6001-22-00-3гп-379
Қ А У Л Ы
2022 жылғы 18 қазан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Б.Р.Ералиева, Н.Қ.Сұлтановтың,
прокурор Д[...], талап қоюшының өкілдері С[...], К[...], А[...],
жауапкерлердің өкілдері А[...], Ә[...]
қатысуларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында TrueConf мобилді бейнебайланысы арқылы талап қоюшы Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті «Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Мекеме, Салық органы), жауапкерлер «ТС[...]» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – ЖШС), «КС[...]» ЖШС-не мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қою арызымен қозғалған электрондық азаматтық іс бойынша қабылданған
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешіміне, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысына «КС[...]» ЖШС-нің келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық ісін қарап,
Мекеме сотқа жоғарыда көрсетілген талап қою арызымен жүгініп, онда жауапкерлер арасында 2019 жылы 3 қаңтарда жасалған № 01-01/19 шартты (бұдан әрі – Шарт); 2019 жылы 30 сәуірдегі ESF-[...]-2019043038954733, ESF-[...]-20190430-39341613, ESF-17104002145420190430-58105011; 2019 жылы 28 мамырдағы ESF-[...]-2019052840159929, ESF-[...]-20190528-41956075; 2020 жылғы 23 қаңтардағы ESF-[...]-20200123-35439902 электронды шотфактуралармен (бұдан әрі – Шот-фактуралар) дәлелденетін мәмілелерді (бұдан әрі – Мәмілелер) жарамсыз деп тануды сұраған.
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімімен талап қою арызы қанағаттандырылған.
«ТС[...]» ЖШС-і мен «КС[...]» ЖШС-і арасындағы Шарт пен Шот-фактуралармен дәлелденетін Мәмілелер жарамсыз деп танылған.
«ТС[...]» ЖШС-і мен «КС[...]» ЖШС-нің әрқайсысынан мемлекет кірісіне 5 107 теңгеден мемлекеттік баж өндірілген. Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Өтінішхатта «КС[...]» ЖШС-і істі қарау барысында материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты даулы сот актілерінің күшін жойып, істі апелляциялық сатыдағы сотқа жаңадан қарауға жіберуді сұраған.
Сот алқасы іс бойынша жауапкерлер «КС[...]» ЖШС-і мен «ТС[...]» ЖШС өкілдері А[...], Ә[...] өтінішхатты қолдаған түсініктерін, Мекеменің өкілдері С[...], К[...], А[...] сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған түсініктерін, прокурордың өтінішхатты қанағаттандырусыз, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, өтінішхат уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесідей тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы осы кодекстің 434-бабының 1-бөлігінде көрсетілген, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылады.
Сот алқасы бұл іс бойынша мұндай негіздер жоқ деп санайды.
Іс құжаттарынан анықталғандай «ТС[...]» ЖШС 2017 жылы 16 қазанда Мекемеде тіркелген, мекенжайы: Қызылорда қаласы, Т[...] көшесі, № 47, басшысы және құрылтайшысы – Д[...].
«ТС[...]» ЖШС-де жылжымайтын мүлік, жер және көлік құралдары болмауына байланысты 700.00 нысандағы көлік құралдары, жер салығы және мүлік салығы бойынша декларация тапсырылмаған.
«ТС[...]» ЖШС-мен «Біріңғай деректер қоймасы» ақпараттық жүйесінің камералдық бақылау нәтижелері тізілімінде анықталған кемшіліктер бойынша 2020 жылғы 11 ақпандағы № [...] камералдық бақылау нәтижелерімен салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламасы уақытында орындалмаған.
Хабарламаларды уақытында орындамағанына байланысты «Т[...]» ЖШС-і 2021 жылғы 1 сәуірдегі № 002803 қаулысы негізінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасы кодексінің 288-бабының 1-тармағымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
«КС[...]» ЖШС-і Қызылорда қаласы бойынша Әділет басқармасынан 2016 жылғы 9 тамызда № 550 мемлекеттік тіркеуден өтіп, мекенжайы ретінде Қызылорда қаласы, [...] деп көрсеткен.
Қосылған құн салығына төлеуші ретінде 2003 жылғы 18 наурыздан бастап тіркеуде. Қызмет түрі: «басқа да машина және арнайы жабдықтарды техникалық қамтамасыз ету және жөндеу». Тіркелу деректеріне сәйкес басшысы және құрылтайшысы: А[...].
Салық органы қаржылық-шаруашылық көрсеткіштеріне талдау жұмыстары нәтижесінде «ТС[...]» ЖШС-нің атында активтерінің, автокөлік құралдарының, жер, мүлік, тауар сақтайтын қоймаларының, тауар жеткізушілері, яғни жабдықтаушыларының, бюджетке төленетін төлемдерінің жоқтығын, салық жүктемесінің төмендігі қандай да бір қызмет көрсетуінің мүмкіндігінің болмауын, жауапкерлердің арасында ешқандай тауарлар тасымалданбағанын, қызметтер көрсетілмегенін, жалдамалы жұмысшылары мен есепшілерін дәлелдейтін құжаттары болмауын көрсетіп, аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.
Бірінші сатыдағы сот талап қоюды қанағаттандыра отырып, даулы мәмілелердің іс жүзінде орындалғаны сотта өз дәлелін таппағанымен негіздеген. Шарттардың, Шот-фактуралардың, бірқатар шығыстарының және олардың белгіленген талаптарға формалды сәйкестігінің, сондай-ақ өзге де бухгалтерлік құжаттардың, салық есептілігінің болуы тараптардың қабылдаған міндеттемелерін іс жүзінде орындағанын растамайды, сол себепті мәмілелердің жасалуының даусыз дәлелі болып табылмайды деп көрсеткен.
Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың шешімімен келісіп, сот актісін өзгеріссіз қалдырған.
Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 19-бабының 1-тармағының 10)-тармақшасына сәйкес, салық органдары соттарға мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талаптар қоюға құқылы.
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – Азаматтық кодекс) 147-бабында көзделгендей азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
Егер, заң актілерінде өзге негіздер белгіленбесе немесе тауар сипатынан туындамаса, сатып алу-сату шарты шарт жасасу кезінде сатушының қолында бар тауарға, сондай-ақ, сатушы болашақта шығаратын немесе сатып алатын тауарға жасалуы мүмкін.
«ТС[...]» ЖШС-і тауар өндіруші болмауы себепті, «КС[...]» ЖШС-ге сатылған тауардың пайда болу көзі ретінде бірнеше серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерді атаған, оның ішінде «Темір Металл оптом», ЖК Имран, Р[...], Шығыс LTD, С[...]. Бірақ, «ТС[...]» ЖШС-і аталған серіктестіктер және жеке кәсіпкерлермен жасалған құжаттарды жергілікті соттарға ұсынбаған.
Қазақстан Республикасының «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Заңының (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 2-бөлігіне сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуге негіз болатын, операцияның немесе оқиғаның
жасалу фактісінің және оны жасауға берілген құқықтың құжаттық бастамасы бастапқы есепке алу құжаттары болып табылады.
Заңның 7-бабының 4-бөлігі бойынша бастапқы құжаттар операцияның немесе оқиғаның іске асырылу кезінде, не олар аяқтала салысымен жасалуға тиіс.
«ТС[...]» ЖШС-і «КС[...]» ЖШС-не тауарларды беру үшін, ең алдымен өзі қажетті тауарларды серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерден алу үшін тиісті қаржылық құжаттар, тауар алуды куәландыратын тауар-көлік жүкқұжаттарын толтырып, ақша айналымын жасауы керек еді.
Бірақ «ТС[...]» ЖШС-де серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлермен операцияның немесе оқиғаның болғанын растайтын бастапқы құжаттардың болмауы, соңғының «КС[...]» ЖШС-не тапсырған тауарларының шын мәнінде болғанын дәлелдей алмайды. Салық кодексінің 166-бабының 1-тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар модельдері мемлекеттік тізілімге енгізілген, деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналары міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі.
Демек, барлық қолма-қол есеп айырысулар бақылау-кассалық машиналары арқылы жүргізіледі. Алайда, «ТС[...]» ЖШС-і серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлерге төлеген қаражатын растайтын дәлелдер (чектер, квитанциялар) сотқа ұсынылмаған.
АПК-нің 73-бабының 2-бөлігіне сәйкес салық органының талап қою арызын дұрыс шешу үшін қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалуын, алғашқы құжаттардың шынайылығын, еңбек және материалдық ресурстардың жеткілікті болуын анықтау қажет.
Жергілікті соттармен дауланып отырған мәміле бойынша «Т[...]» ЖШС-і жағынан қаржы-шаруашылық операциялардың іс жүзінде орындалмағаны, алғашқы құжаттардың шынайы емес екені, еңбек және материалдық ресурстардың жеткіліксіз болуы анықталған. Демек, соттар мәміле бойынша «ТС[...]» ЖШС-і «КС[...]» ЖШС-не Шартта және ЭШФ-да көрсетілген тауарларды шын мәнінде қоя алмаған деген қорытындыға дұрыс келіп, іс үшін маңызы бар мән-жайларға тиісті құқықтық баға берген.
Өйткені «ТС[...]» ЖШС «КС[...]» ЖШС-не тауар қоймас бұрын, оны қай жерден алғанын, қайда сақтағанын және ол қандай құжаттармен расталатынын, яғни тауар айналымы заң талабына сай болғанын дәлелдеуі қажет еді.
Сол себепті алқа, жергілікті соттардың даулы мәмілелер бойынша формалды құжат айналымы болып, салық міндеттемелерін азайту және бюджетке салық төлеуден жалтару мақсатында жасалған деген тұжырымдарын негізді және заңды деп есептейді.
Істің мұндай тұрғысында, сот алқасы өтінішхаттағы «К[...]» ЖШС-нің келтірген уәждерімен келіспейді, себебі жергілікті соттар
істің мән-жайын толық, жан-жақты және объективті түрде тексеріп, жиналған дәлелдемелерге материалдық және процестік құқық нормаларына сәйкес дұрыс баға беріп, заңды және негізді шешім қабылдаған.
Сондықтан сот алқасы, АПК-нің 427-бабында көрсетілген сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіздер жоқ деген қорытындыға келіп, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырады.
АПК-нің 451-бабы 1-бөлігінің 5) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 сәуірдегі шешімі, Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 27 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
«КС[...]» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Н.К.Шәріпов Судьялар Б.Р.Ералиева Н.Қ.Сұлтанов Көшірмесі дұрыс: Судья Б.Р.Ералиева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.