КСАД РК - Постановление от 09.10.2025 по делу 6003-25-00-4к/216 (Административное)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 9 қазан №6003-25-00-4к/216 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.Туғанбаев,

судьялар Н.Нуралыева, Ж.Оспанова болып,

талап қоюшының өкілі К.Карагойшиевтің,

жауапкер өкілі К.Медетбековтің қатысуымен ашық сот отырысында

талап қоюшылар Жанеля Қуатқызы мен Әсем Сансызбайқызы Сапаштың жауапкер «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына (бұдан әрі – Зияткерлік мектеп, НЗМ) қойған

2024 жылғы 24 мамырдағы №28 хаттаманың 1-тармағы 3),4) тармақшаларын, 4-тармағының 3),4) тармақшаларын заңсыз деп танып, күшін жою, ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарын беруге міндеттеу туралы талабы бойынша қабылданған

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысына талап қоюшы Ж.Қуатқызының кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшылар Ж.Қуатқызы мен Ә.Сапаш жоғарыда көрсетілген талаппен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімімен талапты қанағаттандырудан бас тартылған.

Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Кассациялық шағымда талап қоюшы Ж.Қуатқызы мен оның өкілі Е.Карагойшиев сот актілерінің күшін жоюды және жауапкерге қойған талаптарын қанағаттандыруды сұраған. Шағым иелері сот тұжырымдары заңнамадағы және нормативтік құжаттардағы нормаларға негізделмегені, істің мән-жайларына әділ баға берілмегені жайлы уәждер келтірген.

Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымды қолдаған, жауапкер өкілінің сот актілерін күшінде қалдыру туралы түсініктерін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі-ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Осы іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Істің мән-жайларына қарағанда, 2024 жылғы 1 және 2 мамыр күндері НЗМ-нің Астана, Шымкент және Орал қаласы филиалдарының оқушылары арасында «Математика» пәні бойынша сыртқы жиынтық бағалау материалдарын (бұдан әрі-Емтихан сұрақтары) сатып алу-сату және тарату фактісі орын алған.

Аталған факті бойынша НЗМ қызметтік тексеру жүргізген.

Академиялық адалдық қағидаларын бұзғаны үшін бірқатар оқушыларға тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданып, бірқатарының, оның ішінде талап қоюшылар Ж.Қуатқызы мен Ә.Сапаштың, қайта тапсыру құқығынсыз жиынтық бағалау нәтижелерінің күші жойылған.

Нақтырақ айтқанда, НЗМ Басқарма отырысының 2024 жылғы 24 мамырдағы №28 хаттамалық шешімімен (бұдан әрі - №28Хаттама) Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің (бұдан әрі-Орал ФМБ мектебі) 12-сынып оқушылары Ж.Қуатқызы мен Ә.Сапаштың қайта тапсыру құқығынсыз «Математика» пәні бойынша сыртқы жиынтық бағалаудың бірінші және екінші компоненттері нәтижелерінің күші жойылған. Сонымен қатар аталған оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарын алу үшін жинақталатын оқушылардың тізіміне енгізуден бас тартылған.

№28 Хаттамамен келіспей, оның өздеріне қатысты бөліктерін заңсыз деп танып, күшін жоюды және жауапкерді ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарын беруге міндеттеуді сұрап, талап қоюшылар Ж.Қуатқызы мен Ә.Сапаш әкімшілік талаппен сотқа жүгінген.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талапты қанағаттандырудан бас тартқанда, талап қоюшылар Ж.Қуатқызы мен Ә.Сапаш тарапынан Академиялық адалдық қағидалары бұзылғанын, сәйкесінше жауапкердің оларға қатысты қабылдаған шешімінің заңды және негізді екенін алға тартқан. Кассациялық сот төменгі саты соттарының шешімі істің анықталған мән-жайлары негізінде және әкімшілік рәсім қағидаттарына сәйкес қабылданған деп санайды.

Мұндай тұжырымға келуге келесі негіздер бар.

«Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы №394-IV Заңының 3-бабы 3) тармақшасына, 4- бабының 2-тармағына сәйкес зияткерлік мектептер білім беру қызметін, оның ішінде қосымша білім беру саласында жүзеге асыру мақсатында құрылатын дербес білім беру ұйымы болып табылады. Оның қызметі дербестік және өзін-өзі басқарушылық қағидатына, яғни қаржыэкономикалық, әкімшілік басқарудағы, шешімдер қабылдаудағы оқшаулық мен еркіндік қағидатына негізделеді. НЗМ Жарғысының 4-бабында НЗМ мен білім алушылар жене (немесе) олардың ата-аналарымен (заңды өкілдері) қатынастар осы Жарғымен, НЗМ Басқармасымен бекітілетін Білім алушылар үшін ішкі тәртіп ережелерімен (бұдан әрі-Ішкі тәртіп ережелері) , сондай-ақ Білім беру қызметін көрсету туралы шартпен айқындалатыны көзделген.

Сәйкесінше НЗМ мен талап қоюшылар (заңды өкілдері) арасында Білім беру қызметін көрсету туралы шарттар жасалған.

Бұл шарттарда тараптардың өзара құқықтары мен міндеттері белгіленген, жауапкершілігі айқындалған.

Сонымен қатар Ішкі тәртіп ережелерінде білім алушылардың осы ереже талаптарын, сондай-ақ НЗМ Басқармасы шешімімен 2015 жылғы 11 ақпанда бекітілген «Назарбаев Зияткерлік Мектептері оқушыларының академиялық адалдықты сақтау ережелерін» (бұдан әрі - Академиялық адалдық қағидалары) сақтау міндеті белгіленген.

Талап қоюшылар дау келтірген шешім (қайта тапсыру құқығынсыз жиынтық бағалау нәтижелерін жою туралы шешім) осы ережелердің талаптарының бұзылуына байланысты қабылданған.

Жауапкердің талап қоюшыларды ұлттық бірыңғай тестілеу сертификаттарын алу үшін жинақталатын оқушылардың тізіміне енгізуден бас тарту туралы шешімі де осы алдыңғы шешімнен туындайды, себебі сертификаттар білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен шкалаға сәйкес НЗМ түлектерінің сыртқы бағалау нәтижелерінің қорытындысы бойынша беріледі.

Академиялық адалдық қағидаларына сәйкес НЗМ білім беру процесінің негізгі құндылықтарының бірі – адалдық болып табылады.

Бұл қағидалардың мақсаты - оқушылардың бойында адалдық, ашық, шынайы және сенімді қарым-қатынас құру, сондай-ақ өмірде адалдықты дамыту мәселелеріндегі жауапкершілік туралы түсініктерін қалыптастыру. Қағидаларда академиялық адалдық бұзылған әрбір жағдайда оқушының жұмысы қайта тапсыру құқығынсыз жойылатыны бекітілген. Сыртқы жиынтық бағалау - білім беру бағдарламасы бойынша негізгі және жоғары мектепті аяқтаған оқушылардың білімі мен оқу дағдыларының қалыптасу деңгейін анықтайтын, мектептен тыс мекемемен дайындалатын және өткізілетін бағалау.

Іс материалдарына қарағанда, сыртқы жиынтық бағалау өткізілер алдында, 2024 жылғы 1 мамырда, Орал ФМБ мектебінің 11-сынып оқушысы Ж.Жәрдем талап қоюшы Ж.Қуатқызымен байланысқа шығып, математика пәні бойынша емтиханға дайын жауаптар сатып алуды ұсынған. Ж.Қуатқызы бұл жауаптарды сатып алудан бас тарта тұра, дайын жауаптардың бар екені жайлы Telegram – чат арқылы Орал ФМБ 12-сынып оқушыларының тобында бөліскен. Осы хабарламаны көргеннен кейін Ә.Сапаш материалға қызығушылық танытқан оқушылардан ақша жинаған. Кейіннен емтихан материалдары сәйкес келмегендіктен, жиналған ақша қайтарылған..

Талап қоюшы өкілі К.Карагойшиев жауапкердің дауланып отырған шешіміне келіспеушілік білдіргенде, Ж.Қуатқызының әрекеті Академиялық адалдық қағидаларында тізбектелген бұзушылықтардың бірде-біреуіне сәйкес келмейтіні, оқушылар арасында тараған материалдың емтиханның нақты тапсырмаларына сәйкес келмейтіні және емтихан нәтижесіне әсері болмағаны жайлы уәждер келтірген.

Осы уәждер талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында да келтірілген.

Бұл уәждер негізсіз болып табылады, себебі Академиялық адалдық қағидаларының «Бұзушылық түрлері» деп аталатын 13-тармағының 5) тармақшасында (бағаланатын жұмыс жауаптарын адал емес жолмен алу) бағаланатын жұмыстарды сатып алуда/сатуда жәрдемдесу адалдық ережелерін бұзушылық ретінде белгіленген.

Талап қоюшы Ж.Қуатқызы басқа оқушыларға саналы түрде көмек көрсетіп, бағаланатын дайын жұмыстарды сатып алуға және сатуға, яғни жауаптарды адал емес жолмен алуға жәрдемдескен.

Бұл ретте таратылған материалдың емтиханның нақты тапсырмаларына сәйкес келмегені, емтихан нәтижесіне әсері болмағаны маңызды емес, себебі аталған әрекеттің өзі адалдық ережелерін бұзу болып табылады. ӘРПК-нің 155-бабының екінші бөлігінле әкімшілік орган, лауазымды адам әкімшілік қалауды жүзеге асырған кезде сот Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген шектерден асқанын-аспағанын және әкімшілік қалауды жүзеге асыру осы өкілеттіктің мақсаттарына сәйкес келетінін-келмейтінін тексеретіні көрсетілген. Бұл жерде әкімшілік орган – НЗМ, ол талап қоюшыға қатысты шешімін өзінің әкімшілік қалауы шегінде қабылдаған. Шешім оның өкілеттік мақсаттарына және мөлшерлестік қағидатына сәйкес келеді. Мөлшерлестік қағидаты дегеніміз - әкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде әкімшілік рәсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің әділ теңгерімін қамтамасыз ету.

Бұл ретте әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) мөлшерлес яғни жарамды, қажетті және пропорциялы болуға тиіс (ӘРПК-нің 10-бабы), Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі.

Егер әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дәрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.

Егер әкімшілік рәсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нәтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, әкімшілік акт, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.

Осы өлшемшарттар тұрғысынан саралағанда, дауланып отырған шешім бір жағынан – талап қоюшы Ж.Қуатқызы (әкімшілік рәсімге қатысушы), екінші жағынан - қоғам мүддесі (өзге білім алушылардың құқықтарының бұзылуы; НЗМ-нің беделіне, оның оқушылары мен қызметкерлерінің абыройына, білім беру жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіретін материалдардың таралуы; жағымсыз пікірдің пайда болуы) ескеріле отырып, мөлшерлес қабылданған.

Жоғарыда келтірілгендердің негізінде, кассациялық сот шағымдалып отырған сот актілерінің заңды және негізді қабылданғаны жайлы қорытындыға келеді.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уәждеріне сот актілерінде тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дәлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды және істің мәнжайларына сәйкес келетін сот актілерін өзгертуге немесе олардың күшін жоюға негіз бола алмайды.

Мұндай жағдайда талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады. ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 20 тамыздағы шешімі мен Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшы Ж.Қуатқызының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Төрағалық етуші М.Туғанбаев Судьялар Н.Нуралыева Ж.Оспанова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.