ВС РК - Постановление от 07.02.2025 по делу 6001-23-00-6ап/2343 (Административное)

№6001-23-00-6ап/2343 Астана қаласы

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 7 ақпан

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы (сот алқасы) құрамында:

төрағалық етуші – алқа судьясы Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж.Өмірәлиев,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «Мәртөбе агрофирмасы» өндірістік кооперативінің (бұдан әрі - Өндірістік кооператив) жауапкер Шымкент қаласының әкіміне (бұдан әрі - Әкім) Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 тамыздағы №1419 қаулысының 6 тармағын заңсыз деп танып, күшін жою, дау келтірілген қаулыны шығару кезінде «Тепличный рай» Агроиндустриалды аймағын құруға байланысты құқықтық қатынастың жоқ екенін тану туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымына, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Өндірістік кооператив жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымымен талап қою арызы қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 шілдедегі ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін, себебі Шымкент қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 1 тамыздағы №1419 қаулысының 6 тармағымен Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, Мәртөбе тұрғын алабында орналасқан кадастрлық нөмірі 19-309-229-105 санды 150 га жер телімін «Тепличный рай» агро-индустриалдық аймақ құруға мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде шешім қабылданғанын, алайда «Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2024 жылғы 29 наурыздағы № ЖТ-2024-03407312 санды жауап хатымен Шымкент қаласының аумағында «Тепличный рай» агро-индустриалдық аймағы құрылмағаны туралы мәлімет алғанын, осы хат негізінде тану туралы талап қойылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, істі бірінші сатыдағы сотқа қарауға жолдауды сұраған. Сотқа қатысушылар мен олардың өкілдері сот алқасының отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерін тексеріп, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Соттар талап қоюды қайтарғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің ( Жер кодексі ) 84-бабының 1-тармағына сәйкес, жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн айрықша жағдайларда, меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімімен мүлiктің тең құны өтелген кезде не сот шешiмi бойынша мәжбүрлеп иелiктен шығарылуы мүмкін.

Жер кодексінің 88-бабының 1-тармағында егер меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың басталуы туралы қаулымен келіспесе не жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт талаптары бойынша онымен келісімге қол жеткізілмесе, жергілікті атқарушы орган жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы талап-арызбен сотқа жүгінуге құқылы екені көзделген.

Дау келтірілген Шымкент қаласының әкімдігінің 2022 жылғы 1 тамыздағы №1419 қаулысының 6 тармағына сәйкес Шымкент қаласы Қаратау ауданы, Мәртөбе тұрғын алабында «Тепличный рай» агроиндустриалдық аймақ құру үшін аталған жерде орналасқан өндірістік кооперативке тиесілі кадастрлық 19-309-229-105 санды 150 га жер телімін мемлекеттің мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы шешім қабылданған.

Істің мән-жайларына қарағанда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін еріксіз иеліктен шығару туралы тараптар арасында келісімге қол жеткізілмеген. Сондықтан дауланып отырған әкімшілік актінің күші жойылған болып, жария-құқықтық қатынастар тоқтатылған болып есептеледі. Бұл жағдайда Әкім жоғарыда аталған заң нормасын пайдаланып жер учаскесінің бөлігін өтемақысыз мемлекеттік мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы талап қою арызымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қаңтардағы шешімімен Әкімнің бұл талап қою арызы қанағаттандырылған. Өндірістік кооперативінің Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, 229 квартал, 105 орамында, кадастрлық №19-309-229-105 алаңы 150 га бөлігі мемлекет мұқтажы үшін өтемақысыз мәжбүрлі түрде иеліктен шығарылған. Сот шешімі заңды күшіне енген.

Істің бұл тұрғысында талап қоюшының талап қоюы әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпайды.

ӘРПК-нің 138-бабының екінші бөлігінің 11) тармақшасына сәйкес іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қарауға жатпаса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.

АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 маусымдағы ұйғарымы, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 15 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «Мәртөбе агрофирмасы» өндірістік кооперативінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Дүсенбаев Судьялар

Ш. Даниярова

Е. Өміралиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.