6кп/21-22
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 16 ақпан Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы құрамында: төрағалық етуші - судья А.Қ.Қыдырбаева, судьялар М.Т.Балкен, М.Ж.Омарбекова, прокурор Т[...],
әкімшілік жауапқа тартылған тұлға Ш[...],
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ақтөбе облысының полиция департаментінің өкілі А[...], С[...] қатысуларымен,
кассациялық тәртіппен ашық сот отырысында бейнеконференц байланыс арқылы Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының 2021 жылғы 19 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулыларына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуымен келіп түскен,
Ш[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы:
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының 2021 жылғы 19 сәуірдегі қаулысымен Ш[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 667-бабының 1-бөлігімен қозғалған іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты іс жүргізу тоқтатылған.
Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулысымен аталған сот актісі өзгеріссіз қалдырылған.
Алқа, уәкілетті орган өкілдерінің, прокурордың ұсынуды қолдаған, әкімшілік жауапқа тартылған тұлғаның ұсынуға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, ұсынудың уәждерін талқылап, сот қаулылары күшін жоюға жатады деп есептейді.
Ш[...] 2021 жылғы 15 сәуірде 19 сағат 35 минут шамасында Ырғыз ауданының аумағындағы «Самара-Шымкент» тас жолының 1148 шақырымында басқаруындағы мемлекеттік номері С396ВС163RUS «Камаз5511» маркалы жүк көлігін тас жолдың жүру бөлігіне тоқтатып және жеке басын куәландыратын құжатты көрсетпей полиция қызметкері С[...] қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды талабына бағынбай, заңды қызметіне кедергі келтірген. Осы факт негізінде оған қатысты ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Жергілікті соттар Ш[...] қатысты ӘҚБтК-нің 667-бабының 1- бөлігімен қозғалған іс бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамы болмауына байланысты тоқтата отырып, полиция қызметкерлері Ш[...] тоқтатқан уақытта, жұмыс кестесіне сәйкес өздерінің қызметтік міндеттерін атқармаған және басқа патрульдік экипаждың аумағында жүрген деген тұжырымға келген. Кассациялық қайта қарау нәтижесі бойынша сот алқасы келесі негізде жергілікті соттың тұжырымы алдын ала жасалған деп есептейді. ӘҚБтК-нің 667-бабының 1-бөлігімен құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметшісінің өз қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты заңды өкіміне немесе талабына бағынбау, сол сияқты олардың заңды қызметіне кедергі келтіру үшін жауапкершілік қарастырылған.
Аталған іс бойынша анықталуға тиіс мән-жайлар шеңбері: жол полициясы қызметкерінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты талап, өкім беру құқықтары, талап, өкім беру заңдылығы, талап, өкім беру орындалу немесе орындалмауы.
«Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 52бабының 1-бөлігінде ішкі істер органдары қызметкерінің талабы бойынша көлік құралын тоқтатуға сегіз негіздер келтірілген.
Осы баптың 1-бөлігінде көзделмеген өзге де негіздер бойынша ішкі істер органдары қызметкерінің өтініші бойынша көлік құралын тоқтатуға тиым салынады.
А[...] баяндамасында көліктерді тоқтатуға олардың бірінің алдыңғы әйнегіндегі сызаттың болуы себеп болғанын айтады, бірақ ол сызат Ш[...] басқарған автокөліктің алдыңғы әйнегінде болғанын көрсетпейді. Сот отырысында бұл мән-жай, сонымен қатар сызаттың нақты орналасқан жері, оның мөлшері зерттелмеген. Сонымен бірге, көлік құралын тоқтатудың құқықтық негіздерінің болу болмауына баға беру үшін бұл мәнжайды анықтау айтарлықтай маңызды, өйткені автокөлік құралының алдыңғы әйнегінің жүргізуші жағындағы әйнек тазалағышпен тазалайтын бөлігінде сызаттың болуы кезінде ғана көлік құралын пайдалануға тиым салынады (Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерге қосымшаның 7.5-тармағы).
Жетондағы бейнежазба құқық бұзушылықтардың алдын алуда жоғары сапалық дәлелдемелік базаны жинауды қамтамасыз ету үшін жүргізіледі және қызметкер көлік құралын тоқтата бастаған сәттен бастап қосылып, көлік құралын тексеру аяқталғаннан кейін өшіріледі.
Ішкі істер министрлігінің өтінішхатына тіркелген екінші жүргізуші Ж[...] қатысты айыптау актісінен белгілі болғандай, қылмыстық іс материалдарына полиция қызметкерлерінің жетондарынан видео, фотоматериалдар тіркелген.
ӘҚБтК-нің 781-бабына сәйкес дәлелдеу әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы iстердi заңды, негiзді және әдiл қарау үшiн маңызы бар мән-жайларды анықтау мақсатында дәлелдемелердi жинаудан, тексеруден және бағалаудан тұрады. Құқық бұзушылықтың әкімшілік жауаптылық негіздері мен кiнәсiнiң болуын дәлелдеу мiндетi әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органға (лауазымды адамға) жүктеледі. Полиция қызметкерлері жетонның видеожазбасын сотқа табыстамаған, ал сот ӘҚБтК-нің 829-10-бабының 2-бөлігінің талаптарына қайшы, істің дәлелдерімен және мән-жайларымен байланысты емес істі толық көлемде тексермеген, бұл дәлелдемелерді өз бастамашылығымен зерделемеген.
Сонымен қатар, жергілікті соттар іс мән-жайларын толық көлемде зерделемей, полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқармаған кезде Ш[...] тоқтатқан және өздерінің патрульдік аумағында болмаған деген тұжырымға келген. Кассациялық өтінішхатқа тіркелген ведомость жинағына сәйкес жөндеу жұмыстарына орай АП-56 экипажы түнде шықпаған. Дегенмен, бұл мән-жай да жергілікті соттардың зерделеу нысаны болмаған.
ӘҚБтК-нің 741-бабының 2-бөлігіне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзу, егер қосымша дәлелдер жинаудың барлық мүмкіндігі таусылса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша әкімшілік құқық бұзушылық оқиғасының немесе әкімшілік құқық бұзушылық құрамының жоқтығы дәлелденген кезде де, сонымен бірге бар екендігі дәлелденбеген кезде де тоқтатылады.
Жоғарыда аталған мән-жайда жергілікті соттардың дәлелдер жинаудың барлық мүмкіндігі таусылды деп айтуға келмейді, тұжырымдары ерте жасалған. ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3)-тармағының негізінде құқық нормаларын түсіндіруі мен қолдануында бірізділік бұзылғандықтан жергілікті соттардың сот актілерінің күшін жойып, бірінші сатыдағы сотқа қайта қарауға жіберілуге жатады. Істі жаңадан қарау кезінде сот бұзушылықтарды жоюға, істің барлық мән-жайларын мұқият зерделеуге, дәлелдемелерді сұратуға, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға баға беруге, Ш[...] қандай талаптары мен өкім берулерін орындамағанын анықтауға, бұл әрекеттер құқық бұзушылықтың объективті жағын құрайтынын, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша процеске қатысушылардың дәлелдерін тексеруге, оларға дұрыс құқықтық баға беруге және белгіленген мән-жайлардың негізінде іс бойынша заңды және негізді шешім қабылдау қажет. Жоғарыда көрсетілгеннің негізінде Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 851-бабының 5-бөлігінің 3) тармағын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы,
Қ А У Л Ы Е Т Т І :
Ақтөбе облысы Ырғыз аудандық сотының 2021 жылғы 19 сәуірдегі және Ақтөбе облыстық сотының 2021 жылғы 12 мамырдағы қаулыларының күшін жойып, істі жаңа сот қарауына бірінші сатыдағы сотына жіберілсін. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының ұсынуы қанағаттандырылсын.
Төрағалық етуші
А.Қыдырбаева
Судьялар М.Балкен М.Омарбекова Көшірмесі дұрыс Судья А.Қыдырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.