ВС РК - Постановление от 12.02.2025 по делу 6001-24-00-6ап/2291 (Административное)

6001-24-00-6ап/2291

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 12 ақпан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К. Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі А.Е.Султанбектің қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ғимаратында талап қоюшы «ШАМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банкроттық басқарушысы Айтбай Ендібайұлы Сұлтанбектің жауапкер жеке сот орындаушысы Марат Давлетович Касимгазиновтің әрекеттерін заңсыз тану деп туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымына және Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы «ШАМ» ЖШС-нің банкроттық басқарушысы А.Е.Сұлтанбек сотқа жоғарыда аталған талап арызбен жүгініп, жауапкердің «Нефтегазтеплоремонт» ЖШС шотына ақша қаражатын аудару жөніндегі ісәрекетін заңсыз деп танып, талапкердің шотына 201 096 538 теңге аударуды міндеттеуді сұраған.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымымен талап қою мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, талап арыз кері қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғаруымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, олардың күшін жоюды сұраған.

Тиісті түрде хабарланған жауапкер және оның өкілінің кассациялық саты сотының отырысына келмеуі Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сай істі мәні бойынша қарауға кедергі келтірмейді.

Сот алқасы талап қоюшының өкілі А.Е.Султанбектің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, шағымның уәждері мен іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарына қарағанда, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 7 ақпандағы шешімімен «ШАМ» ЖШС-гі банкрот деп танылып, Банкроттық басқарушы болып А.Е. Сұлтанбек тағайындалған.

2022 жылғы 28 шілдеден бастап жауапкердің орындауында «Шанхай Констракшн Ко Групп» ЖШС-нен ЛТД «ШАМ» ЖШС пайдасына жалпы сомасы 201 096 538 теңге берешекті өндіріп алу туралы Қазақстандық халықаралық төреліктің 2022 жылғы 11 мамырдағы шешімін орындау үшін Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты берген атқару құжаты болған.

Жауапкердің 2022 жылғы 2 тамыздағы қаулысымен атқарушылық іс жүргізу орындалуына байланысты тоқтатылған.

Жауапкер «Нефтегазтеплоремонт» ЖШС шоттарына ақша сомаларын

аудару жөніндегі әрекеттерін 2022 жылғы 2 тамызда жасалған.

ӘРПК-нің 136-бабы 4-бөлігіне сай сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Осы норманың 7-бөлігіне сай дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот АПК-нің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін. Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімдерді өткізіп алу себептері мен олардың мәнін әкімшілік істің дұрыс шешілуі үшін сот алдын ала тыңдауда анықтайды.

АПК-нің 126-бабы 2-бөлігі бойынша, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Жергілікті соттармен «ШАМ» ЖШС сенімхаты негізінде әрекет ететін талапкердің өкілі Ф.О. Минченко атқарушылық іс жүргізу материалдарымен 2022 жылғы 16 қыркүйекте толық көлемде танысқаны анықталған. Көрсетілген күннен бастап талапкер атқарушылық құжаттың орындалуына байланысты атқарушылық іс жүргізу тоқтатылғаны туралы хабардар болған. Алайда, Банкроттық басқарушының талап арызы сотқа 2024 жылғы 10 мамырда, яғни жауапкер даулаған іс-әрекет жасаған күннен бастап 1 жыл 8 айдан астам уақыт өткен соң берілген.

Жергілікті соттар талап қою мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған деп тұжырымдаған, себебі талапкерді банкрот деп тану ӘРПК-де көзделген сотқа талап қою мерзімдерін өзгертуге әкеп соқпайды.

Сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарымен толық келісіп, олар заңды, әрі негізді қабылданған деп санайды, себебі талап қоюшы сотқа жүгіну мерзімін дәлелді себептерсіз өткізіп алған.

Төменгі сатыдағы соттармен іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалған, материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған, процестік құқық нормалары бұзылмаған.

Талап қоюшының кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.

Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты. ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 30 мамырдағы ұйғарымы, Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 шілдедегі ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы «ШАМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің банкроттық басқарушысы Айтбай Ендібайұлы Сұлтанбектің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Дуйсенбаев Г.Б.

Нұрбаев Г.К. Өмірәлиев Е.Ж.

Судьялар

Көшірмесі дұрыс. Судья Дуйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.