6кп-8-20
Қ А У Л Ы
2020 жылғы 19 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші алқа төрағасы А. Қыдырбаева, судьялар Ж.Ермағамбетова, А. Рахметулин,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Департаменті бөлімінің прокуроры Т[...] қатысуымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Э[...] (E[...]) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 517-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысымен Э[...] (E[...]) ӘҚБтК 517-бабының 5-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған осы бап бойынша Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасы тағайындалған.
Э[...] Қырғызстан Республикасының азаматы болып, Қазақстан Республикасына жеке мақсатпен өтіп, уақытша есепке тіркеліп, уәкілетті органдардан жұмыс жасауға рұқсатын алмай еңбек қызмет жасағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуында сот қабылдаған қаулы соттардың құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділікті бұзатындығын, Э[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, айыппұлға ауыстыру көрсетілген.
Алқа ұсынуды қолдау жөніндегі прокурордың пікірін тыңдап, іс құжаттарды зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулысы өзгертуге жатады деп есептейді.
ӘҚБтК-нің 840-бабының 4-тармағы бойынша тағайындалған әкімшілік жаза жасалған әкімшілік құқық бұзушылықтың сипатына,
жеке басына сәйкес келмеген жағдайда сот қаулысын өзгертуге негіз болады.
Әкімшілік іс бойынша Қырғызстан Республикасының азаматы Э[...] 2019 жылы 13 мамырда Қазақстан Республикасына келіп, еңбек қызметін рұқсатсыз жүзеге асырған. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа қарау үшін жолданған.
Бірінші сатыдағы сот Э[...] кінәсі сот отырысында мойындалған және зерттелген дәлелдемелермен толық бекітілген деген тұжырымға келіп, әкімшілік жолмен шығарып жіберу түрінде жаза тағайындаған.
Сот жаза тағайындағанда заң талаптарын бұзып, қаулыны заң бойынша шығармаған.
Себебі ӘҚБтК-нің 55-бабы 2 және 3-бөліктеріне сәйкес әкiмшiлiк жаза әдiл, құқық бұзушылықтың сипатына, оның жасалу мән-жайларына, құқық бұзушының жеке басына сай келетiн болуы тиiс. Жеке тұлғаға әкiмшiлiк жаза қолдану кезінде жасалған әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың сипаты, кiнәлiнiң жеке басы, оның iшiнде оның құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi мiнез-құлқы, мүлiктiк жағдайы, жауаптылықты жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар ескерiледi.
Іс материалдары бойынша Э[...] бұрын әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған, өзінің кінәсін мойындап, шынайы өкінетіндігін көрсеткен. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Бірақ сот осы мән-жайларға қажетті көңіл бөлмей, ӘҚБтК-нің 56-бабы бойынша жеңілдететін мән-жайлар ретінде танып, жаза тағайындаған кезде осыны ескермеген.
Сонымен қатар, Э[...] жұбайы Т[...] Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхаты және оның жеке қәсіпкер ретінде қызметінің басталғаны туралы хабарламасы тіркелген. Сондай-ақ, жылжымайтын мүліктің болуы туралы анықтамаға сәйкес оның меншігінде тұрғын үйі бар.
Э[...] пен Т[...] заңды некесінен бес баласы бар, Қазақстан Республикасында осы отбасымен бірге тұрады. Шымкент қаласы оқу мекемелерінің берген анықтамасына сәйкес Э[...] бес баласы Шымкент қаласындағы мектепке және мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне барады.
Іс бойынша сот қаулысы некені, отбасы мен баланы қорғау қағидаттарына сәйкес келмейді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабының 1-тармағына сәйкес неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
Сонымен бірге, сотпен тағайындаған жаза Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңда бекітілген балалардың қажетті өмір сүру деңгейіне, өз ата-аналарынан күтіп-бағу, отбасында тұру және тәрбиелену, ата-аналарымен бірге тұру құқықтарын бұзады.
ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің санкциясымен аталған құқық бұзушылыққа қарсы 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға, не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға, не Қазақстан Республикасының шегінен әкiмшiлiк жолмен шығарып жiберуге әкімшілік жаза қолдану көзделген.
Э[...] көрсетілген жазалардың ішінде әкімшілік жолмен шығарып жіберу жөнінде сот қатаң жаза тағайындаған.
Сондықтан алқа Э[...] тағайындалған жазаны өзгертіп, жаза ретінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуды дұрыс деп есептейді.
Сонымен қатар, ӘҚБтК-нің 829-11-бабының 2-бөлігінде көрсетілген негіздер бойынша әкімшілік айыппұлдың мөлшерінің отыз пайызынан асырмай қысқартуға болады.
Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 840-бабы 4) тармақшасын, 851-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 517-бабының 5-бөлігі бойынша Э[...] (E[...]) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жөнінде Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 20 мамырдағы қаулысы өзгертілсін.
Э[...] (E[...]) тағайындалған Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарып жіберу жазасының орнына 44 188 (қырық төрт мың бір жүз сексен сегіз) теңге әкімшілік айыппұл салынсын.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші А. Қыдырбаева Судьялар Ж.Ермағамбетова
А. Рахметулин
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.