Қ А У Л Ы
2025 жылғы 17 желтоқсан №6003-25-00-2к/2864 Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот, құрамында: төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев, судьялар А.Б.Тоқсанбаев, А.А.Даненова,
талап қоюшының өкілі М.С.Идирисовтің қатысуымен ашық сот отырысында талап қоюшы Кулия Елгондиевна Утеулиеваның жауапкер Шымкент қаласы әкіміне, даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлға «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалына, «Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап қоюымен қабылданған Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысына талап қоюшы К.Е.Утеулиеваның кассациялық шағымы бойынша келіп түскен азаматтық істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
К.Е.Утеулиева сотқа аталған талап қоюымен жүгініп, талаптарын өзіне тиесілі емес Шымкент қаласы, Тұран шағын ауданы, Шмидт көшесі, №4 «а» үй мекенжайы бойынша орналасқан жер учаскесіне өз қаражатымен тұрғын үй салып, сол тұрғын үйдің коммуналдық төлемдерін төлеп келгенімен негіздеген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен шешім күшінде қалдырылған.
Кассациялық шағымда талап қоюшының өкілі М.С.Идирисов сот шешімдерімен келіспей соттар тарапынан материалдық құқық нормаларын дұрыс қолданбағандығын және сот қорытындыларының істің мән-жайларына сәйкес келмейтіндігіне өз талаптарын дәлелдей отырып, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы шешім қабылдауды сұраған.
М.С.Идирисовтің кассациялық шағымда көрсетілген уәждерін тыңдап, істің құжаттары мен шағымның дәлелдерін зерттеп, сот келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі-АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
АПК-нің 449-бабының 1-бөлігіне сәйкес, істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
Іс құжаттарын зерделеу барысында, талап қоюшы К.Е.Утеулиева құжаттары жоқ бос жатқан жер учаскесін өз бетінше иемденіп, тұрғын үй құрылысын салған. Талап қоюшы аталған үйде отбасымен тұрады және сол тұрғын үйдің коммуналдық төлемдерін төлеп келеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 244-бабының 3-бөлігіне сәйкес, өзiне тиесiлi емес жер учаскесiне құрылысты жүзеге асырған адамға жер теліміне салынған құрылысты орналастыру үшiн осы адамға белгiленген тәртiп бойынша берiлген жағдайда ғана өз бетiмен салынған құрылысқа меншiк құқығы танылады.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 16 шілдедегі №5 «Тұрғын үйге меншік құқығын қорғауға байланысты дауларды шешудің кейбір мәселері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сай, өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап жергілікті атқарушы органға беріледі және талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер құрылыстың сақталуы басқа тұлғалардың заңды мүдделерінің бұзылуына әкеп соқпаса немесе азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмесе, мұндай талаптар қанағаттандырылуы мүмкін. Мұндай жағдайлар құрылысы аяқталған объектілерді мемлекеттік қабылдауды жүзеге асыруға уәкілетті органдардың рұқсаттарымен расталуы қажет деп көрсетілген.
Осы қаулының 12-тармағына сәйкес, осындай мақсаттарға арналып бөлінбеген жер телімінде өз бетімен салынған тұрғын үйге меншік құқығын тану туралы талап аталған жер телімі талап қоюшыға заңда белгіленген тәртіппен берілетін жағдайда ғана қанағаттандырылуы мүмкін. Сондықтан істі сотта қарауға дайындау кезінде судья талап қоюшыға жер телімі оған берілетіндігі, құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелерді келтіруге ұсыныс жасау керек.
Жергілікті соттар жоғарыда көрсетілген мән-жайларды және заң талаптарын негізге алып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы негізді тұжырымға келген.
Жерді иелену және онда құрылыс жүргізу алдын-ала рәсімделуі тиіс,ондай құжаттар жасалмаған жағдайда жерді иелену заңсыз болады және ол жерде орналастырылған құрылыс заңдастырылмаған құрылыс болып саналады.
Талап қоюшы өзіне тиесілі болмаған жер телімінде тұрғын үй құрылысын азаматтық және жер заңнама талаптарын, сонымен қатар, құрылыс нормаларын сақтамай салған. Қазақстан Республикасында құрылыс жүргізудің нақты тәртібі мен талаптары бекітілген. Талап қоюшы осы талаптарды сақтамағанын ескеріп, АК-нің 8-бабының 7-тармағына сай, талап қоюшының соттар тарапынан құқығын қорғаудан дұрыс бас тартылған.
Сонымен қатар, талап қоюшы тарапынан Қазақстан Республикасы Жер Кодексінің 43-бабының 2-бөлігіне сәйкес, жер телімдеріне меншік құқығын анықтау және рәсімдеу тек Шымкент қаласының әкімінің құзыреті шегінде жүзеге асырылатыны ескерілмеген.
АПК-нің 72-бабына сәйкес, яғни әр тарап өзінің талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге, қорғану құралдарын пайдалануға, фактілерді растауға, оларға дау айтуға, процесті адал жүргізуге сәйкес келетін және іс жүргізуге жәрдемдесуге бағытталған дәлелдемелерді және дәлелдемелерге қарсы қарсылықтарды сот отырысында келтіруі тиіс.
Алайда, талап қоюшының өз бетімен салған тұрғын үйі құрылыстың сәулет және құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетіндігі туралы дәлелдемелері де сотқа берілмеген.
Жергілікті соттар көрсетілген мән-жайларға дұрыс құқықтық баға беріп, талап қоюшының даулы мүлік мемлекеттік органдардың ресми түрде келісімдерін алмай өзіне тиесілі емес жерге тұрғын үй салғанын заңсыз деп санайды. Меншік құқығын алуға негіздердің жоқтығын ескеріп, дау айтылған мүлікке меншік құқығын тану туралы талап қоюы заңды түрде қанағаттандырусыз қалдырған.
Осылайша, жергілікті соттар істің мән-жайын толық анықтап, құқықтық баға беріп, заң нормаларын дұрыс қолданып, негізді сот актілерін қабылдаған. Іс нәтижесіне әсер еткен материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуын, шағымда көрсетілген уәждер растамайды. Талап қоюшының кассациялық шағымдағы уәждері сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан талап қоюшының шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 10 желтоқсандағы шешімі және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысы осы іс бойынша күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы Кулия Елгондиевна Утеулиеваның кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші судья Ғ.Б.Бастаубаев
Судьялар А.Б.Тоқсанбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.