Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 25.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/2176 (Гражданское)

6003-25-00-2к/2176

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 25 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,

арыз берушінің өкілі С.З.Лобянның, шетел азаматы И.П.Муратбаевтың және оның өкілі І.С.Дәнеқұлдың қатысуларымен,

арыз беруші «Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақтау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі халықтың көші қон қызмет басқармасының (бұдан әрі-уәкілетті орган) Өзбекстан Республикасының азаматы Ильясбай Пулатович Муратбаевты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы электронды азаматтық істі шетел азаматы И.П.Муратбаевтың өкілі І.С.Дәнеқұлдың Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешіміне берген кассациялық шағымы бойынша қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Арыз беруші шетел азаматы И.П.Муратбаевты Қазақстан Республикасының заңнамаларын бірнеше рет бұзғаны үшін оны Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы арызбен сотқа жүгінген. Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешімімен арыз қанағаттандырылған. 2002 жылдың 17 сәуірде туылған Өзбекстан Республикасының азаматы И.П.Муратбаев Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарылған және өздігінен кетуге мерзім белгіленген. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.

Шағымданушы қабылданған шешіммен келіспей, оның күшін жойып, арызды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.

Кассациялық шағымды қолдаған шетел азаматы И.П. Муратбаевты және оның өкілі І.С.Дәнеқұлды, шағымға қарсылық білдірген арыз беруші С.З.Лобянды тыңдап, іс құжаттарын, шағымның уәждерін зерделеп, кассациялық сот келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.

АПК-нің 224-бабына сәйкес сот шешiмi заңды және негiздi болуға тиiс.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтар бірінші сатыдағы сот тарапынан орын алған.

Уәкілетті орган ұсынған деректердің негізінде Өзбекстан Республикасының азаматы И.П. Муратбаев Қазақстанда тұру барысында бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, 2025 жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің (әрі қарай –Кодекс) 601бабының 1-бөлігімен (жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), 2025 жылдың 15 сәуірінде Кодекстің 590-бабының 1-бөлігімен (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 2025 жылдың 20 мамырында Кодекстің 590-бабының 5- бөлігімен (көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), 2025 жылдың 10 маусымында Кодекстің 601-бабының 1-бөлігімен (жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), 2025 жылдың 25 маусымында Кодекстің 601-бабының 1-бөлігімен (жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), 2025 жылдың 30 маусымында Кодекстің 601-бабының 1-бөлігімен (жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау), 2024 жылдың 28 шілдесінде Кодекстің 593-бабының 2- бөлігімен (жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) қарастырылған құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылған.

Бірінші сатыдағы сот Уәкілетті органның арызын қанағаттандыру туралы шешімін Өзбекстанның азаматы И.П. Муратбаевтың Қазақстан аумағында тұру кезінде Республика заңнамасын бұзып, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін жауаптылыққа тартылуымен негіздеген.

Кассациялық сот төмендегі негіздер бойынша аталған соттың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтіні, даулы сот актісін қабылдау барысында материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағаны туралы қорытындыға келді.

Уәкілетті орган ұсынған деректерді бірінші сатыдағы сотпен дұрыс зерттемеген, И.П.Муратбаевтың түсініктемелеріне мән қоймаған.

2025 жылдың 20 ақпанындағы, 2025 жылдың 10 маусымдағы, 2025 жылдың 25 маусымдағы, 2025 жылдың 30 маусымдағы жасаған құқықбұзушылықтар «Sergek» қауіпсіздік және көлік саласындағы жолды бақылау жүйесінің негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Аталған құқықбұзушылықтар тоқта сызығын (стоп линия) өтіп кетіп тоқтауына байланысты болған.

Сонымен қатар, 2024 жылғы 26 қырқүйектегі сенімхат негізінде И.П.Муратбаев өзінің иелігіндегі көлікті Б.М.Джумабаевқа көлік құралын айдауға, сонымен бірге сатуға және сенімхатта көрсетілген басқа да әрекеттер атқаруға сенім білдірген.

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар

жөніндегі мамандандырылған сотының 2025 жылғы 10 маусымдағы қаулысымен И.П. Муратбаев Кодекстің 590-бабының 5-бөлігіне сәйкес 20 мамыр 2025 жылғы №254710030043253 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтыру әрекеті заңсыз деп танылған.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды судья белгілеген мерзімдерде келтіруге тиіс.

Уәкілетті орган шетелдікті Республика шегінен тыс шығару қажеттілігін тудыратын мән-жайлар туралы жеткілікті дәлелдемелерді ұсынбаған.

Бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында процестік занның талаптарын сақтамаған.

Нәтижесінде бірінші сатыдағы сот бұл азаматтық істі қарағанда іс үшін маңызы бар мән-жайлардың ауқымын толық айқындамаған, И.П.Муратбаевтың өз құқықтары мен мүдделерін заңмен қорғалуын жүзеге асыруға мүмкіндік жасамаған.

Сондықтан бірінші сатыдағы сот тарапынан заң бұзушылықтарға жол берілгендіктен, іс бойынша дауланған сот актісі заңды және негізді деп тануға болмайды.

Кассациялық сот істің мән-жайын бірінші сатыдағы сот толық және дұрыс анықтаған, бірақ материалдық құқық нормаларын қолдануда қателік жібергендіктен, істі жаңадан қарауға жібермей жаңа сот актісін шығаруға жатады деп есептейді.

Істің мұндай тұрғысында кассациялық сот шешімінің күші жойылуға, арыз беруші «Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақтау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі халықтың көші қон қызмет басқармасының Өзбекстан Республикасының азаматы И.П.Муратбаевты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылуға жатады деген тұжырымға келді.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 8) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Маңғыстау облысы Ақтау қаласының №2 сотының 2025 жылғы 29 шілдедегі шешімінің күші жойылсын.

Арыз беруші «Маңғыстау облысының полиция департаменті Ақтау қаласының полиция басқармасы» мемлекеттік мекемесі халықтың көші қон

қызмет басқармасының Өзбекстан Республикасының азаматы Ильясбай Пулатович Муратбаевты Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығарып жіберу туралы талап қоюы қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім шығарылсын.

И.П.Муратбаевтың өкілі І.С.Дәнеқұлдың кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков

В.Е.Тохтарбаева

Судьялар:

Л.Б.Мамырбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.