№6001-24-00-6ап/1301
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 8 қаңтар Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар – Е.Д.Өмірәлиев, Ш.Т.Даниярова болып, талап қоюшының өкілі Е.Ж.Шымыркуловтың, жауапкерлердің өкілдері Б.С.Досмаилованың, Б.К.Бахитовтың
қатысуыларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы Атиркул Смагулованың жауапкер Шу ауданы әкіміне қаулының талап қоюшыға қатысты бөлігін заңсыз деп танып, күшін жою туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысына мүдделі тұлға - «Корпорация Nexagro» ЖШС-нің өкілі Б.Р.Байгараевтың келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
А.Смагулова жоғарыда көрсетілген талап қоюмен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырылған.
Шу ауданы әкімінің 2010 жылғы 9 қарашадағы №390 қаулысының талап қоюшыға қатысты бөлігі заңсыз деп танылып, күші жойылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Мүдделі тұлға кассациялық шағымында іс бойынша соттар материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 115 - бабының бірінші бөлігіне сай әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.
Сот алқасы кассациялық шағымның уәждерімен тараптардың пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келеді.
ӘРПК-нің 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 452-бабының бірінші бөлігіне сай, кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-нің 426-бабының екінші бөлігіне сай, жаңа дәлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уәждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілмеген.
Іс материалдарынан анықталғандай, Шу ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 31 мамырдағы №76-1 қаулысымен А.Смагулованың уақытша жер пайдалану құқығына жалға алу шартымен 49 жылға «Жайсан» өндірістік кооперативінен көлемі 1,5 га суармалы егістік, 207,1 га тәлімі егістік, барлығы 208,6 га, «Амангелді Иман» ЖШС-нен 3,65 га суармалы егістік, 8,41 га тәлімі егістік, 24,8 га жайылымдық, барлығы 245,46 га, жалпы көлемі 454,06 га жер учаскесі берілген.
Осыған қоса, Шу ауданы әкімдігінің 2007 жылғы 27 ақпандағы №119 қаулысымен шаруа қожалығын ұйымдастыру үшін, А.Смагуловаға «Жайсан» өндірістік кооперативінен Шу ауданы әкімдігінің 2004 жылғы 31 мамырдағы №76-1 қаулысымен берілген 1,5 га суармалы егістік, 195,1 га жайылымдық, барлығы 196,6 га, «Амангелді Иман» ЖШС-нен берілген 3,65 га суармалы егістік, 8,41 га тәлімі егістік, 24,8 га жайылымдық, барлығы 36,86 га, жалпы көлемі 233,46 га болып бекітілген. Талап қоюшының аталған жер теліміне 2008 жылғы 26 ақпанында уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беретін акт беріліп, жер пайдалану құқығы әділет басқармасында 2008 жылғы 4 тамызында тіркелген.
Алайда, Шу ауданы әкімдігінің 2010 жылғы 9 қарашадағы №390 қаулысымен «Достар Агро Инвест» ЖШС-не тауарлы ауыл-шарушылығын жүргізу үшін, А.Смагулованың шаруа қожалығының жерінен 182,9 га жақсартылған жайылымдық жер телімі 49 жыл ұзақ мерзімді уақытша өтеулі жер пайдалану құқығы берілген (бұдан әрі – даулы қаулы).
«Достар Агро Инвест» ЖШС-не кейіннен «Nexagro корпорациясы» ЖШС-гі болып өзгертілген.
Бұл даулы қаулымен келіспей, талап қоюшы сотқа жүгінген.
Жергілікті соттар, талап қоюды қанағаттандырып, даулы жер учаскесін мүдделі тұлғаға берген уақытта, А.Смагуловамен жасалынған жер учаскесін жалға алу шартының мерзімі өтпеген, ол шарт тараптармен бұзылмаған деп көрсеткен.
Яғни, жауапкер талап қоюшыға тиесілі жер учаскесін оның келісімінсіз, жер туралы заңнаманың талаптарын бұза отырып, мүдделі тұлғаға беріп жіберген.
Бұл жағдайда, жауапкердің заңсыз әрекетінен талап қоюшының құқығы бұзылғандығы анықталған.
Кассациялық шағым өзінің мазмұны мен мәні талап қоюда келтірілген дәлелдермен, уәждермен сонымен қатар сот отырысында берілген түсіндірмелермен біріңғай.
Бұл дәлелдемелерге соттармен тиісті құқық баға берілген, сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болатын материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы орын алмаған.
Бұндай жағдайда, кассациялық шағымда жаңа дәлелдердің жоқтығын ескере отырып, іс бойынша соттарда анықталған мән-жайларға баға бере отырып, сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды. Сондықтан сот актілерінің күшін жоюға негіздер жоқ. ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қазандағы шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 2 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Мүдделі тұлға - «Корпорация Nexagro» ЖШС-нің өкілі Б.Р.Байгараевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар Көшірмесі дұрыс. Судья
С. Баймаханов Е. Өмірәлиев Ш. Даниярова Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.