№6003-25-00-2к/2577
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 25 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында төрағалық етуші судья М.Т.Кадырова, судьялар А.З. Каирбеков, Р.А.Исполова, талап қоюшының өкілі Б.Н. Орынбековтың, жауапкердің өкілі Р.Н. Тасыбаевтың,
үшінші тұлға өкілдері А.Б. Жұмановтың, Ә.Шотбаеваның, Н.Т. Мадазимовтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшылар «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, «Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жауапкер «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамын мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап қоюы бойынша азаматық істі үшінші тұлға «Асанас-Дар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 мамырдағы шешіміне және Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
«Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі-Басқарма) 2024 жылғы 10 шілдеде рейтингтік-балдық жүйе тәсілімен конкурс жариялаған. «Қызылорда қаласы Сырдария өзенінің сол жағалауы №2 шағын ауданынан бес этажды 10 тұрғын үйдің коммуналдық инженерлік инфрақұрылым желілерінің құрылысы» бойынша өткізілген мемлекеттік сатып алу қорытындылары нәтижесінде жеңімпаз болып «Көкшетаугидрогеология» акционерлік қоғамы (бұдан әрі –АҚ) танылған. Әлеуетті өнім беруші «Асанас-Дар» (бұдан әрі-ЖШС) екінші орынды алған женімпаз болып танылған.
Конкурс қорытындысына сәйкес 2024 жылғы 17 шілдеде «Қызылорда қаласының құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әріБөлім) мен жеңімпаз «Көкшетаугидрогеология» АҚ арасында №136 шарт жасалған.
Басқарма және Бөлім сотқа аталған талап қоюлармен жүгініп, оны жауапкер тарапынан мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу барысында анық емес ақпарат бергенімен негіздеген.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әріАПК) 167-бабының 3-бөлігіне сәйкес екі талап қою бір азаматтық іске біріктірілген.
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2025 жылғы 23 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.
Үшінші тұлға «Асанас-Дар» ЖШС-нің өкілі кассациялық шағымында соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлардың шеңберін дұрыс анықтамағанын, жауапкер анық емес ақпарат бергені туралы дәлелдемелерге дұрыс баға бермегенін, материалдық құқықтық нормалары бұзылғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыруды сұрады.
Кассациялық сот шағымды қолдаған үшінші тұлғаның, талап қоюшылардың өкілдерін, шағымға қарсылық білдірген жауапкердің өкілін тындап, келесі тұжырымға келді.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңның (бұдан әрі-Заң) 2-бабының 1) тармағына сәйкес анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа (аукционға) қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім берушінің берілген өтінімінің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер.
Жауапкер конкурстық өтінімінде жұмыс тәжірибесі ретінде «Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданы Қаратерек ауылында жергілікті сумен жабдықтау көзін салу» (Бас мердігер: «Инсект» ЖШС) нысаны бойынша қосалқы мердігер ретінде жұмыстар атқарғандығын көрсеткен. Соттар тараптар ұсынған дәледемелерге сәйкес «Инсект» ЖШС-і мен жауапкер «Көкшетаугидрогеология» АҚ-ы араларында 2016 жылғы 2 тамызда шарт жасалып, «Көкшетаугидрогеология» АҚ қосалқы мердігер ретінде жұмыс атқарғаны анықталған. Шарт талаптарына сай жауапкер Ш.Уәлиханов ауданы, Қаратерек ауылында жергілікті сумен жабдықтау көзін салу жұмыстары барысында скважина қазу жұмыстарын жүргізіп, орындалған жұмыстар актісі және шот-фактура негізінде скважина бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Шарт бойынша жұмыстар
«Инсект»ЖШС-мен қабылданған. 2016 жылғы 30 қыркүйекте атқарылған жұмыстарға «Инсект» ЖШС-мен жауапкерге төлемдер жасалған. Сәйкестік туралы декларациясында орындалған жұмыстарды қосалқы мердігер ретінде «Көкшетаугидрогеология» АҚ-ы жасағаны көрсетілген. Сонымен бірге жобаның авторлық қадағалаушы «ГеоСтрой-Север» ЖШС-і 2016 жылғы 20 желтоқсандағы орындалған жұмыстардың жоба сәйкестігі туралы қорытындысында аталған нысанда жұмыстарды қосалқы мердігер ретінде жауапкер тартылғанын, нысан бойынша қазылған скважинаның паспорттары ұсынылып, ол паспортта скважинаны жауапкер бұрғылағандығы көрсетілген.
Бұндай жағдайда соттар дәлелдемелерге дұрыс баға бере отырып, жауапкердің мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысу барысында анық емес ақпарат берген деген талап қоюшылардың уәждері негізсіз деген тұжырымдамалары дұрыс.
Үшінші тұлғаның кассациялық шағымында көрсетілген уәждері бірінші және апелляциялық соттарда қаралып, оларға дұрыс құқықтық баға берілген. Іс қаралған кезде материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған.
Сондықтан дауланып отырған соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған апелляциялық сатының қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 21 тамыздағы қаулысы күшінде, үшінші тұлға «Асанас-Дар» ЖШС-нің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
М.Т. Кадырова
Судьялар А.З. Каирбеков
Р.А. Исполова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.