Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 17.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1280 (Гражданское)

№ 6003-25-00-2к/1280 Қ А У Л Ы

2025 жылғы 17 қараша Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында: төрағалық етуші - судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Айкенова, Д.Д. Махметова,

талап қоюшының өкілі Л.М.Утешеваның,

жауапкердің өкілі С.З. Саткановтың қатысуларымен,

бейнеконференц байланыс арқылы өткізілген ашық сот отырысында талап қоюшы Улбазар Касымбековна Нурмаханованың жауапкер «Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне бұйрығын бұзуды, жұмысқа қайта орналастыру және моральдық залалды өндіру туралы талабы бойынша қабылданған

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен электронды азаматтық істі қарап,

У.К. Нурмаханова сотқа жоғарыда аталған талап қоюымен жүгінген. Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 6 ақпандағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

«Қазақстан Республикасы Батыс Қазақстан облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі -«Қоғамдық келісім» КММ) 2024 жылғы 23 қазандағы № 73 ж санды еңбек шартын бұзу туралы бұйрығы заңсыз деп танылып, оның күші жойылған.

У.К.Нурмаханова «Қоғамдық келісім» КММ-не әлеуметтік бастаулар және қоғамдық келісім бөлімінің аға кеңесшісі лауазымына жұмысқа қайта орналастырылған, шешім дереу орындауға жолданған.

«Қоғамдық келісім» КММ-нен У.К.Нурмуханованың пайдасына 50 000 теңге мөлшерінде моральдық зиян өндірілген, талап қоюдың 450 000 теңге мөлшерінде моральдық зиянды өндіру бөлігі қанағаттандырусыз қалдырылған. Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысымен шешім өзгертілген. У.К.Нурмаханованың «Қоғамдық келісім» КММ-не бұйрықты бұзу, жұмысқа қайта орналастыру және моральдық залалды өндіру туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен келіспей, оның күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі негіздерге байланысты сот актісі күшінде қалдыруға жатады деп санайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

У.К.Нурмаханова «Қоғамдық келісім» КММ-де 2024 жылғы 5 ақпанда соттан тыс татуласу орталығының және медиация бөліміне медиатор лауазымына тағайындалып, 2024 жылғы 1 сәуірден осы мекемедегі әлеуметтік бастаулар және қоғамдық келісім бөлімінің аға кеңесшісі болып жұмыс жасаған.

«Қоғамдық келісім» КММ-нің 2024 жылғы 23 қазандағы №73 ж бұйрығымен У.К.Нурмахановамен еңбек шарты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 52-бабы 1-тармағы 8) тармақшасына және 64-бабы 1-тармағы 4) тармақшасына сәйкес бұзылған.

Талап қоюшы жұмыстан босатылуымен келіспей сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот, талап қоюды ішінара қанағаттандырып, өз шешімін жұмыс берушімен даулы бұйрық заңсыз шығарылғанымен негіздеген. Апелляциялық сот бұл тұжырыммен келіспей, талап қоюды төмендегі негіздер бойынша қанағаттандырусыз қалдыру туралы жаңа шешім қабылдаған.

Іс құжаттарына қарағанда, даулы бұйрықты қабылдауға талап қоюшының себепсіз 2024 жылдың қыркүйек айының 24 - 27 күндері жұмыста болмауы негіз болған, атап айтқанда 2024 жылғы 24 қыркүйекте талап қоюшы жұбайының ағасы Б.М. Умралиевтің қайтыс болғаны, осыған байланысты кадр қызметінің маманы Т.Айтжановамен хабарласып, жалақы сақталмайтын демалыс немесе жыл сайынғы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерін беруді сұрап, жұмыстап кетіп қалғаны анықталған. Бұл жағдайлар тиісті актілермен, У.К.Нурмаханованың түсініктемесімен расталған. Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 8) тармақшасына сәйкес, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасы бойынша: жұмыскер бір жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішінде дәлелді себепсіз үш және одан да көп сағат бойы жұмыста болмаған жағдайларда бұзылуы мүмкін. Анықталғандай, Еңбек кодексінің 97-бабының 1-бөлігіне сәйкес У.К.Нурмуханова жалақы сақталмайтын демалысқа шығу туралы өтініш бермеген, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы демалыс туралы бұйрық шығармаған. Яғни жұмыс берушіге тиісті түрде хабарламаған, заңды негіздерсіз жұмыс орнында болмаған.

Істің мұндай тұрғысында, апелляциялық соттың «Қоғамдық келісім» КММ-мен бұйрық заңды түрде шығарылған деген тұжырымы негізді, өйткені талап қоюшы дәлелсіз себеппен жұмыс орнында болмаған. Талап қоюдың бұл бөлігін қанағаттандыруға негіздер болмауына байланысты талаптың жұмысқа қайта орналастыру және моральдық залалды өндіру туралы бөлігі де заңды қанағаттандырусыз қалдырылған.

Анықталған мән-жайларға байланысты кассациялық сот апелляциялық сатыдағы соттың талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы түйіндерімен келіседі.

Шағым уәждері сот алқасының тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағаса берілген, шағымдалған сот актісінің күшін жоюға немесе өзгертуге әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.

Сондықтан сот актісі күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1)-тармақшасын басшылыққа алып, сот

Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 сәуірдегі қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.С.Джаппарова

судьялар А.К.Айкенова

Д.Д. Махметова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.