6001-22-00-6ап/1010
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 1 желтоқсан Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – алқа судьясы С.Ү.Баймаханов, судьялар - Ш.Т.Даниярова, Е.Д.Өмірәлиев, талап қоюшының өкілі – О[...], жауапкердің өкілі – У[...], мүдделі тұлғалар:
жеке кәсіпкер К[...] өкілі – Б[...],
«Қарақия аудандық жер қатынастар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің өкілі – Б[...],
«Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің «Батысқазжерқойнауы» Батыс Қазақстан өңіраралық геология департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі К[...] қатысуыларымен,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында мобильді бейнеконференцбайланыс арқылы ашық сот отырысында талап қоюшы жеке кәсіпкер Т[...] (бұдан әрі – ЖК Т[...]) жауапкер «Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Басқарма) лицензия беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы әкімшілік іс бойынша қабылданған, Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қаңтардағы шешімімен Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының өкілі О[...] келтірген кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы ЖК Т[...] 2021 жылғы 20 мамырдағы лицензия беруден бас тарту туралы хатымен келіспей, жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген. Онда талап қоюшы қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беру туралы өтінішке тиісті құжаттарын толығымен тіркегенін көрсеткен.
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қаңтардағы шешімімен талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған. Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі О[...] кассациялық шағымында іс бойынша соттар шешім қабылдағанда материалдық және процестік құқық нормаларын елеулі түрде бұзғанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жойып, талап қоюды қанағаттандыру туралы жаңа шешім шығаруды сұраған.
Талап коюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы және мүдделі тұлғалар өкілдерінің пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 169 - бабының бірінші бөлігіне сай кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктерге соттармен жол берілген.
Іс материалдарынан анықталғандай, 2019 жылғы 29 тамызында талап қоюшы ЖК Т[...] пайдалы қатты қазбаларды барлауға арналған лицензия берілген.
Аталған лицензия негізінде, 2019 жылғы 29 қазанда талап қоюшының Қарақия аудандық жер қатынастар бөлімімен арасында жария сервитуты жөнінде келісім-шарт жасақталған.
2019 жылғы 30 қазанда талап қоюшы барлауға арналған лицензия бойынша ағымдағы есепті кезеңде жер учаскесін пайдаланғаны үшін 75 750 теңгені мемлекет пайдасына төлем жүргізген.
Заңды күшіне енген Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2020 жылғы 13 наурыздағы шешімімен 2019 жылғы 29 қазандағы жария сервитуты жөніндегі келісім-шарт жарамсыз деп танылған.
2020 жылғы 29 мамырда ЖК Т[...] қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беру туралы арызбен Басқармаға жолданған.
2020 жылғы 9 шілдеде талап қоюшыға аталған лицензия беруден жауапкер бас тартқан.
Бұл әрекетпен келіспей, талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгінген.
Заңды күшіне енген Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2021 жылғы 1 наурыздағы шешімімен, талап қою мерзімінің өтеуі және сервитут жөніндегі келісім-шартының жарамсыз деп танылуына байланысты талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
2021 жылғы 17 мамырында ЖК Т[...] уәкілетті органға қайта арызданып, қатты пайдалы қазбаларды өндіруге лицензия беруді сұраған.
2021 жылғы 20 мамырында жауапкер лицензия беруден бас тартып, ол туралы жазбаша хат жолданған. Басқарманың лицензия беруден бас тарту әрекетімен талап қоюшы келіспеген.
Жергілікті соттар істі мәні бойынша қарап, келесі мән-жайларды ескермеген.
ӘРПК-нің 138 - бабының екінші бөлігінің 12) тармақшасына сай, сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған заңды күшіне енген соттың шешімі болса, сот (судья) талап қоюды қайтару туралы ұйғарым шығарады.
Бұндай жағдайда, жоғарыда аталған заңды күшіне енген сот актілерімен талап қоюшының лицензия беруден бас тарту әрекеті заңсыз деп тану туралы талабы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта іске асырылғаны расталған.
Аталған талап қою сол тараптар арасындағы сол нысана туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша шығарылған.
Бірақ жергілікті соттар ӘРПК-нің аталған талаптарын бұза отырып, талап қоюды қабылдап, істі мәні бойынша қараған. Сондықтан талап қою арызы қайтарылуға жатады.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілерінің күші жойылуға, әкімшілік талап қою қайтаруға жатады деп санайды.
ӘРПК-нің 138 - бабының үшінші бөлігіне сай, осы баптың екінші бөлігінің 12) тармақшасы негізінде талап қою қайтарылғанда, сол жауапкерге сол нысана мен сол негіздер туралы сотқа талап қоюмен қайтадан жүгінуіне болмайды.
Сот актерінің күші арыз берушінің уәждері бойынша жойылмайтынын назарға ала отырып, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға тиіс.
ӘРПК-нің 122-бабының екінші бөлігіне сай талап қоюды осы Кодекстің 138-бабы екінші бөлігінің 12) тармақшасында көзделген негіз бойынша қайтару кезінде сот шығыстары өтелмейді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік колексінің 451-бабы екінші бөлігінің 6) тармақшасын басшылыққа ала отырып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Маңғыстау облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2022 жылғы 26 қаңтардағы шешімі және Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 13 сәуірдегі қаулысының күші жойылсын.
Талап қоюшы жеке кәсіпкер Т[...] жауапкер «Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасы» мемлекеттік мекемесінің лицензия беруден бас тарту әрекетін заңсыз деп тану туралы талап қою арызы кері қайтарылсын.
Талап қоюшының өкілі О[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Судьялар
С. Баймаханов
Ш. Даниярова Е. Өмірәлиев
Көшірмесі дұрыс. Судья
Ш. Даниярова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.