ВС РК - Постановление от 13.02.2024 по делу 6001-23-00-6ап/1911 (Административное)

ҚАУЛЫ

2024 жылғы 13 ақпан 6001-23-00-6ап/1911 Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Е.Ж. Өміралиев, Ғ.Ө. Әлжанов болып,

талап қоюшы У[...] және жауапкер өкілі

Б[...] қатысуларымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы У[...] «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (ары қарай - Департамент) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары үшін төленіп отырған жәрдемақы 2020 жылдың 8 қаңтарынан бастап есептеуді міндеттеу, 2021 жылғы 22 желтоқсандағы жауап хатын заңсыз деп танып, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен зейнеткер ретінде 1,07 айлық есептік көрсеткішті төлеуді міндеттеу, Ұ[...] жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген және ордендермен және медальдармен наградталмаған адам ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі қалпына келтіріліп, төлем жасауды міндеттеу туралы әкімшілік талабы бойынша қабылданған,

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешіміне, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысына талап қоюшы У[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік ісін қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы сотқа аталған талап қоюмен жүгінген. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешімімен әкімшілік талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.

Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысымен шешім өзгеріссіз, жауапкердің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардын сот актілерімен келіспей, істі қарау барысында соттар істің мән-жайларын толық анықтамастан, әділетсіз шешім шығарғанын көрсетіп, сот актілерін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Сот алқасы талап қоюшының кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған уәждерін тыңдай келе, іс материалдарын зерттеп, шағымда келтірілген мән-жайларды тексеріп, келесідей тұжырымдарға келді.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 168-бабының бірінші бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғаны, 2020 жылы берілген №1066927 куәлігіне сәйкес, У[...] жасына байланысты зейнетақы төлемі - 117 513 теңге, базалық зейнетақы төлемі - 34 302 теңге, Ұ[...] соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы - 6 214 теңге тағайындалған болатын.

С[...].У[...] әкесінің Совет-Фин соғысында қаза тапқанын, оны Ауған соғысына қатысқандармен теңестіріп, өзінің асыраушысыз өскені үшін жәрдемақы тағайындап беру туралы талап арызбен Департаменттің ісәрекетін даулап сотқа жүгінген.

Алматы қаласының Медеу аудандық сотының 2021 жылғы 2 маусымдағы шешімімен У[...] талап арызы қанағаттандырылып, «Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің 31 наурыз 2021 жылғы іс-әрекеті заңсыз деп танылған.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымында У[...] жәрдемақы тағайындау 2021 жылғы 31 наурыздан бастап есептелуі керек қажет деп көрсетілген.

2022 жылғы 12 наурызда У[...] «Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Алматы қаласы бойынша филиалына Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы, ауруы салдарынан қаза тапқан (хабар ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары үшін жәрдемақы тағайындау туралы өтінішпен жүгінеді.

2022 жылғы 26 сәуірде Департаментпен аталған жәрдемақыны талап қоюшыға 2021 жылғы 31 наурыздан бастап тағайындау туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар, С.А.О[...] соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақыны төлеу тоқтатылған.

У[...] Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін төленіп отырған жәрдемақы 2020 жылдың 8 қаңтарынан бастап есептеуді міндеттеуді, 2021 жылғы 22 желтоқсандағы жауап хатын заңсыз деп танып, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен зейнеткер ретінде 1,07 айлық есептік көрсеткішті төлеуді міндеттеуді және Ұ[...] жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген және ордендермен және медальдармен наградталмаған адам ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі қалпына келтіріп, төлем жасауды міндеттеуді соттан сұраған.

Соттар талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту шешімін қабылдау кезінде келесі мән-жайларды негізді ескерген.

ӘРПК-нің 1-бабының 3-бөлігінде, егер осы Кодексте өзгеше тәртіп көзделмесе, әкімшілік сот ісін жүргізуде Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) ережелері қолданылады делінген.

АПК-нің 76-бабының 2-бөлігіне сай, соттың бұрын қаралған азаматтық іс бойынша заңды күшіне енген шешімімен немесе қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар тап сол тұлғалар қатысатын басқа да азаматтық істерді талқылау кезінде қайта дәлелденбейді.

2022 жылғы 21 қаңтарда Департамент Алматы қаласының Медеу аудандық сотының 2021 жылғы 2 маусымдағы сот шешімін түсіндіру туралы өтінішпен жүгінген.

Алматы қаласы Медеу аудандық сотының 2022 жылғы 31 қаңтардағы ұйғарымында жәрдемақы тағайындау 2021 жылғы 31 наурыздан бастап есептелуі керек деп көрсетілген.

Осыған орай, жергілікті соттар У[...] Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін төленіп отырған жәрдемақы 2020 жылдың 8 қаңтарынан бастап есептеуді міндеттеу туралы талабын негізді қанағаттандырусыз қалдырған.

«Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңының 7-бабының 19-тармағына сәйкес саяси қуғын-сүргiндер құрбандарына, саяси қуғын-сүргiндерден зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдарға – 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындалады.

Сотта анықталғандай, талап қоюшы У[...] жаппай саяси қуғын сүргіндерден зардап шеккен деп танылмаған, осы орайда оған саяси қуғынсүргіндерден зардап шеккен зейнеткер ретінде 1,07 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы тағайындауға негіздер анықталмады.

Бұдан бөлек, талап қоюшы Ұ[...] жылдарында кемінде 6 ай жұмыс істеген және ордендермен және медальдармен наградталмаған адам ретінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі қалпына келтіріп, төлем жасауды міндеттеуді сұраған.

С.А.О[...] соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы - 6 214 теңге тағайындалған болатын.

Алайда талап қоюшыға 2021 жылғы 31 наурыздан бастап Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары үшін жәрдемақы тағайындалуына байланысты Ұ[...] соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы төлеу тоқтатылған.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы» Заңының 3-бабының 4-тармағы бойынша бір уақытта бірнеше негіздемелер бойынша жәрдемақы алуға құқығы бар адамдарға жәрдемақы олардың қалауы бойынша тек бір негіздеме бойынша ғана төленеді.

Осы орайда, талап қоюшының жоғарыда аталған екі негіздеме бойынша жәрдемақыны бір мезгілде төлеуді міндеттеу туралы талабы негізсіз және заң талаптарына қайшы келеді.

Өз кезегінде талап қоюшыға Ұ[...] соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі үшін берілетін мемлекеттік арнайы жәрдемақы төлеу тоқтатылып, ол өзіне тиімді таңдау жасаған.

Соттардың осы және басқа да негіздемелері сот актілерінде толық көрсетілген және оларды қайталап атап өтудің қажеттілігі жоқ.

АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланып отырған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-ның 169-бабын және АПК-ның 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ: Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 қарашадағы шешімі, Алматы қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 10 мамырдағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы У[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

С. Баймаханов

Судьялар Е. Өміралиев

Ғ. Әлжанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.