ҚАУЛЫ
2023 жылы 17 қазан 6001-23-00-6ап/410 Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы Ш.Т.Даниярова,
судьялар – Е.Ж.Өміралиев, Ғ.Ө.Әлжанов болып,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында талап қоюшы К[...] жауапкер «Қазақстан Республикасы Ұ[...] 6698 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне тұрғын үй кезегіне қоюдан бас тарту туралы шешімін заңсыз және негізсіз деп тану, 2022 жылғы 6 маусымнан бастап өзін және отбасы мүшелерін тұрғын үй кезегіне қосып, тұрғын үй төлемдерін төлеуді міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған,
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 6 желтоқсанындағы қаулысына талап қоюшы К[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Шымкент гарнизоны әскери сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы шешімімен талап қою арыз толығымен қанағаттандырылған.
6698 әскери бөлімінің тұрғын үй комиссиясы отырысының 2022 жылғы 30 маусымдағы №9 хаттамалық шешімінің талап қоюшы К[...] тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіне қоюдан бас тарту туралы бөлігі заңсыз және негізсіз деп танылған.
«Қазақстан Республикасы Ұ[...] 6698 әскери бөлімі» республикалық мемлекеттік мекемесіне К[...] 2022 жылғы 6 маусымдағы баянаты бойынша қолайлы әкімшілік акт қабылдау міндеттелген.
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 6 желтоқсанындағы қаулысымен Шымкент гарнизоны әскери сотының 2022 жылғы 16 тамыздағы іс бойынша шешімінің күші жойылған.
Талап қоюшы К[...] талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған. Прокурордың апелляциялық өтінішхаты қанағаттандырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында материалдық заңның дұрыс қолданылмағанына байланысты апелляция қаулысымен келіспейтінің көрсетіп, бірінші сатыдағы сотының шешімін күшіне қалдыруды сұраған. Іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы келесі тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (осыдан кейін - ӘРПК) 168-бабаның 1-бөлігіне сәйкес апелляциялық сатыдағы сотта апелляциялық шағым бойынша апелляциялық шағым жасау мен әкімшілік іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің қағидаларында айқындалады.
Сот шешімін апелляциялық тәртіпте өзгерту және күшін жою негіздері Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (осыдан кейін - АПК) 427 бабында көресетілген.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге орын алмаған.
Жергілікті соттар анықтағандай, К[...] 2007 жылғы 16 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ұ[...] қарасты әскери бөлімде қызметін атқарады. Қазіргі уақытта 6698 әскери бөлімі штаб бастығының аға көмекшісі қызметін атқаруда.
К[...] 2022 жылы 9 маусымда 6698 әскери бөлім командирі подполковник К[...] өзін және отбасы мүшесін тұрғын үй алу кезегіне қою және тұрғын үй төлемдерін төлеу туралы баянатпен жүгінген.
6698 әскери бөлімнің тұрғын үй комиссиясы отырысының 2022 жылғы 30 маусымдағы №9 хаттамасы шешімімен жоғарыда көрсетілген баянат қаралып, жұбайы Д[...] мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берілгеніне байланысты қанағаттандырусыз қалдырылған.
Іс материалдарымен анықталғандай, «Шымкент қаласының тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі 2018 жыл 12 қазандағы №697 мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйді жалдау шарты негізінде талап қоюшының жұбайы Д[...] және отбасы мүшелері К[...], ұлы Е[...], қызы Е[...] Шымкент қаласы, Қаратау ауданы, «Нұрсәт» мөлтек ауданы, №[...] үй, №[...] пәтер жалға берілген. Осы шарттың 3-бөлігінде тұрғын үйді пайдаланғаны үшін төлем айына 6420,83 тенгені құрайтыны және 6-бөлігінің 14тармағының 1-тармақшасында пәтер жекешелендіруге жататындығы көрсетілген.
Яғни, К[...] және оның отбасы мүшелерінің мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған тұрақты пайдалануында тұрғынжайы бар. «Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 8 қарашадағы Қазақстан Республикасы Әскери сотының сұрау хатына берген жауабында жоғарыда көрсетілген жалға берілген пәтер жекешелендіруге жататындығы көрсетілген.
Аталған шартта жалға алу мерзімі көрсетілмеген, яғни К[...] және оның отбасы мүшелері тұрғын үйді кез-келген уақытта пәтердің қалдық құнын төлеп, оны жекешелендіруге құқықтары бар.
Бірінші сатыдағы сот, өз шешімінде Заңның 101-3-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сілтеме жасай отырып, әскери қызметшілер (мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерді, әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерін, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді қоспағанда) олардың осы елді мекенде меншік құқығында тұрғынжайы болмаса, тұрғынжайға мұқтаж деп танылады, бұл ретте тұрғынжайда елу пайыздан кем үлестің болуы есепке алынбайтынын және осы тармақшаның талабы осы Заңның 101-5-бабының 1), 3), 4), 5) және 7) тармақшаларында көзделген мақсаттарда, сондай-ақ кейіннен сатып алатын тұрғынжайды жалға алу ақысын төлеу үшін жасалған шарт бойынша орындалмаған міндеттемесі бар әскери қызметшілерге қолданылмайды деп қате көрсеткен.
Осындай жағдайда, апелляциялық саты бірінші сатыдағы сот шешімін күшін жойып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруы заңды және негізді болып табылады. Оның негіздемелері сот қаулысында толық көрсетілген.
АПК-ның 452-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сәйкес келуге тиiс.
АПК-ның 426-бабының екінші бөлігіне сай жаңа дәлелдердің болмауына байланысты, апелляциялық сатының қаулысын өзгертуге не оның күшін жоюға негіздер жоқ деп санайды.
Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне дауланған сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Қазақстан Республикасы Әскери сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 6 желтоқсанындағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшы К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Ш.Даниярова
Е.Өміралиев
Судьялар
Ғ.Әлжанов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.