6003-25-00-2к/2832
Қ А У Л Ы
2025 жылғы 23 желтоқсан
Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші Ж.К. Рустембеков, судьялар В.Е.Тохтарбаева, Л.Б.Мамырбаева,
прокурор О.Пернеевтің, аудармашы Р.Таласпаеваның, талап қоюшының өкілі С.Х.Тастыбайдың, жауапкер И.В.Коробконың қатысуларымен,
ашық сот отырысында талап қоюшы «Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің Ирина Вячеславовна Коробкоға өтемақы төлеу арқылы жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы электронды азаматтық істі талап қоюшының Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешіміне және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысына берген кассациялық шағымы бойынша қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Талап қоюшы жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгініп, онда жауапкердің меншігіндегі жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін ақшалай өтемақы төлей отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығаруды сұраған.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.
И.В.Коробкоға 8 654 006 теңге мөлшерінде ақшалай өтемақыны төлей отырып, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, «Молодежный», ЖГСТК, № 851 гараж мекен-жайында орналасқан, кадастрлық № 21-319-017-155, жалпы ауданы 0,0039 га, жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған. Сот шығыстары туралы мәселе шешілген.
Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен аталған шешім өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылғанын, іс үшін маңызы бар мәнжайлардың шеңбері дұрыс анықталмағанын, сарапшының қорытындысымен келіспейтінін көрсетіп, апелляциялық соттың қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгертуді, өндірілген 8 654 006 теңге мөлшерінен 1 360 800 теңге мөлшеріне дейін азайтуды сұраған.
Кассациялық сот тараптарды, сот актілерін күшінде қалдыруды сұраған прокурордың қорытындысын тыңдап, шағымның уәждерін талқылап, іс құжаттарын зерделеп, келесі қорытындыға келді.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде
бұзылуы заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болады.
Жергілікті соттармен мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген. Жауапкер И.В.Коробко Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, К.Күмісбеков және Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысындағы «Молодежный» ЖГСТК, №851 гараж мекен-жайында орналасқан, кадастрлық № 21-319-017-155, жалпы ауданы 0,0039 га жер учаскесінің иесі.
Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 9 ақпандағы №510-310 қаулысына сәйкес, Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, К.Күмісбеков және Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысы мекен-жайында орналасқан, жалпы ауданы 0,4000 га, жер учаскелері сатып алу арқылы «Абаттандыру үшін учаске» объектісінің іздестіру және жобалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекет мұқтажы үшін сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығаруға (сатып алуға) жатады.
Алынатын жер учаскесінің шегіне, 2023 жылғы 12 шілдедегі мұрагерлік куәлік және жер учаскесіне жеке меншік құқық актісі негізінде И.В. Коробкоға тиесілі Астана қаласы, «Сарыарқа» ауданы, К.Күмісбеков және Ш.Қосшығұлұлы көшелерінің қиылысында «Молодежный» ЖГСТК, №851 гараж орналасқан, кадастрлық № 21-319-017-155 жер учаскесі енген.
«Бизнес партнер консалт» ЖШС-нің тәуелсіз бағалау компаниясы 2024 жылғы 15 тамыздағы №БПК-11 ALM-170/98 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебінде ақшалай өтемақының мөлшері 1 360 800 теңге анықталған.
Уәкілетті органмен жауапкерге өтемақы төлеу арқылы мемлекет мұқтажы үшін жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығару туралы хабарлама табысталып 1 360 800 теңге ақшалай өтемақы ұсынылған.
Алайда, жауапкер өзінің мүліктерін талап қоюшының бағалаған нарықтық құнымен келіспеген.
Осыған байланысты сот ұйғарымымен тағайындалған «Прогресс Консалтинг» ЖШС-нің 2025 жылғы 5 қаңтардағы № С.139-12.24 қорытындысына сәйкес Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы, «Молодежный» ЖГСТК, № 851 гараж мекенжайында орналасқан, бұрын салынған гараждың құнын, жалпы ауданы 0,0039 га, жер учаскесінің нарықтық құны 8 654 006 теңге құраған (бұдан әрі - сарапшының қорытындысы).
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңының (бұдан әрі –Заң) 1-бабының 25) тармақшасының талаптарына сәйкес мүлікті мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару – жер учаскесін мемлекеттік мүлік құрамына алып қоюға байланысты жеке тұлғаларға немесе мемлекеттік емес заңды тұлғаларға тиесілі жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті алып қою, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген ерекше жағдайларда және құны тең бағамен өтелген жағдайда мемлекет мұқтажы үшін жүргізілетін реквизициялау, мемлекет меншігіне алу болып табылады.
Заңның 67-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес, мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылатын жер учаскесінің, сондай-ақ жер учаскесінде орналасқан
жылжымайтын мүліктің құны жер учаскесіне құқықтардың туындау негіздеріне қарамастан, олардың нарықтық құны мөлшерінде айқындалады. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға байланысты иеліктен шығарылатын жер учаскесінің немесе өзге де жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалаушы Заңның 208-бабы 1-тармағының ережелерін ескере отырып, бағалау жүргізу күніне айқындайды.
Бірінші сатыдағы сот шешім қабылдаған кезде сарапшының қорытындысын назарға алған. Өйткені, қорытынды иеліктен шығарылатын жер учаскесінің шынайы нарықтық құнын айқындайтын анық дәлелдеме деп танылған. Бұл сараптама заңдылық пен әділдік өлшемдеріне сәйкес келеді. Сарапшымен сараптама шығын тәсілі және салыстырмалы тәсілімен жүргізіліп, зерттеу кезінде аналогтар пайдаланылған. Соттар бұл әдіс Объектінің нарықтық құнын анықтау кезінде ең сенімді әдіс болып табылатынын назарға алған. Аталған қорытынды ғылыми негізделген, бағалау тәртібі, стандарты мен әдістемесін көздейтін нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес, Астана қаласындағы нарықта қалыптасқан жылжымайтын мүлік объектілерінің нақты құнын талдау және зерделеу негізінде құрастырылған.
Апелляциялық сот алқасы соттың бұл тұжырымымен келіскен.
Істің мұндай тұрғысында, соттардың мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алынатын жер учаскесі мен мүлік үшін өтемақы мөлшерін 8 654 006 теңге деп анықтауы заңды.
Осыған байланысты талап қоюшының шағымда келтірген уәжі негізсіз, соттардың түйіндеріне қарсы жаңа дәлелдер келтірмеген, көрсетілген уәждері апелляциялық сатыдағы сотпен толығымен негізделген.
Кассациялық шағымдағы уәждер апелляциялық сатыдағы сотта келтірген уәждерге ұқсас және оларға тиісті құқықтық баға берілген.
Талап қоюшы өтемақыны салыстырмалы тәсілімен анықтаған мүліктің құнына ғана сүйеніп анықтауды сұрайды. Сарапшының қорытындысы жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын айқындау кезінде шығыс және салыстырмалы тәсілдерін пайдаланған. Жылжымайтын мүліктің түпкілікті құны оның жиынтық көрсеткішін шығару және нәтижелерін келісу жолымен айқындалған.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі» туралы Заңның 14бабына сәйкес, бағалаушының дереккөзiн көрсете отырып, бағалау стандарттарына және (немесе) халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес бағалау әдiстерi мен бағалау амалдарын өзі дербес қолдануға құқығы бар. Сарапшының бағалау тәсілдері мен әдістері сот құрылыс-тауартану сараптамасын жүргізу кезінде жылжымайтын мүліктің құнын айқындау әдістемесінің талаптарына сәйкес келеді, оны теріске шығаратын дәлелдемелер ұсынылмаған.
Жергілікті соттар іс бойынша заңды маңызы бар мән-жайларды істі нақты қарау кезінде дұрыс анықтаған. Істің материалдары сотпен толық, жанжақты және объективті зерттелген, тараптар ұсынған дәлелдемелерге жергілікті соттармен тиісті құқықтық баға берілген.
Сондықтан дауланып отырған сот актілері күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын, 452-бабын басшылыққа алып, сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Астана қаласы азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қаңтардағы шешімі және Астана қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 18 наурыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші: Ж.К.Рустембеков
Судьялар: В.Е.Тохтарбаева
Л.Б.Мамырбаева
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.