ҚАУЛЫ
2025 жылғы 13 наурыз 6001-24-00-6ап/3118 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү. Баймаханов, судьялар – Ш.Т. Даниярова, Е.Ж. Өмірәлиев болып,
жауапкерлер:
«Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы» (бұдан әрі – Басқарма) мемлекеттік мекемесінің өкілі М.К. Избановтың,
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Казынашылық комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті) өкілі А.Г. Байтукинаның,
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Казынашылық комитетінің Түркістан облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Түркістан облысы бойынша қазынашылық департаменті) өкілі А.М. Мұхтаровтың,
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Казынашылық комитетінің Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаменті) өкілі А. Ұзақбайұлының,
мүдделі тұлға «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – ЖШС) өкілі Д.К. Кабдуловтың,
мүдделі тұлға «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің өкілі А.П. Нарбаеваның қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы «КазПромСтройГрупп» ЖШС-нің (бұдан әрі – Серіктестік) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Қазынашылық комитеті), Түркістан облысы бойынша қазынашылық департаментіне, «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Казынашылық комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті), Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментіне, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментіне, Басқармаға, «Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Ырғыз аудандық құрылыс бөлімі) электрондық депозитарийге енгізілетін жұмыс тәжірибесін растайтын мәліметтерін қабылдау туралы шешімдерінің күшін жою, мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамасын жарамсыз деп тану, конкурс бойынша мемлекеттік сатып алудың нәтижесін қайта қарауға жіберу, шартты жарамсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешіміне, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысына мүдделі тұлға «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешімімен талап қою арызы ішінара қанағаттандырылған.
Түркістан облысы бойынша қазынашылық департаментінің, Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің, Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментінің, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаментінің «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің электрондық депозитарийге енгізілетін жұмыс тәжірибесін растайтын №№3656141, 3656064, 3656140, 3656139, 3656137, 3656136, 3656134, 3656133, 3656132, 3656131, 3656130, 3656128, 3656126, 3656124, 3656119, 3656118, 3656115, 3656114, 3656112, 3656111, 3656108, 3656103, 3656096, 3656094, 3656087, 3656081, 3656077, 3656067, 3656062, 3656057, 3656054, 3656045, 3656032, 3656027, 3656022, 3656019, 3656015, 3656007, 3656004, 3655999, 3655993, 3655989, 3655986, 3655983, 3655981, 3655989 мәліметтерін қабылдау туралы шешімдерінің күші жойылған.
Мемлекеттік сатып алудың №12246493-КРБС1 қорытындылар туралы хаттамасы жарамсыз деп танылған.
№12246493-1 конкурсы бойынша мемлекеттік сатып алудың нәтижесі қайта қарауға міндеттелген.
Ырғыз аудандық құрылыс бөлімі мен «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі арасында 2024 жылғы 27 мамырда жасалған №51 мемлекеттік сатып алу туралы келісім шарты жарамсыз деп танылған.
Талап қоюдың басқа бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған.
Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.
Мүдделі тұлға «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі кассациялық шағымында сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып, талап қою арызын толық қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған.
Жауапкерлер Шығыс Қазақстан облысы бойынша қазынашылық департаменті, Қазынашылық комитеті, мүдделі тұлға «Қазақстан Республикасы қаржы Министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Департамент) өкілдерінен істі өздерінің қатысуынсыз қарау туралы арыздары түсті. Қалған сотқа қатысушылардың өкілдері Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасы (бұдан әрі – сот алқасы) отырысына келмеді, сотқа келмеу себептерін хабарламады.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы мүдделі тұлға «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкерлер мен мүдделі тұлғалар өкілдерінің кассациялық шағымға пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабына сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес, заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Сотта анықталған мән-жайларға қарағанда Ырғыз аудандық құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша 2024 жылғы 24 сәуірде Басқарма (ұйымдастырушы) №67371023-КРБС1 лоты бойынша №12246493-1 «Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Ырғыз ауылында жеке тұрғын үй құрылысына сыртқы инженерлік желілерді (сумен жабдықтау, газ, электрмен жабдықтау) салу» (жалпы сомасы 562 355 242 теңге) нысаны бойынша рейтингтік-балдық жүйе тәсілімен мемлекеттік сатып алуға конкурс жариялаған. 2024 жылғы 21 мамырдағы мемлекеттік сатып алудың қорытындылары туралы хаттамаға сәйкес жеңімпаз ретінде «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі, екінші жеңімпаз ретінде Серіктестік танылған.
2024 жылғы 27 мамырда тапсырыс беруші мен жеңімпаз арасында мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.
Бұл қорытындымен келіспеген Серіктестік жоғарыда аталған талаптармен сотқа жүгінген. Талап қоюдың негіздемесі ретінде «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің 46 нысан бойынша жұмыс тәжірибесі электрондық депозитарийге заңсыз енгізілгендігін көрсеткен.
Соттар талап қоюды қанағаттандырғанда мына мән-жайларды негізді ескерген.
Түркістан облысы Кентау қаласындағы С.Сейфулин көшесіндегі №№130 аралығындағы жеке тұрғын үй құрылысына арналған учаскенің инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы (сумен жабдықтау, канализация, электрмен жабдықтау, газдандыру) және Түркістан облысы Кентау қаласындағы С.Сейфулин көшесіндегі ПК-01 – ПК-16 аралығындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы (сумен жабдықтау, кәріз, электрмен жабдықтау және газдандыру) бойынша жұмыстарды (барлығы 46 нысан) атқаруға арнайы жеке инвестиция тартылған. Меморандум негізінде 46 жоба бекітіліп, тапсырыс беруші ретінде «Кентау қалалық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі» мемлекеттік мекемесі, демеуші ретінде «Sagulov Investments» ЖШС-гі атанып, бас мердігер «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС-гі танылған.
Жұмыстарды атқару үшін бас мердігер «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» ЖШС-гі «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-мен қоса алғанда 10 қосалқы мердігерлермен шарт жасасқан. Осылайша, бас мердігер мен қосалқы мердігерлер 46 нысан бойынша инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы бойынша жұмыстар жүргізген.
2024 жылғы сәуір айында «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы қазынашылық органдарына электрондық депозитарийге жоғарыда аталған 46 нысан бойынша жұмыс тәжірибесін растау үшін өтінім берген.
Өтінім портал арқылы Түркістан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша қазынашылық Департаменттерінің қарауына келіп түскен.
«Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің бұл жұмыс тәжірибелері электрондық депозитарийге енгізілген.
Бұл мән-жайларды тараптар теріске шығармайды. АПК-нің 68-бабының үшінші бөлігіне сай егер бір тарап екінші тарап ұсынған дәлелдемелерге дау айтпаса және оларды мойындаса не дәлелдемелерге дау айту жауапкердің қарсылығынан немесе жауапкердің дәлелдеріне қарсы талап қоюшының қарсылығынан тікелей туындамаса, мән-жайлар анықталды деп есептеледі.
Соттармен анықталғандай жұмыс жобалары бойынша жасалған қорытындыларға сәйкес сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 17 метрден 150 метрге дейін, кәріз желілерінің жалпы ұзындығы 7 метрден 53,5 метрге дейін, газбен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 20 метрден 40 метрге дейін болып белгіленген. Сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 17 метр, газбен жабдықтау желілерінің ұзындығы 20 метрден болып табылатын бір жер учаскесінде бас мердігер және 10 қосалқы мердігер жұмыс жасаған. Мысалы, сумен жабдықтау желісінің 17 метрінің 5,7 метрін бас мердігердің өзі, ал қалған 11,3 метрін әрқайсысы 1,1 метрден 10 қосалқы мердігер жүргізген.
«Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің ең үлкен ұзындығы 7,5 метр, ал ең азы - 35 см инженерлік желі жүргізу бойынша жұмыс атқарған.
Әрбір нысан бойынша жұмысты 11 серіктестік, тиісінше әрбір қосалқы мердігер 1,1 метр желі жүргізу бойынша жұмыс атқарған. Нәтижесінде барлығы 46 нысан бойынша орындалған жұмыстар бойынша 46 акті жасақталып, жұмыс тәжірибесі ретінде жеке-жеке көрсетілген.
Нәтижесінде «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-гі қолдан жасалған жұмыс тәжрибесінің санын арттыру арқылы шартты жеңілдік балын көтеріп, жеңімпаз болған.
ӘРПК-нің 8-бабының екінші бөлігіне сай, егер заңда немесе дау тараптарының келісімінде тиісті мәселелерді соттың шешетіні көзделсе, сот бұл мәселелерді әділдік пен ақылға қонымдылық өлшемшарттарын негізге алып шешуге міндетті.
Мердігерлердің жоғарыда көрсетілген әрекеті формалды түрде заң талаптарына қайшы келмейді, алайда оның барлығы шартты балды жасанды көтермелеу мақсатында жасалған деген соттардың тұжырымы негізді болып табылады.
Сот алқасы да мердігерлердің бір көшенің бойында орналасқан нысандарды бөлшектеп, жеке-жеке шарт жасасуларын жоғарыда көрсетілген мақсатта жасағандығын атап өтеді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 8-бабына сай азаматтық құқықтарды жүзеге асыру басқа құқық субъектiлерiнiң құқықтарын және заңдармен қорғалатын мүдделерiн бұзбауға, айналадағы ортаға зиян келтiрмеуге тиiс.
Азаматтар мен заңды тұлғалар өздерiне берiлген құқықтарды жүзеге асырған кезде адал, парасатты және әдiл әрекет жасап, заңдардағы талаптарды, қоғамның адамгершiлiк қағидаттарын, ал кәсiпкерлер - бұған қоса iскерлiк әдептiлiк ережелерiн сақтауға тиiс.
Бұл мiндеттi шарт арқылы алып тастауға немесе шектеуге болмайды. Азаматтық құқық қатынастарына қатысушылардың адал, парасатты және әдiл әрекет жасауы көзделедi.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың басқа тұлғаға зиян келтiруге, құқықты өзге нысандарда теріс пайдалануға, сондай-ақ құқықты оның мақсатына қайшы келетiндей етiп жүзеге асыруға бағытталған әрекеттерiне жол берiлмейдi.
Ешкім де өзінің теріс пиғылды мінез-құлқымен артықшылық алуға құқылы емес.
Бұл талаптар сақталмаған жағдайда сот адамға тиесілі оның құқығын қорғаудан бас тарта алады.
Соттардың басқа да келтірген негіздемелері сот актілерінде толық
көрсетілген.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
Осы Кодекстің 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мән-жайларына сәйкес келетін сот актілерінің күшін жоюға негіз бола алмайды.
ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 29 шілдедегі шешімі, Ақтөбе облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 13 қыркүйектегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға «Qazyna Stroi Servis» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші С. Баймаханов Судьялар Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс Судья С. Баймаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.