ВС РК - Постановление от 04.04.2022 по делу 6001-22-00-3Г/532 (Гражданское)

6001-22-00-3г/532

ҚАУЛЫ

2022 жылғы 4 сәуір Нұр-Сұлтан қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Р.Қуанышбаева,

талап қоюшы Қ[...] жауапкерлер Н[...], Н[...], Н[...], С[...], И[...], Н[...], Н[...] тұрғын үйден еріксіз түрде шығару және жер учаскесін босату туралы талап қою арызымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 маусымдағы қаулысына талап қоюшының өкілі Д[...] келтірген өтінішхатын істі алдырту арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ :

Қ[...] жоғарыда аталған талап қою арызымен сотқа жүгінген. Түркістан облысы Кентау қалалық сотының 2021 жылғы 7 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.

Түркістан облысы, Кентау қаласы, Ораңғай ауылдық округі, Бостандық ауылы, Тоған көшесі, № 5 тұрғын үйден және осы мекенжайдағы № 5 А жер учаскесінен жауапкерлер еріксіз түрде шығарылған.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 маусымдағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімінің күші жойылып, іс бойынша талапты қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылданған.

Талап қоюшының өкілі Д[...] өтінішхатында іс бойынша қабылданған апелляциялық қаулымен келіспей, сот алқасының тұжырымы істің мән-жайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, дау айтылған сот актісінің күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұрап, төмендегідей уәждер келтірген.

Қ[...] 2017 жылғы 9 қарашадағы № 2413 сыйға тарту шарты мен 2020 жылғы 19 қазандағы өсиет бойынша мұраға құқық туралы куәлік негізінде Түркістан облысы, Кентау қаласы, Ораңғай ауылдық округі, Бостандық ауылы, Тоған көшесі мекенжайында орналасқан № 5, 5А тұрғын үй мен алаңдары 0,2347 га, 0,3 га, кадастрлық нөмірлері [...], [...] жер учаскелерінің меншік иесі болып танылып, мемлекеттік тіркеуден өткізілген (бұдан әрі - даулы үй).

Жауапкер Н[...] атына Түркістан қаласы әкімдігінің мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссиясының 2007 жылғы

26 наурыздағы № 20374-1 шешіміне сәйкес Түркістан облысы, Кентау қаласы, Оранғай ауылдық округі, Бостандық ауылы, Қотырбұлақ көшесі, № 16 тұрғын үй мен алаңы 0,52988 га, кадастрлық нөмірі [...] жер учаскесі жария етіліп, мемлекеттік тіркеуден өткен.

Өтінішхат иесі Қ[...] меншігіндегі тұрғын үй мен жер учаскесі оның атасы К[...] 2004 жылы жауапкерлер Н[...] пен Н[...] отбасымен уақытша тұруға берілгенін, қазіргі кезде олардың даулы үйде тұруға құқықтық негіздер жоқ екенін көрсеткен.

Өз кезегінде, Н[...] атына жария етілген № 16 тұрғын үй мен даулы үй екі бөлек мекенжайда орналасқанын, аталған мән-жайлар іске қатысқан мамандармен расталғанын, К[...] пен Н[...] арасында даулы үйді сату туралы келісім болмағанын және жауапкерлермен мәміле болғанын растайтын дәлелдемелер ұсынылмағанын мәлімдеген.

Бұған қоса, іс құжаттарындағы апелляциялық қаулы мен оның қарар бөлігінің түпнұсқаларына алқа судьясы қолдары қойылмаған.

Сонымен қатар, өтінішхат бірінші рет уақытында берілгенін, алайда кемшіліктерді жою үшін қайтарылғандықтан, сот актілеріне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімін қалпына келтіруді сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігіне сай егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін.

Процестік мерзім дәлелді себептермен өткізіп алынғандықтан, сот актісіне кассациялық тәртіпте шағым жасау мерзімі қалпына келтірілуге жатады деп санайды.

АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы осы Кодекстің 434-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Өтінішхатта келтірілген уәждер және басқа да мән-жайлар сот актісін кассациялық сатыдағы сотқа қайта қарау үшін негіздердің бар екендігін көрсетеді.

Қорыта келгенде, судья өтінішхатты іспен бірге кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға беру қажет деп санайды.

АПК-нің 126-бабын, 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

Өтінішхатты беру мерзімі қалпына келтірілсін.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 15 маусымдағы қаулысына талап қоюшының өкілі

Д[...] өтінішхаты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін. Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.

Р. Қуанышбаева

Судья

Көшірмесі дұрыс Судья Р. Қуанышбаева

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.