдарының күшін жойып, істі мәні бойынша қарау үшін бірінші сатыдағы сотқа жолдауды сұраған.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған түсінігін, жауапкер өкілінің шағымға қарсылығын тыңдап, іс құжаттары мен кассациялық шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі негіздерге байланысты дауланып отырған сот актілерін күшінде қалдыру қажет деген тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі -АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Төменгі сатыдағы соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 277-бабының 2-тармақшасына сәйкес, сот, егер сол тараптардың арасындағы дау бойынша сол нысана туралы және сол негіздер бойынша шығарылған, заңды күшіне енген сот шешімі болса, iс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Іс құжаттарына қарағанда, заңды күшіне енген Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2021 жылғы 15 қазандағы шешімімен дәл осы тараптар арасында, сол мекенжай бойынша орналасқан жер учаскесіндегі бетон қоршауды бұзу арқылы жер учаскесін босату жөніндегі қарсы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Төменгі сатыдағы соттар талап қоюшының қайтадан бір талапты мәлімдеп отырғанын анықтап, аталған азаматтық іс бойынша, іс жүргізуді тоқтатылуға жатады деген дұрыс тұжырым жасаған.
Соттар талап қоюда қолданылған «об обязании освободить земельный участок путем демонтажа бетонного ограждения» және «өз бетінше заңсыз салынған қоршауды өз есебінен бұзуды» деген тұжырымдар мазмұны жағынан бір мағынаға ие екенін, аталған терминдер екеуі де даулы нысанды - бетон қоршауды жою арқылы жер учаскесін босатуды көздейтінін, «Демонтаж» ұғымы техникалық- құрылыс термині ретінде қолданылса, «бұзу» қарапайым қазақ тіліндегі баламасы болып табылатынын дұрыс анықтаған.
Сондықтан соттар аталған айырмашылықтар тек терминологиялық сипатқа ие екенін және талаптың мәнін өзгертпейтінін назарға алған.
Сонымен қатар, сот отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының маманы С.Б.Беркинбаевтың қорытындысына сілтеме жасай отырып, қоршауға қандай да бір қосымша құрылыс жүргізілмегенін, даулы объект сол қалпында қалғанын атап көрсеткен.
Кассациялық сот істің мұндай тұрысында сот ұйғарымдары заңды, олардың күшін жойға негіз жоқ деп табады.
Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 668-бабының 15) тармақшасына сай талап қоюшы іс бойынша іс жүргiзудi тоқтату туралы сот ұйғарымының күшiн жою туралы кассациялық шағымға мемлекеттік баж төлеуден босатылғандықтан, талап қоюшыға төлеген 983 теңге мемлекеттік баж қайтарылуға жатады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 5 қыркүйектегі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 5 қарашадағы ұйғарымдары күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Талап қоюшы «VIP SERVICE 17» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне төленген мемлекеттік баж 983 (тоғыз жүз сексен үш) теңге қайтарылсын.
Төрағалық етуші, судья: Ж.Рустембеков
Судьялар: Л.Мамырбаева
А.Тогумбетова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.