Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.03.2026 по делу 6003-25-00-2к/3362 (Гражданское)

6003-25-00-2к/3362

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 17 наурыз

Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков,

судьялар А.О.Тогумбетова, Л.Б.Мамырбаева,

прокурор Н.А.Молдахановтың, талап қоюшының өкілі М.Қ. Әмірбектің, жауапкер Г.Р.Юлдашевтің өкілі Н.А. Сейдалиевтің, Төлеби ауданының әкімінің өкілі Е.Ж.Сыздыкпаевтің, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі Ш.Н.Кеңестің қатысуларымен, ашық сот отырысында

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару Департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі-Департамент) жауапкерлер Жумат Медетович Куралбаевке, Кулия Сметовна Куралбаеваға, Гуламжан Рахимжанович Юлдашевке, Дильноза Мирзахметовна Юлдашеваға, Төлеби ауданының әкіміне әкімнің қаулысын және сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі жауапкер Г.Р.Юлдашевтің Түркістан облысының Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешіміне және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап, АНЫҚТАДЫ :

Департамент жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, Төлеби ауданы әкімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №178 Ж.М.Куралбаевке «саяжай құрылысы және бау-бақша үшін» жер учаскесін жеке меншік құқығымен беру туралы қаулысы жарамсыз деп танылған. Ж.М.Куралбаев пен Г.Р.Юлдашевтің арасындағы 2023 жылғы 22 шілдеде жасалған №3973 сатып алу - сату келісім шарты жарамсыз деп танылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Жауапкер Г.Р.Юлдашев кассациялық шағымында бірінші сатыдағы сот іс үшін маңызы бар мəн-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актісінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот тараптарды тыңдап, шешімді күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта

қарауға негiз болады.

Апелляциялық сот мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарына қарағанда жауапкер Ж.М.Куралбаевке Төлеби ауданы әкімінің 2021 жылғы 14 мамырдағы №178 қаулысымен (бұдан әрі - №178 қаулы) Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округінен «саяжай құрылысы және бау-бақша үшін» 0,12 гектар жер учаскесі (бұдан әрі -даулы жер учаскесі) жеке меншік құқығымен табысталып, кадастрлық №19-298-010-1517 сәйкестендіру актісі рәсімделген.

Даулы жер учаскесі нотариус А.Р.Тойчидің куәландыруымен 2023 жылы 22 шілдеде жасалған №3973 сатып алу-сату келісім шартына сәйкес Ж.М.Куралбаевтен зайыбы К.С.Куралбаеваның келісімімен Г.Р.Юлдашевтің зайыбы Д.М.Юлдашеваның келісімімен меншігіне өткен.

Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыруға жататындығы туралы тұжырымын жауапкер Ж.М.Куралбаевке әкіммен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің (өзіндік қосалқы шаруашылықты, бағбандықты, саяжай құрылысын дамыту үшін) жеке меншікке берілуі 2016 жылдан бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанға дейін тоқтатылғанына қарамастан заңсыз табысталғанымен негіздеген.

Сонымен қатар, даулы жер учаскесі Біркөлік елді мекенінде рекреациялық аймақта орналасқаны, жер учаскесінің санаты жағынан ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерге жатататыны, даулы жер ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасының бойында орналасқаны «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің 2025 жылғы 20 маусымдағы анықтамасында көрсетілген.

Апелляциялық сот істің мән-жайын тексеріп, бірінші сатыдағы соттың бұл тұжырымдарымен толықтай келіскен.

Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 97-бабы 6-тармағына (бұдан әрі – Жер кодексі) сәйкес, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер Қазақстан Республикасының азаматтарына өзіндік қосалқы шаруашылықты, бағбандықты және саяжай құрылысын дамыту үшiн жеке меншiкке берілуі 2016 жылдан (02.11.2015ж. қолданысқа енгізілуін тоқтата тұру туралы заңымен) бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылған.

Демек, жоғарыда аталған заң талаптарына сәйкес, жер учаскесі жеке меншiкке берілуі 2016 жылдан бастап 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін тоқтатылғанына қарамастан заңсыз жауапкерге берілген. Кассациялық шағымда салынған объект демалыс орны болып табылатындығын көрсеткен, ал жердің нысаналы мақсаты «саяжай құрылысы және бау-бақша үшін», сондықтан жауапкер Г.Р.Юлдашевтің ол адал ниетті сатып алушы болатындығы туралы уәжі негізсіз.

Сонымен бірге, жер учаскесі бастапқыда заңды бұза отырып берілген, сондықтан жауапкерді адал сатып алушы деп тану мүмкін емес.

Жауапкердің шағымдағы басқа уәждері соттардың қарау нысаны болған және дауланған сот актілерінде оларға тиісті құқықтық баға берілген.

Кассациялық шағымда жаңа фактілер мен негіздемелер келтірілмеген. Істі қарау барысында жергілікті соттардың тарапынан материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына жол берілмеген.

Жауапкердің іс бойынша анықталған мән-жайлармен келіспеуі, дауланып отырған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз бола алмайды. Сондықтан кассациялық сот дауланып отырған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деп санайды.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының Төлеби аудандық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы шешімі және Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 14 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.

Жауапкер Г.Р.Юлдашевтің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

А.О.Тогумбетова

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.