6001-24-00-6ап/284(3,4)
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 12 қыркүйек Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев,
судьялар – Ж.Б.Ермағамбетова., Г.К. Нұрбаев болып
талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің., жауапкер Ф.А.Алиевтың.,
мүдделі тұлға А.К.Коптилееваның қатысуларымен, өзінің ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот мәжіліс залында,
талап қоюшы Торегалиев Ерлан Амедовичтің жауапкер жеке сот орындаушысы Алиев Фахраддин Ашур оглының атқарушылық іс жүргізу бойынша әрекетсіздігін заңсыз деп тану және бұзылған құқықтарды қалпына келтіруді міндеттеу туралы талап қою арызы бойынша қабылданған,
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшы мен мүдделі тұлғаның кассациялық шағымдарымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы Е.А.Торегалиев жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 24 қазандағы шешімімен талап қоюшының талап арызы қанағаттандырылған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымымен бірінші саты сотының шешiмі iс жүргiзу құқығының нормаларының сақталмағанына, талап қоюшының талап қоюы іс жүзінде мәнісімен қаралмағанына байланысты күші жойылып, істі бірінші сатыдағы сот қағидалары бойынша мәні бойынша қарау үшін апелляциялық сатыдағы соттың іс жүргізуіне қабылдаған.
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 желтоқсандағы шешімімен талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің әкімшілік талап арызы ішінара қанағаттандырылған.
Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің борышкер Е.А.Торегалиевтің банк шоттарына қойылған тыйымдардан босатпау әрекеттерін заңсыз деп тану және қойылған банк шоттарынан тыйымнан босатуды міндеттеу туралы талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.
Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің атқару парағын қайтарып алмау әрекеті заңсыз деп танылған. Жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің талап қоюшы Е.А.Торегалиевтің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, атқару парағын қайтарып беруді міндеттеу туралы бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Сонымен қатар, сотпен жеке сот орындаушы Ф.А.Алиевтің тарапынан жіберілген заң бұзушылықтары туралы Маңғыстау облысының жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке ұйғарым қабылданған.
Талап қоюшы Е.А.Торегалиев пен мүдделі тұлға А.К.Коптилеева кассациялық шағымдарында іс бойынша апелляциялық саты сотының бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жойып, істі өз өндірісіне қабылдау туралы ұйғарымымен келіспейтінін көрсетіп, аталған сот актісінің күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін күшінде қалдыруды сұраған.
Істі кассациялық сатыда қарау барысында талап қоюшы мен мүдделі тұлғадан кассациялық шағымдарды кері қайтару туралы өтініш келіп түсті.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-ның 435-бабының үшінші бөлігіне сәйкес өтiнiшхат берген тұлға өтінішхат қаралғанға дейін кассациялық сатыдағы сотқа арыз беру арқылы одан бас тартуға немесе өтінішхатты кері қайтарып алуға құқылы. Осыған орай, АПК-ның 442-бабының бірінші бөлігінің 4) тармақшасының негізінде өтінішхат, оны берген тұлғаға қайтарылуға жатады. АПК-ның 444-бабының бірінші бөлігінің 3) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 23 қарашадағы ұйғарымына келтірген талап қоюшы Е.А.Торегалиев пен мүдделі тұлға А.К.Коптиеуованың кассациялық шағымдары кері қайтарылсын.
Іс бойынша тараптарға қаулының көшірмесі жіберілсін.
Төрағалық етуші Дуйсенбаев Г.Б. Судьялар Ермағамбетова Ж.Б. Нұрбаев Г.К. Көшірмесі дұрыс. Судья
Дуйсенбаев Г.Б.
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.