ВС РК - Постановление от 14.05.2024 по делу 6001-24-00-6кп/29 (Об административном правонарушении)

№ 6кп-29-24

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 14 мамыр

Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Б.Б.Шермұхаметов,

судьялар Е.Мәукен, Н.Қ.Құрманғалиев,

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының аға көмекшісі

Т[...],

Алматы облысы бойынша Экология Департаментінің өкілі Ө[...],

құқық бұзушының өкілдері Ж[...] пен И[...] қатысуларымен

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында кассациялық тәртіппен аудио-бейне жазба құралдарын қолданып, ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен жеке тұлға «БИК2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «БИК2[...]» ЖШС) қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 328-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен «БИК2[...]» ЖШС ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған әкімшілік жаза ретінде қызметіне 3 айға дейінгі мерзімге тыйым сала отырып, 2 415 000 теңге мөлшерде айыппұл салынған.

Алматы облыстық сотының 2023 жылғы 19 қазандағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот қаулысының күші жойылып, әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуында соттар құқық нормаларын түсіндіруде және қолдануда бірізділікті бұзуына байланысты іс бойынша шығарылған апелляциалық сатысының сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауды сұраған.

Алматы облысы бойынша Экология Департаментінің өкілі Ө[...] ұсынудың уәждерін қолдауды сұраған, құқық бұзушының өкілдері Ж[...] пен И[...] апелляциалық сатысының сот актілерін өзгеріссіз қалдыруды сұраған пікірлерін, прокурор Т[...] сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан сот қарауына жіберу, ұсынуды қанағаттандыру қажет қорытындысын тыңдап, алқа мынадай тұжырымға келеді.

ӘҚБтК-нің 851-бабы 5-бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес қаулыларды кассациялық тәртіпте қайта қарауға әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша қабылданған қаулылармен соттардың заң нормаларын түсiндiру мен қолданудағы бiркелкiлiгiн бұзатын жағдайлар негіз болып табылады. Осы іс бойынша мұндай негіздер бар.

Іс материалдарынан анықталғандай, «БИК2[...]» ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғауға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің 2023 жылғы 5 шілдедегі № 17-1-3/1064-И хаты негіз болған. Ол хатта Еңбекшіқазақ ауданы Қарасай ауылы аумағында орналасқан «БИК2[...]» ЖШС-гі қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат құжатын рәсімдемей қызмет атқарғаны көрсетілген.

Апелляциалық сатыдағы сот өз шешімінде «БИК2[...]» ЖШС-гі тиісті экологиялық рұқсатты ала алмайтынын, өйткені жоғарыда көрсетілген орын, яғни жерді жергілікті атқарушы билік органы мүлдем заңдастырмағанын, оның үстіне жаңадан пайдалануға берілген объект болып табылмайтынын көрсеткен.

Апелляциалық соттың экология Департаментінің «БИК2[...]» ЖШС-не қатысты ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы ісі заңсыз қозғалған деген тұжырымдарын алқа мерзімінен бұрын деп санайды.

Қазақстан Республикасының Экология кодексінің (бұдан әрі – ЭК) 3-бабы 2- тармағының 1), 6) тармақшаларында, 8-бабында қоршаған ортаның ластануын болғызбауға, кез келген нысандарда экологиялық залалдың келтірілуіне жол бермеуге және келтірілген экологиялық залалдың салдарларын жоюды қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсерді біртіндеп азайтуға бағытталған мемлекеттік реттеуді жүзеге асыру арқылы қоршаған ортаны қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету; қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік басқарудың барлық мемлекеттік органның өзара іс-қимыл жасауы мен қызметін үйлестіруді көздейтін тиімді жүйесін қалыптастыру қарастырылған.

Қоршаған ортаны қорғау мемлекет, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асыратын, табиғи ортаны сақтауға және қалпына келтіруге, қоршаған ортаның ластануын және оған кез келген нысандарда залал келтірілуін болғызбауға, қоршаған ортаға жағымсыз антропогендік әсерді барынша азайтуға және оның салдарларын жоюға, Қазақстан

Республикасының орнықты дамуының өзге де экологиялық негіздерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесін білдіреді.

ЭК-нің 339-бабының 3, 5, 7- тармақтарына сәйкес осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қалдықтарды түзуші, қалдықтардың қазіргі және бұрынғы меншік иелері мұндай қалдықтарды осы Кодекстің 336-бабына сәйкес лицензия негізінде қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаның иелігіне берген кезге дейін «Ластаушы төлейді» қағидатына сәйкес қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін жауапты болады.

Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, қалдықтарды жинау жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғалар қалдықтарды иелігіне алған кезден бастап мұндай қалдықтарды осы Кодекстің 336-бабына сәйкес лицензия негізінде қалдықтарды қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын тұлғаға берген кезге дейін қалдықтарды басқару жөніндегі экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етілуі үшін жауапты болады. Мемлекеттік меншік объектілерінде түзілетін немесе сот шешімі бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген басқа да жағдайларда мемлекет меншігіне түскен деп танылған қалдықтардың меншік иесі мемлекет болып табылады.

Қалдықтарды жинау, қалпына келтіру немесе жою жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілеріне қалдықтарды беру, егер тараптар өзгеше шарттарда келісім жасаспаса, қалдықтарға меншік құқығының мұндай субъектілерге бір мезгілде өтуін, оның ішінде контейнерлік алаңдар аумағында орналасқан контейнерлерге немесе белгіленген қалдықтарды жинау орындарына қалдықтарды салу кезінде өтуін білдіреді. Экологиялык кодекстің талаптарына сәйкес, ІІІ санаттағы объектілерде қызметті жүзеге асыратын тұлғалар жергілікті атқарушы органына қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынады. Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация белгіленіп отырған қызмет басталар алдында қызметті жүзеге асыру басталғаннан кейін ұсынылады.

Қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынбағаны және (немесе) осы декларацияда қамтылған анық емес ақпаратты бергені үшін тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

ӘҚБтК-нің 328-бабының 4-бөлігінде қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жаңадан пайдалануға берілген объект үшін алынуы міндетті болып табылған экологиялық рұқсатсыз не қоршаған ортаға әсер ету туралы міндетті декларациясыз қоршаған ортаға антропогендік әсер етуді жүзеге асыру үшін жауапкершілік көзделген делінген.

Алайда апелляциалық сатыдағы сот «БИК2[...]» ЖШС-нің қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияны ұсынбау бөлігіндегі әрекетіне баға бермеген.

Еңбекшіқазақ ауданының әкімдігі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын «БИК2[...]» ЖШС-нің басқаруына бергені анықталды. Бұл мән-жай дау тудырмайды. Сонымен бірге, «БИК2[...]» ЖШС-гі мен әкімдік арасындағы құқықтық қатынастардың сипаты анықталмаған, жергілікті атқарушы органның әрекеттерінің заңдылығына баға берілмеген.

«БИК2[...]» ЖШС-гі қоқыс шығару үшін тұрғындардан төлем алған. Демек, «БИК2[...]» ЖШС-гі қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарумен байланысты қызметті жүзеге асырған. Сот Серіктестіктің құрылтай құжаттарында қатты тұрмыстық қалдықтарды басқарумен байланысты қызмет түрлерінің бар-жоғына зерттемеген.

Сот «БИК2[...]» ЖШС-нің әрекетінен қоршаған ортаға қандай антропогендік әсер болғанын, объектінің санатын, «БИК2[...]» ЖШС-нің өкілі оның орналасқан басқа жерін көрсетіп отырғандықтан, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының нақты орнын анықтамаған.

Сот Департаменттің уәждерін тексеріп, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды сұратып, жаңа мән-жайларды анықтау және істі объективті қарау үшін басқа да процессуалдық әрекеттерді жүзеге асыруы керек еді.

ӘҚБтК-нің 737-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізу міндеттері әрбір істің мән-жайларын жанжақты, толық және объективті анықтау, оны осы Кодекске сәйкес шешу, іс жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің іске асырылуын қамтамасыз ету; әкімшілік құқық бұзушылықтар жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау жатады.

ӘҚБтК-нің 784-бабына сәйкес әрбiр дәлелдеме тиесiлiлiгi, жол беруге болатындығы, анықтығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер өз жиынтығында iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктiлiгi тұрғысынан бағалануға жатады. Егер дәлелденуге жататын мән-жайлардың барлығы және әрқайсысы туралы ақиқатты даусыз анықтайтын, iске қатысты жол берiлетiн және анық дәлелдемелердiң бәрi жиналса, дәлелдемелердiң жиынтығы iстiң шешiлуi үшiн жеткiлiктi деп танылады.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты алқа сот қаулысының күшін жоюға және істі жаңадан қарау үшін апелляциялық сатыдағы сотқа жіберуге негіз бар деп есептейді.

Істі жаңадан қарау кезінде апелляциалық сатыдағы сот заң бұзушылықтарды жойып, қажет болған жағдайда қосымша материалдарды сұратып, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуге қатысушылардың уәждерін тексеріп, оларға дұрыс құқықтық баға беріп және анықталған мән-жайларға орай іс бойынша заңды және негізді қаулы шығаруы тиіс.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 851-бабын басшылыққа ала отырып сот алқасы,

ҚАУЛЫ ЕТТІ :

«БИК2[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты Алматы облыстық сотының 2023 жылғы 19 қазандағы қаулысының күші жойылып, іс апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарау үшін жолдансын.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші Б. Шермұхаметов

Судьялар

Е. Мәукен

Н. Құрманғалиев

Көшірмесі дұрыс Судья Н. Құрманғалиев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.