Қ А У Л Ы
2026 жылғы 29 қаңтар №6003-25-00-2к/3460(2) Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында
төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,
талап қоюшы өкілі К.Б.Мухамеджановтың, жауапкер өкілі С.Л.Дорогованың, аудармашы Р.Т.Шайхының қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы Астана қаласы әкімдігінің «Астана су арнасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны (бұдан әрі - Кәсіпорын) жауапкерлер «Шошаева Ж.М.» жеке кәсіпкері атынан әрекет етуші Шошаева Жанат Мекетаевнаға (бұдан әрі - Кәсіпкер), «КарЗТФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «КарЗТФ» ЖШС-і) және «Глобал Поставка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі - «Глобал Поставка» ЖШС-і) мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі «КарЗТФ» ЖШС-нің Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,
А Н Ы Қ Т А Д Ы :
Кәсіпорын аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны жауапкерлер шарт бойынша міндеттемелерін орындамағанымен негіздеген.
Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырылып, жауапкерлердің барлығы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп танылған және олардың әрқайсысынан мемлекет пайдасына 1 846 теңге мемлекеттік баж өндірілген.
«КарЗТФ» ЖШС-і кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандырудан бас тарту жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 126-бабының 2-бөлігінде егер осы Кодексте белгіленген мерзімдерді өткізіп алу себептерін сот дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екені бекітілген.
Анықталғаны, алқа қаулысы 2025 жылғы 6 наурызда шығарылған, АПКтің 436-бабының 1-бөлігіне сәйкес «КарЗТФ» ЖШС-і кассациялық шағыммен бірінші рет 2025 жылғы 5 қыркүйекте жүгінген, ол шағым қайтарылған соң екінші рет 2025 жылғы 17 қыркүйекте, үшінші рет 2025 жылғы 17 қазанда жүгініп отыр.
Яғни, «КарЗТФ» ЖШС-і бастапқы кассациялық шағымымен заңда көзделген мерзімде жүгінген, тиісінше оның кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызы қанағаттандырылуға жатады.
АПК-тің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.
Жергілікті соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 272, 273-баптарын және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы 2015 жылғы 4 желтоқсандағы Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.
Анықталғаны, 2024 жылғы 1 шілдеде Кәсіпорын мен Кәсіпкер арасында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы №6/1015 шарт жасалып, оған сәйкес соңғысы 414 000 теңге құрайтын 3 дана клапан (электромагниттік клапан) тауарын тапсырыс берушінің өтінімі бойынша 15 күнтізбелік күн ішінде жеткізіп беруге міндеттенген.
Кәсіпорынмен өтінім 2024 жылғы 7 қазанда веб-портал арқылы жіберілген, тиісінше тауарды жеткізу мерзімі 2024 жылғы 22 қазан, алайда тауар жеткізілмеуіне байланысты шарт 2024 жылғы 8 қарашада бұзылған.
2024 жылғы 9 қазанда Кәсіпорын мен «Глобал Поставка» ЖШС-і арасында баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы №6/1468 шарт жасалып, оған сәйкес соңғысы 406 389 теңге құрайтын 2 дана коректендіру блогы (деңгей датчигінің қоректендіру блогы) тауарын жеткізіп беруге міндеттенген.
Алайда, өнім беруші «Глобал Поставка» ЖШС-і екінші жеңімпаз болып табылған және шарт бойынша 3% қамтамасыз етуді енгізген жоқ, тауар жеткізілмеуіне байланысты шарт 2024 жылғы 29 қазанда бұзылған.
2024 жылғы 16 қыркүйекте Кәсіпорын мен «КарЗТФ» ЖШС-і арасында аукцион тәсілімен тауарларды мемлекеттік сатып алу туралы № 6/1357 шарт жасалған, оған сәйкес соңғысы 4 680 480 теңге құрайтын 6 дана бөлу (полиэтилен, диаметрі 800 мм) тауарын тапсырыс берушінің өтінімі бойынша 15 күнтізбелік күн ішінде жеткізуге міндеттенген.
Кәсіпорынмен өтінім 2024 жылғы 8 қазанда веб-портал арқылы жіберілген, тиісінше тауарды жеткізу мерзімі 2024 жылғы 23 қазан, алайда тауар жеткізілмеуіне байланысты шарт 2024 жылғы 11 қарашада бұзылған.
Бұл жағдайда жергілікті соттар жауапкерлердің әрекеттеріне дұрыс құқықтық бағасын берген, себебі шарт талаптары айқындалған тәртіпте
орындалуы тиіс (АК-тің 272-бабы), мiндеттеменi орындаудан бiржақты бас тартуға жол берілмейді (АК-тің 273-бабы).
Істің мұндай тұрғысында, яғни жауапкерлер өздерінің міндеттемелерін орындамағанын ескере отырып, талап қою қанағаттандырылуға жатады деген жергілікті соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.
Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген, шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ.
Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Жауапкер «КарЗТФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру жөніндегі арызы қанағаттандырылсын.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 26 желтоқсандағы шешімі мен Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 6 наурыздағы қаулысы күшінде, жауапкер «КарЗТФ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші К.Айтжанов
Судьялар Н.Жумагулова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.