Кассационный суд Республики Казахстан по уголовным делам - Постановление от 09.04.2026 по делу 6003-26-00-3к/375 (Об административном правонарушении)

№6003-26-00-3к/375

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 9 сәуір Астана қаласы

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот алқасы құрамында: төрағалық етуші – судья Қ.А. Мусетов,

судьялар Г.Б.Даулетова, М.К.Сатыбалдин,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының аға прокуроры А.Б.Әбдулдаевтың қатысуымен,

әкімшілік жауаптылыққа тартылған К.С. Тугайбекованың,

өкілі А.Г. Ғалымның қатысуымен,

бейне-конференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі – ӘҚБтК) 200-бабының 3-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша К.С.Тугайбековаға қатысты, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынысы бойынша келіп түскен істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы:

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының 2026 жылғы 2 ақпандағы қаулысымен К.С. Тугайбекова ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 173 000 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынған.

Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 19 ақпандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысы өзгеріссіз қалдырылған.

Ұсыныста заңды күшіне енген сот актілерін соттар құқық нормаларын түсіндіру және қолдану біркелкілігін бұзғанына байланысты қайта қарау ұсынылған.

Қорғау тарапының ұсынысты қолдаған пікірін, прокурордың сот актілерін күшін жойып, ұсынысты қанағаттандыру туралы қорытындысын тыңдап, іс материалдарын зерттей келе, сот келесі тужырымға келді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша қаулыларды кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздерінің бірі – қабылданған қаулы соттардың, уәкілетті органдардың (лауазымды адамдардың) құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатын жағдайлар негіздер болып табылады.

Жергілікті соттармен 2026 жылғы 18 қаңтарда сағат 23:25 шамасында Алматы қаласы, Өтемісұлы көшесі, №57 үйде орналасқан «Бибі-Ажар» дүкенінде алкоголь өнімдерін сақтау және өткізуге лицензиясы болмай тұра, алкоголь өнімдерін сату фактісі орын алғаны анықталған.

Соттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімдерін өткізуге қатысты талаптарының бұзылғаны туралы қорытындылары сотта зерттелген дәлелдемелерге негізделген. Атап айтқанда, «Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі № 429 Заңының 9-бабы 4- бөлігінің 3) тармағына сәйкес бөлшек саудада, мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінде, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелерінде, жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханаларында өткізуді қоспағанда, алкоголь өнімін: сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін; этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесімен сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін өткізуге тыйым салынады.

Алкоголь өнімін өткізу фактісі белгіленбеген уақытта жеке тұлғадан сатып алынғаннан кейін тікелей анықталған.

ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігінің диспозициясы бойынша, мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда, сондай-ақ жолаушылар тасымалдайтын әуе кемелерінде, жолаушылар тасымалдайтын теңіз көлігі кемелерінде, жолаушылар пойыздарының вагон-мейрамханаларында өткiзудi қоспағанда, алкоголь өнiмiн: сағат 23-тен келесі күнгі сағат 8-ге дейiн; этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін бөлшек сауда арқылы өткiзу – лицензияның қолданысын тоқтата тұрып, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – сексен, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Іс материалдарынан жеке кәсіпкер К.С.Тугайбекова алкоголь өнімдерін сақтау және өткізуге лицензия алмағаны анықталған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 7 «Соттардың Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы Кодексінің Ерекше бөлігінің нормаларын қолдануының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 8- тармағына сәйкес, кәсіпкерлік субъектілері ретінде тіркелмеген адамдардың алкоголь өнімін сатуы лицензиясыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін ӘҚБтК-нің 463-бабының бірінші бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамын құрайды.

Осылайша, К.С. Тугайбековаға ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық субъектісі болып табылмайды.

Осыған байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың қаулыларының күші жойылуға жатады.

ӘҚБтК-нің 851-бабын басшылыққа ала отырып, Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 200-бабы 3-бөлігі бойынша Каншаим Султановна Тугайбековаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 02 ақпандағы және Алматы қалалық сотының 2026 жылғы 19 ақпандағы қаулыларының күші жойылсын.

Каншаим Султановна Тугайбековаға қатысты іс бойынша іс жүргізу оның әрекеттерінде ӘҚБтК-нің 200-бабының 3-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылсын.

Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Судьялар

Қ.А.Мусетов М.К.Сатыбалдин Г.Б.Даулетова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.