6001-23-00-6ап/23
2023 жылғы 20 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші Қайыпжан Н.Ү.,
судьялар Ермагамбетова Ж.Б., Нажмиденов Б.Т.,
прокурор К[...],
жауапкер өкілі У[...] қатысуымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы О[...] жауапкерлер Жамбыл облысы атқарушылық округының жеке сот орындаушысы (бұдан әрі – ЖСО) У[...], «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің Жамбыл облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» РММ-не (бұдан әрі – басқарма) іс-әрекеттерді заңсыз деп тану туралы әкімшілік ісі бойынша,
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымына және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымына талап қоюшының берген кассациялық өтінішхатымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
О[...] сотқа ЖСО У[...], Басқармаға іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы талап қою арызымен жүгінген.
Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымымен талап қоюшының талап қою арызы қайтарылған.
Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымымен соттың ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында бірінші және апелляциялық саты соттарының процессуалдық заң нормаларын бұзуына байланасты іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талап қою арызды мәні бойынша қарау туралы шешім қабылдауды сұраған.
Тараптардың уәждерін тыңдап, іс құжаттарын зерделеп, қассациялық сот алқасы төмендегі негіздерге байланысты дау айтылған сот актілері күшінде қалдырылуға жатады деген қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Осы іс бойынша аталған заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
ӘРПК 136-бабының бірінші, төртінші, жетінші бөліктеріне сәйкес, дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.
Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы Кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.
Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға немесе борышкерге ол туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.
АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкіндігі көрсетілген.
Іс құжаттарына қарағанда, Басқармамен 2019 жылы 2 мамырда және 2019 жылы 27 қарашада О[...] мүлік салығынан берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрықтары шығарылған. Аталған бұйрықтың негізінде ЖСО Н.Т.Усипбековпен 2019 жылы 14 қазанда атқарушылық өндірісі қозғалған. Атқарушылық іс жүргізу барысында сот орындаушысы тиісті атқарушылық әрекеттерді жүргізген. Бұдан кейін, Басқарманың 2022 жылғы 11 наурыздағы № 22000008278 және № 22000022308 санды бұйрықтарымен 2019 жылы 2 мамырдағы және 2019 жылы 27 қарашадағы О[...] мүлік салығынан берешекті өндіріп алу туралы салық бұйрықтарының күші жойылған.
Осыған байланысты ЖСО У[...] 2022 жылы 14 наурызда О[...] салық берешегін өндіріп алу туралы 2019 жылғы 14 қазандағы атқарушылық іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған.
Анықталғандай, О[...] сот орындаушысымен есеп шотына тоқтам салынғанын 2022 жылы 10 наурызда білген. Содан 2022 жылы 14 наурызда Басқармадан, ЖСО У[...] моралдық залалды өндіру туралы сотқа талап қою арызын берген. Тараз қалалық сотының 2022 жылғы 8 маусымдағы шешімімен оның талап қою арызы қанағаттандырылмаған.
О[...] 2022 жылы 10 маусымда жауапкерлер ЖСО У[...], Басқармаға қатысты талап арызды дайындап, ол Жамбыл облысының мамандандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында 2022 жылы 13 маусымда тіркелген.
Соттар әкімшілік талаптың негіздемесі оның жауапкерлерден моральдық залал өндіру туралы талабында да көрсетілген, сондықтан жауапкерлердің іс-әрекеті талап қоюшыға сол уақытта толық мәлім болған деген негізді қорытындыға келген.
Оны сотта талап қоюшының өзі де жоққа шығармаған.
Демек, соттың талап қоюды сотқа беруге өткізіп алған мерзімді қалпына келтіру туралы талап қоюшының арызын қанағаттандырусыз қалдырған тұжырымы негізді және заңды болып табылады.
Істің мұндай тұрғысында жергілікті соттардың О[...] талап қою арызын қайтару туралы тұжырымдары негізді, дауланған сот актілерін өзгертіуге, күшін жоюға ешқандай негіздер жоқ.
Жоғарыда көрсетілгендер негізінде, ӘРПК-нің 169-бабын, АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Осы әкімшілік іс бойынша қабылданған Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 24 тамыздағы ұйғарымы және Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 қарашадағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.
О[...] кассациялық өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н. Қайыпжан
Ж. Ермагамбетова
Судьялар
Б. Нажмиденов
Көшірмесі дұрыс
Судья
Н. Қайыпжан
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.