ВС РК - Постановление от 07.08.2023 по делу 6001-23-00-3Г/2869 (Гражданское)

6001-23-00-3г/2869

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 7 тамыз Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Ш.С.Иманиязова талап қоюшы «Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы» ММ-нің (әрі қарай – Басқарма) жауапкер дара кәсіпкер Ж[...] өз бетімен салынған құрылысты жауапкердің есебінен мәжбүрлеп бұзу туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы Басқарманың өтінішхатын істі сұрату арқылы алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Басқарма сотқа жоғарыда аталған талап қоюмен жүгінген.

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхат иесі сот актілерімен келіспейтіндігін, материалдық заң нормаларының бұзылғанын алға тартып, соттың тұжырымдары істің мәнжайына сәйкес келмейтінін көрсетіп, осыған байланысты сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Жергілікті соттар тарапынан мұндай заң бұзушылықтарға жол берілгені туралы өтінішхат иесінің уәждері кассациялық сатының сот отырысында зерттеліп қаралуға жатады.

АПК-нің 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесiнде өтiнiшхаттың шегiнен шығуға және шағым жасалған сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.

Өтінішхат иесі Ж[...] құрылыс объектісі қолдануға жарамды, іргетасы мен инженерлік құрастырылымы Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сай келетіні туралы «КZ[...]» ЖШС-нің сарапшысы Н[...] 2022 жылғы 2 желтоқсандағы техникалық қорытындысымен негізделген апелляциялық сатыдағы соттың тұжырымымен келіспей, оған бірінші сатыдағы сот істі қарау барысында баға бермегеніне және талап қоюшыға хабарламағанына назар аударған. .

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 73-бабының 1-тармағына сәйкес дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып, талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі.

Басқарманың талап қоюы жауапкер заңнамаға сәйкес қажетті рұқсат алмай өз бетінше құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгендігімен негізделген, алайда құрылыс объектісі Қазақстан Республикасының құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сай келетіндігі туралы талап қойылмаған деп көрсеткен.

Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 244-бабына сәйкес мемлекетке тиесілі, жер учаскелері болып қалыптаспаған жерде, құрылысты жүзеге асырған тұлғаға тиесілі емес жер учаскесінде салынған, сондай-ақ бұл үшін Қазақстан Республикасының жер заңнамасына, Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасына сәйкес қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа да құрылыс, ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік өз бетінше салынған құрылыс болып табылады.

Соттардың құрылыстың жұмыс жобасы бойынша түзету жүргізілгенін және 2022 жылғы 26 сәуірдегі оң сараптамалық қорытынды берілгенін, осы қорытынды бойынша құрылыс бастауға рұқсат құжаттар алу барысында жарамды деген уәждерімен келіспейтіндігін білдіріп, себебі

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің 2021 жылғы 23 сәуірдегі хатына сай Шымкент қаласы, И[...] пен Т[...] көшелері қиылысында құрылыс жүргізілгенде ҚР ҚН 1.03-00-2011 «Құрылыс өндірісі кәсіпорындарды, ғимараттарды және құрылыс салуды ұйымдастыру» талаптары, яғни құрылыс нысанында кауіпсіздіқ шаралары және Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің 2021 жылғы 25 маусымдағы заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқамасына сай аталған құрылыс объектісінің қоршауға дейінге қашықтығы жұмыс жобасымен белгіленген өлшемдері сақталмағаны туралы арызданушы өтінішхатта көрсеткен.

Аталған құрылыстың жұмыс жобасына «СC[...]» ЖШС-мен 2022 жылғы 26 сәуірде берілген оң сараптамалық қорытындысының күші жойылған деп көрсеткен.

Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, И[...] көшесі №73 мекенжайда орналасқан дәріхана мен офис құрылыс нысанына инжинирингтік қызмет көрсету (техникалық қадағалау қызметі) сарапшы Қ[...] 2022 жылғы 24 тамызда келісім шарт жасалмағаны туралы Басқармаға хат жолдағанын, соның негізінде, құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы хабарлама Басқарманың тізілімінен алынғанына сілтеме жасаған. Шымкент қаласы, И[...] көшесі, №73 мекенжайда орналасқан дәріхана мен офистің құрылысына берілген эскиздік жоба Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының 2022 жылғы 31 қазандағы №7030 бұйрығымен күші жойылғанын келтірген.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2021 жылы бастаған, алайда «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 68-бабының 1-тармағына сәйкес құрылыс процесiнiң тиiстi кезеңдерiнде осы бапта белгiленген рәсiмдерді орындамай және талаптарын сақтамай құрылыс-монтаж жұмыстарын жауапкер жүргізген деп уәждеген.

Осы Заңның 12 және 27-2 бабтарын басшылыққа алып ғимараттарды жобалау кезiнде өмiрлiк циклдың барлық сатыларындағы, оның iшiнде қалыпты пайдалану, төтенше жағдайлар, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргiзу кезiнде көзделетiн бұзушылықтар және рұқсат етiлмейтiн құрылыс кезiндегi адам өмiрi мен денсаулығына және қоршаған ортаға төнетiн барлық ықтимал тәуекелдер сәйкестендiрiлуге және ескерiлуге тиiс деп арызданушы назар аударған.

АК-нің 244-бабына сай заңсыз құрылыс оны жүзеге асырған адамның есебінен бұзылады.

Электрондық іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатының сот мәжілісінде қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-нің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2023 жылғы 20 ақпандағы шешімін және Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 2 мамырдағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхатты іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы

Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья Ш.Иманиязова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.