Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 06.11.2025 по делу 6003-25-00-2к/1648 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2025 жылғы 6 қараша №6003-25-00-2к/1648 Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты құрамында

төрағалық етуші судья К.Р.Айтжанов, судьялар Н.А.Жумагулова, Н.О.Косанов,

талап қоюшы С.Ж.Илесовтың және оның өкілі Ә.М.Сәпидың, жауапкер өкілі Б.Ш.Урумбаевтың, үшінші тұлға Ж.С.Илесовтың қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Сапар Жолдарович Илесов (бұдан әрі - талап қоюшы) жауапкер Гульнара Тыныбековна Биркеноваға (бұдан әрі - жауапкер), даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар Жандос Сапарович Илесов, Бакыт Абенович Жуматов, нотариус Эльмира Махмуталиевна Шолпанкулова, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы электрондық форматтағы азаматтық істі талап қоюшының Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімі (бұдан әрі - сот шешімі) мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысына (бұдан әрі - алқа қаулысы) берген кассациялық шағымымен қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

Талап қоюшы аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, оны мәміле формальды түрде жасалғанымен негіздеген.

Алқа қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған сот шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған

Талап қоюшы кассациялық шағымында соттармен материалдық және процестік құқық нормалары бұзылғанын көрсетіп, аталған сот актілерінің күшін жоюды, талапты қанағаттандыру жөнінде жаңа шешім шығаруды сұраған.

Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Мұндай бұзушылықтар іс бойынша орын алмаған.

Соттар Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі - АК) 160-бабының 1-тармағын, 380-бабын, 393-бабының 1-тармағын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасаған.

Анықталғаны, 2022 жылғы 12 қарашада тараптар арасында сатып алусату шарты жасалып (бұдан әрі - Даулы шарт), оған сәйкес жауапкер талап

қоюшыдан 30 000 000 теңгеге Шымкент қаласы, Абай ауданы, «Самал-3» шағын ауданы, №739 тұрғын үйді жер учаскесімен (бұдан әрі - тұрғын үй) сатып алған, жауапкердің меншік құқығы 2022 жылғы 15 қарашада тіркелген.

Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 ақпандағы шешімімен талап қоюшы Г.Т.Биркенованың тұрғын үйден шығару туралы талап қоюы қанағаттандырылып, жауапкерлер Ж.С.Илесов, А.О.Кургамбаева және кәмелетке толмаған балалары М.Ж.Сапар, Р.Ж.Сапар, А.Ж.Сапар, Ә.Ж.Сапар, М.Ж.Сапар, И.Ж.Сапармен бірге тұрғын үйден басқа тұрғын жай берместен еріксіз түрде шығарылған.

Талап қоюшының Даулы шарт АК-тің 160-бабының 1-тармағына сай жалған мәміле болып табылады, ол формальді түрде жасалып, тараптардың тұрғын үйді шын мәнінде сатып алу-сату ниеттері болмаған деген уәждері сотта өз дәлелін тапқан жоқ және талап қоюшы тарапынан жауапкердің уәждерін жоққа шығаратын нақты дәлелдемелер ұсынылмады (қолхат, хат алмасулар және т.б.), тиісінше АПК-нің 72-бабына сәйкес әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мәнжайларды дәлелдеуге міндетті.

Сонымен қатар, талап қоюшы сілтеме жасап отырған банктік ақша аударымдарды 2020 жылғы 15 желтоқсан мен 2021 жылғы 14 қазан аралығында жасалған, оның жалпы сомасы 6 307 000 теңге құрайды, ал, Даулы шарт 2022 жылғы 12 қарашада, яғни бір жыл өткеннен кейін жасалған.

Талап қоюшы Даулы шартты ұзақ уақыт бойы дауламай, осы талап қоюды тек жауапкер талап қоюшының ұлын отбасымен бірге тұрғын үйден шығару жөнінде талаппен сотқа жүгінгеннен кейін ғана берген, яғни 2025 жылдың 6 қаңтарына дейін Даулы шартпен келісіп отырған.

Аталған мән-жайлар талап қоюшының ұлы Ж.С.Илесовтың жауапкердің жұбайы Б.А.Жуматовтың алдындағы қалған қарызын жабу мақсатында тұрғын үйді сатып алуға ұсынғаны, тиісінше жауапкер мен жұбайы қалған қарыздың үстінен ақша қосып тұрғын үйді сатып алғаны туралы жауапкердің уәждерін бекітеді.

Бұл жағдайда соттар тараптардың әрекеттеріне құқықтық бағасын дұрыс берген, себебі Даулы шарт қолданыстағы заң талаптарына сәйкес жасалған, тиісті түрде жазбаша нысанда нотариуспен рәсімделген, өз нысанына және мазмұнына сай келеді, нотариуспен тараптарға шарт жасаудың құқықтық салдары түсіндірілген және оған тараптар ерікті түрде қолдарын қойған, оның жарамсыздығына әкелетін мән-жайлар анықталған жоқ.

Істің мұндай тұрғысында, талап қою қанағаттандырылуға жатпайды деген соттардың тұжырымы заңды әрі негізді болып табылады.

Кассациялық шағым уәждері соттардың тұжырымдарын теріске шығармайды, істің мән-жайлары жан жақты зерттеліп, оларға құқықтық бағасы берілген, қосымша тексеруді қажет ететін фактілер көрсетілмеген,

шағымдалған сот актілерінің күштерінің жойылуына немесе өзгертілуіне әкеліп соғатын құқық нормаларының бұзылу деректері анықталған жоқ. Сол себепті, сот шешімі мен алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-тің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І:

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 1 сәуірдегі шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 11 маусымдағы қаулысы күшінде, талап қоюшы Сапар Жолдарович Илесовтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші К.Айтжанов

Судьялар Н.Жумагулова

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.