Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 18.12.2025 по делу 6003-25-00-2к/3991 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 18 желтоқсан №6003-25-00-2к/3991 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар Даненова А.А., Токсанбаев А.Б., прокурор Камашев А.С., аудармашы Р.А.Таласпаева,

талап қоюшының өкілі А.Тілеуғабылқызы,

жауапкердің өкілі О.Т.Калиев,

үшінші тұлғаның өкілі А.М.Калиакпаров,

бейнеконференцбайланыс арқылы қатысуларымен, ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласының әкімдігінің жауапкер «A-Commercial Buildings» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін жер телімін босатуға міндеттеу туралы талап қоюы бойынша электрондық азаматтық істі Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысына жауапкердің өкілінің келтірген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

«A-Commercial Buildings» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ЖШС, серіктестік) 2016 жылғы 15 тамыздағы сату-сатып алу шарты негізінде Астана қаласы, Нұра ауданы, Достык көшесі 4, мекенжайында орналасқан №1 (НП-1) үш қабатты жылжымайтын мүлік нысанының меншік иесі.

2024 жылғы 20 маусымдағы №122 тексеру актісі негізінде Астана қаласының Жер ресурстарын басқару департаменті аталған объектіде тексеру жүргізіп, жауапкердің өзінің ғимаратына іргелес жерге металл құрылғыларынан терраса орнатып, жерге құқық белгілейтін құжаттарсыз мемлекет меншігіндегі жер учаскесін өз еркімен пайдалану фактісін анықтап, 2024 жылғы 27 маусымда жауапкерге жер учаскесін босату туралы нұсқама берген.

Осы оқиға бойынша серіктестікке қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, оған Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2024 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 319 - бабымен 110 760 теңге айыппұл салынған.

2024 жылғы 30 желтоқсанда Астана қаласы әкімінің №510-3981 шешімімен серіктестікке 0,0231 га жер учаскесі (Достық көшесі, 4 ғимаратқа іргелес орналасқан даулы жер) жалға берілген, оның негізінде №1490 жалға алу шарты жасалып, белгіленген жер учаскесіне серіктестіктің пайдалану құқығы тіркелген. Жер учаскесін жалға беру шартына сай оның нысаналы мақсаты - «Ғимараттар мен құрылымдарды пайдалану және қызмет көрсету».

2025 жылғы 3 наурызда Астана қаласының прокуратурасы Астана қаласының әкіміне оның осы шешіміне қатысты заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама шығарып, онда серіктестікке көршілес жер учаскесі қолданыстағы заңнамаға қайшы түрде берілгенін, 2024 жылғы 25 қаңтарда бекітілген Елорданың Бас жоспарына сәйкес қызыл сызықтан тыс орналасқан жер

учаскесі көлік инфрақұрылымы аймағына жататынын және ол автомобиль көлігі құрылыстарына, инженерлік инфрақұрылым мен байланыс магистралдарына арналғанын, бұл жер учаскесінде құрылыс жүргізуге болмайтынын көрсеткен.

Талап қоюшы талап қоюында жауапкерге жер учаскесін босату туралы нұсқама және хабарлама берілгенін, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалғанын және айыппұл салынғанын, заң талаптарына сай даулы жер учаскесінде құрылыс салуға рұқсат етілмейтінін көрсетіп, мемлекеттік жерді заңсыз салынған террасадан босатуды сұраған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкер «A-Commercial Buildings» ЖШС-і даулы жерді босатуға міндеттелген.

Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымында жауапкердің өкілі жергілікті соттардың істің мән жайын анықтамай, заң нормаларын қате қолданғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыруды сұрайды.

Жауапкердің өкілінің кассациялық шағымды қолдайтын, талап қоюшының өкілінің қарсы пікірлерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын зерделеп, кассациялық сот төменгі тұжырымдарға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі- АПК) 438 - бабының 5 - бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427 - бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Қаралып отырған іс бойынша жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылыққа жол берілмеген.

Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43 - бабының 10-тармағына сәйкес егер облыстың, облыстық маңызы бар қаланың (оның әкімшілік бағынысына берілген аумақта), ауданның жергiлiктi атқарушы органының және кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi.

Қазақстан Республикасы «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 12-бабына сай жер учаскелерін меншік иелері немесе жер пайдаланушылар ғимараттарды (құрылыстарды, ғимараттарды) салу, кеңейту немесе қайта жаңғырту үшін пайдалану тек бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес, сондай-ақ нысаналы мақсатына не сервитутқа, аумақты аймақтарға бөлу тәртібіне, қызыл сызықтар мен құрылыс салуды реттеу сызықтарына, құрылыс салу тәртібі мен құрылыс және пайдалануға беру саласындағы рұқсат беру рәсімдерінің сақталуымен жүзеге асырылады.

Іс бойынша жауапкердің даулы жер телімін өз бетінше иемденіп, жазғы терраса салғаны, террасаны салмай тұрып немесе салып жатқан кезде жергілікті атқарушы органдарға жер учаскесін бөлу және оған құқығын тіркеу туралы арыз бермегені, құрылыс жүргізуге рұқсат алмағаны даусыз анықталған, бұл мән - жайлар өкілетті органдардың тексеру актілері мен хабарламалары және сот қаулысы мен прокурордың нұсқамасы арқылы толық дәлелденген.

Жерді иелену және онда құрылыс жүргізу алдын ала рәсімделуі тиіс, ондай құжаттама жасалмаған жағдайда жерді иелену заңсыз болады және ол жерде орналастырылған құрылыс заңсыз құрылыс ретінде саналады. Жауапкердің осы заң бұзушылықтарға жол берілгеннен кейін ол жерге өзінің жалға алу құқығын рәсімдеуі осы заң бұзушылық болғанын жоққа шығармайды.

Қәзіргі кезде даулы жер жауапкерге өзінің меншігіндегі ғимаратты пайдалану және қызмет көрсету үшін жалға берілгені де ол жерде терраса құрылысын орналастыруға рұқсат беретін құжаттарды алмастырмайды.

Жергілікті соттар істі қарау кезінде маңызы бар мəн-жайлар ауқымын дұрыс айқындаған жəне анықтаған, тараптардың уәждеріне дұрыс баға берген, тиісті заң нормаларын дұрыс қолданған, сот актілері заңды әрі негізді, олардың күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 31 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын, жауапкердің өкілінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Ғ.Бастаубаев

Төрағалық етуші судья

Судьялар

А.Даненова

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.