ВС РК - Постановление от 21.11.2023 по делу 6001-23-00-6ап/1427 (Административное)

6001-23-00-6ап/1427

ҚАУЛЫ

2023 жылғы 21 қараша Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Н.Ү.Қайыпжан, Б.Т.Нажмиденов болып, жауапкер өкілдері М[...]., К[...]., Ш[...]., С[...] қатысуларымен,

талап қоюшы П[...] жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі» ММ-не, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас мемлекеттік еңбек инспекторына, «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон комитеті» ММ-не, Түркістан облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторына, Түркістан облысының мемлекеттік еңбек инспекторы А[...], «Казатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ-на, «А[...]» ЖШС-не талап қоюшының шағымдары мен арыздарына берген жауап хаттарын заңсыз деп тану, аталған қызметкерлердің лауазымдық міндеттерін тиісінше атқармай, салғырт орындауы салдарынан талап қоюшының және Созақ ауданы тұрғындарының құқықтары бұзылған деп тану, қабылданған актілердің күшін жою, жауапкерлерге Қазақстан заңнамалары мен нормативтік құқықтық актілеріне негізделген түсіндірме беруді міндеттеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымы мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымына талап қоюшының кассациялық шағымымен келіп түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы П[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 138-бабының екінші бөлігінің 11) және 15) тармақшалары негізінде П[...] талап арызы қайтарылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы соттың ұйғарымы өзгеріссіз, талап қоюшының жеке шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған. Талап қоюшы кассациялық шағымында жергілікті соттардың тұжырымдарымен келіспейтіндігін көрсете келе, материалдық және процестік

құқық нормаларының бұзылуына орай күшін жойып, шағымды толығымен қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды және жауапкерлердің лауазымды тұлғаларына қатысты құқық және заң бұзушылықтарға жол бергені үшін жеке ұйғарым шығаруды сұраған.

Жауапкерлер өкілдерінің кассациялық шағымға қарсы пікірлерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған. ӘРПК-нің 102-бабының екінші бөлігіне сәйкес, жария-құқықтық қатынастардан туындайтын даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралатыны қарастырылған.

ӘРПК-нің 4-бабының 1-бөлігінің 4) тармақшасына сәйкес, әкімшілік акт - жария-құқықтық қатынастарда әкімшілік орган, лауазымды адам қабылдайтын, белгілі бір тұлғаның немесе жеке-дара айқындалған тұлғалар тобының Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім.

Яғни әкімшілік іс жүргізу тәртібінде әкімшілік рәсімге қатысушының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе міндет жүктейтін, сондай-ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе іс-әрекет қаралуға жатады.

Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы П[...] әкімшілік талабының мәні оны жұмыстан босату барысында еңбек заңнамасының талаптары бұзылғаны көрсетіліп, оның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.

Жергілікті соттар тараптардың арасында жария-құқықтық қатынастардан туындайтын қандай да бір даудың жоқ екендігін анықтап, жауапкерлер тарапынан ауыртпалық салатын әкімшілік акт - талап қоюшының құқығын іске асырудан бас тартатын, шектейтін, тоқтататын немесе оған міндет жүктейтін, сондай- ақ оның жағдайын өзгеше түрде нашарлататын акт немесе құқықтары мен міндеттерін іске асыратын шешім қабылданбаған деген қорытындыға келген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, жұмыс беруші «А[...]» ЖШС-ның 2020 жылғы 12 қазандағы №348-жқ бұйрығымен Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 49 бабының 3) тармақшасы және 52-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес П[...] еңбек қатынастары тоқтатылған.

Талап қоюшы П[...] аталған бұйрықпен келіспей, оның күшін жою және жұмысқа қайта орналастыру туралы талап арызбен сотқа жүгініп,

нәтижесінде Түркістан облысы Созақ аудандық сотының 2021 жылғы 25 мамырдағы шешімімен талап арыз қанағаттандырусыз қалдырылып, жұмыс берушінің әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілген.

Сондай-ақ, талап қоюшы П[...] шағымдарына жауапкерлермен 2018, 2019, 2021 жылдары және соңғысына 2022 жылғы тамыз, қараша айларында жауапкерлермен тиісті жауаптар берілген.

ӘРПК-нің 136-бабының 1-бөлігінде дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа берілетіндігі қарастырылған.

АПК-нің 126-бабының екінші бөлігінде, егер сот мерзімдерді өткізіп алу себептерін дәлелді деп таныса, сот оларды қалпына келтіруі мүмкін екендігі көзделген.

Жергілікті соттар АПК-нің 126-бабында көзделген негіздердің бұл жағдайда болмағанын, оларды растайтын өзге де дәлелді себептер мен құжаттардың жоқтығын анықтаған.

Сот алқасы соттардың көрсетілген тұжырымдарымен келіседі, өйткені талап қоюшымен заңмен белгіленген мерзімді өткізіп алуға себеп болған өзге де дәлелдер немесе себептер сотқа ұсынылмаған.

Жоғарыда аталғандар негізінде төменгі саты соттары тарапынан материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермегенін ескеріп, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға немесе өзгерістер енгізуге негіздер жоқ деп санайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабын және АПК-нің 451-бабының екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 3 сәуірдегі ұйғарымы мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 4 мамырдағы ұйғарымы күшінде қалдырылсын.

Талап қоюшы П[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар

Н.Ү. Қайыпжан

Б.Т. Нажмиденов

Көшірмесі дұрыс.

Судья Г.Б. Дуйсенбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.