Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 13.05.2026 по делу 6003-26-00-2к/1505 (Гражданское)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 13 мамыр №6003-26-00-2к/1505 (2) Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық соты, төрағалық етуші судья А.Даненова, судьялар М.Ибрагимова, А.Токсанбаев,

талап қоюшы И[...], өкілдері К[...], С[...], жауапкер Р[...], оның өкілі Т[...], жауапкер өкілі У[...], аудармашы Т[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы И[...] жауапкерлер И[...], Р[...], Д[...], К[...], М[...], үшінші тұлғалар А[...], К[...], Р[...] сатып алу-сату келісім шарттарын жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы бойынша қабылданған Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысына талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы бойынша келіп түскен электронды азаматтық істі қарап,

А Н Ы Қ Т А Д Ы :

И[...] жоғарыда көрсетілген талап қоюымен сотқа жүгінген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 17 шілдедегі шешімімен талап қоюы ішінара қанағаттандырылып, 2020 жылғы 15 қыркүйектегі И[...] мен Р[...], 2024 жылғы 29 желтоқсандағы Р[...] мен Д[...] арасындағы тұрғын үйді жер телімімен сатып алу-сату туралы шарттары жарамсыз деп танылған.

Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 мөлтек ауданы, Оскенбай көшесі, №15 мекенжайы бойынша кадастрлық нөмірі [...] тұрғын үй мен жер теліміне кепіл шартының салдары қолданылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысымен шешімнің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында, апелляциялық сатыдағы сот қаулысының күшін жойып, бірінші сатыдағы сот шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Шағымды апелляциялық сатыдағы соттың қорытындылары істің мәнжайларына сәйкес келмейтіні және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанымен негіздеген.

Сот, тараптардың түсіндірмелерін тыңдап, шағым уәждері мен іс құжаттарын тексеріп, келесі тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабы 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Апелляциялық сатыдағы сот іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеген.

Осы Кодекстің 449-бабы 1-бөлігіне сәйкес істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның, наразылықтың дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.

АПК-нің 451-бабы 4-бөлігіне сәйкес кассациялық сатыдағы сот сот актілерінде көрсетілмеген не ол жоққа шығармаған мән-жайларды белгілеуге немесе дәлелденген деп есептеуге құқылы емес.

Неке қию туралы куәлілігіне сәйкес 1989 жылғы 20 маусымда И[...] және А[...] (И[...]) арасында заңды неке тіркелген.

Шымкент қаласы, Абай ауданы, Самал-3 мөлтек ауданы, Оскенбай көшесі, №15 мекенжайда орналасқан тұрғын үй мен жер теліміне (бұдан әрі – жылжымайтын мүлік) И[...] меншік құқығы 2007 жылғы 1 қазандағы №155811 жеке меншік құқығы туралы актісі, 2007 жылғы 6 наурыздағы жылжымайтын мүлікті жария ету жөніндегі комиссиясының №25873 шешімі, 2014 жылғы 10 ақпандағы жария етілген құрылыс объектісін пайдалануға қабылдау туралы №227 актісі негізінде тіркелген.

2020 жылғы 15 қыркүйекте И[...] мен Р[...] арасында даулы үй мен жер телімін 20 000 000 теңгеге сатып алу-сату келісім шарты жасалған (бұдан әрі – даулы №1 шарт).

2024 жылғы 29 желтоқсанда реестр №5365 сатып алу-сату шарты (бұдан әрі – даулы №2 шарт) негізінде Р[...] даулы жылжымайтын мүлікті Д[...] 35 000 000 теңгеге сатқан.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2023 жылғы 20 қаңтардағы шешімімен талап қоюшы И[...] жауапкерлер И[...], Р[...], үшінші тұлға К[...] тұрғын үйді сатып алу-сату шартын, И[...] №2202 тіркеу кітабында тіркелген арызын жарамсыз деп танып, күшін жою туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 12 сәуірдегі қаулысымен жоғарыда көрсетілген сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының сот алқасының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі қаулысымен талап қоюшының келтірген өтінішхаты сот отырысында қарауға беруден бас тартылған.

Заңды күшіне енген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 19 қыркүйектегі үкімімен К[...],

К[...], Ж[...], М[...], Д[...] тікелей қасақана ниетімен пайдакүнемдік мақсатында адамдар тобының алдын-ала сөз байласуымен ресми құжатты қолдан жасап, алдау жолымен аса ірі мөлшерде жымқырып, алаяқтық жасағандары үшін кінәлі деп танылып, сотталған.

Заңды күшіне енген Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 19 шілдедегі үкімімен М[...], Ш[...] бірнеше рет, бөтеннің мүлкін алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен адамдар тобы болып алдын-ала сөз байласып, аса ірі мөлшерде бөтен мүлікке құқықты иемденіп, бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, сотталған.

Тала қоюшы И[...] даулы мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы талап қоюын тұрғын үйді сатып алу-сату шарты қарыз және кепіл шартын бүркемелеп жасағанымен, кейінгі мәміле жылжымайтын мүлікке меншік құқығы өзінің еркінен тыс шығып кеткенімен негіздеген.

Бірінші сатыдағы сот 2020 жылғы 15 қыркүйектегі И[...] мен Р[...] арасындағы тұрғын үйді жер телімімен сатып алу-сату туралы шарты қарыз және кепіл шартын бүркемелеп жасалғандықтан, ал кейінгі 2024 жылғы 29 желтоқсандағы Р[...] мен Д[...] арасындағы сатып алу-сату туралы шарты К[...] заңсыз іс-әрекеттерінің салдарынан И[...] жылжымайтын мүлігі заңға сәйкес келмейтін құжаттар негізінде жасалғандықтан жарамсыз деп танылуға, тұрғын үй мен жер теліміне кепіл шартының салдары қолдануға жатады деген тұжырымға келген.

Апелляциялық сатыдағы сот шешіммен төмендегі негіздермен келіспей, оның күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығаруға жатады деген негізді түйін жасаған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2021 жылғы 29 маусымдағы ұйғарымымен талап қоюшылар И[...] пен И[...] жауапкер Р[...], үшінші тұлғалар К[...], К[...], М[...] қазіргі дауланып отырған мәмілені және И[...] тұрғын үйді сатқаны туралы нотариалды куәландырылған арызын жарамсыз деп тану туралы азаматтық ісі бойынша дау сот медиациясы тәртібімен реттеліп, келісім бекітілген. Келісім заңды күшіне енген.

Медиациялық келісіммен талап қоюшылар И[...] пен И[...] жауапкер Р[...] 2021 жылғы 10 қазандағы сағат 18.00-ге дейін 10 000 000 теңге беретіні, бермеген жағдайда кадастрлық №[...] жер телімі мен үйді [...] жылғы 11 қазанда өз еріктерімен Р[...] босатып беретіні, аталған жер телімі мен тұрғын үй Р[...] меншігінде қалуына келісім беретіні, талап қоюдан бас тартатыны көзделген, яғни келісім шарттары орындалған.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2021 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымымен жеке шағым беру мерзімін қалпына келтіруден бас тартылып, жеке шағымы өздеріне қайтарылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қаңтардағы ұйғарымымен бірінші сатыдағы сот ұйғарымы өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 3 мамырдағы қаулысымен Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2021 жылғы 15 қарашадағы ұйғарымын, Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қаңтардағы ұйғарымын қайта қарау туралы талап қоюшылардың өкілі Ж[...] келтірген өтінішхатын кассациялық сатыдағы сот отырысында қайта қарау үшін беруден бас тартылған.

Сонымен қатар, жоғарыда аталып өткен сот үкімі заңды күшіне енгеннен соң, аталған ұйғарымды жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша қайта қарау жөніндегі И[...] арызы Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 16 мамырдағы ұйғарымымен қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының апелляциялық сот алқасының 2024 жылғы 4 шілдедегі ұйғарымымен аталған ұйғарым өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 27 қаңтардағы қаулысымен И[...] шағымдану мерзімін өткізіп алуына байланысты өтініштері қайтарылған.

Одан бөлек, Шымкент қаласының Абай аудандық сотының 2021 жылғы 14 қаңтардағы заңды күшіне енген шешімімен талап қоюшы Р[...] жауапкер И[...] отбасы мүшелерімен бірге үйден шығару туралы талап қоюы қанағаттандырылған. Сот актісі орындалған.

Жоғарыда аталған қылмыстық іс бойынша И[...] тарап болып танылмаған. Алайда бірінші сатыдағы сот даулы сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп таныған кезде, заңды күшіне енген сот үкіміне сілтеме жасаған, ол үкіммен жоғарыда аталған тұлғалар кінәлі деп танылған.

Сонымен қатар, жауапкер Р[...] аталған қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған және бұл іс бойынша тек куә ретінде қатысқан. Оның іс-әрекеттерінен сатып алу-сату шартын жасасу кезінде алдау, зорлық-зомбылық немесе қорқыту белгілері анықталмаған.

Онымен қоса, үкімде сипатталған барлық оқиғалар талап қоюшының жұбайы И[...] қатысты болған, ол қылмыстық іс жүргізу барысында және оның нәтижелері бойынша жәбірленуші ретінде танылған, сондықтан алқа И[...] талап қоюды К[...], М[...] және К[...] қоюға құқылы екенін түсіндірген.

Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 23 тамыздағы шешімімен И[...] Р[...] сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюы қанағаттандырудан бас тартылған.

Шымкент қалалық сотының сот алқасының 2024 жылғы 20 қарашадағы қаулысымен шешім өзгеріссіз қалдырылған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 наурыздағы қаулысымен И[...] келтірген өтінішхатын кассациялық сатыдағы сот отырысында қайта қарау үшін беруден бас тартылған.

Аталған сот актілерінің уәждеу бөлігінде сот үкімімен К[...], К[...] және басқа тұлғалар алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыруға сотталғаны, жауапкер Р[...] қылмыстық жауапкершілікке тартылмағаны, тек куә ретінде қатысқаны, оның ісәрекеттерінен сатып алу-сату шартын жасасу кезінде алдау, зорлық-зомбылық немесе қорқыту белгілері анықталмағаны көрсетілген.

АПК-нің 76-бабының 2-тармағына сай, азаматтық іс бойынша бұрын қаралған және заңды күшіне енген сот шешімімен немесе ұйғарымымен белгіленген мән-жайлар сот үшін міндетті. Мұндай мән-жайлар сол тұлғалар қатысатын өзге азаматтық істерді қарау барысында қайта дәлелденбейді.

Бірінші сатыдағы сотпен осы азаматтық істі қарау кезінде И[...] талабы бойынша заңды күшіне енген сот шешімімен анықталған мән-жайлар қайтадан анықтамауы тиіс болған.

Себебі, И[...] да өз талабында сот үкіміне сілтеме жасап, дәл И[...] сілтеме жасаған мән-жайларды сипаттаған. Аталған мән-жайларға сот тарапынан тиісті құқықтық баға берілген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Азаматтық істер бойынша сот шешімі туралы» нормативтік қаулысының 5-тармағында, АПК-нің 224бабына сәйкес, сот шешімі заңды және негізделген болуы.

Бірінші сатыдағы сот шешімінде заңды күшіне енген сот актісі туралы ешқандай сілтеме жасалмаған, тек сот үкімі ғана көрсетілген.

Мұндай жағдайда бірінші сатыдағы сот объективтілікті және жанжақтылықты қамтамасыз етпей, үкімнен кейін қаралған мән-жайларға қайта баға берген. Қылмыстық іс бойынша И[...] ешқандай тарап болып табылмаған. Оған қатысты қандай да бір қылмыстық әрекеттердің болғаны анықталып бекітілмеген.

Тараптар арасында жасалған медиациялық келісімнің бар екендігі жөніндегі жауапкердің уәжін сот назарға алмаған, өйткені «медиациялық келісім жасалған сәтте сот даулы шарттың заң талаптарына қайшы жасалғанын және кінәлі тұлғалардың даулы мүлікті иемденуге қылмыстық ниеті болғанын анықтамаған.

Сонымен қатар, И[...] пен И[...] жауапкер Р[...] ақшалай қаражатты қайтаруды міндеттемесіне алған, алайда оны белгіленген мерзімде орындамаған. Осылайша, талап қоюшы мен оның жұбайы бітімгершілік келісімін жасасу арқылы өздеріне тиесілі мүлікке өз қалаулары бойынша билік ету құқығын жүзеге асырған.

Кассациялық сатыдағы сот сот алқасының тұжырымдарын заңды және негізді деп табады, себебі талап қоюшының талап қоюында келтірген негіздер бойынша қабылданған сот актілері заңды күшінде және тараптардың арасында осы нысана бойынша медиациялық келісім сотпен бекітілген.

Сотпен іс үшін маңызы бар мəн-жайлар ауқымы жан-жақты, толық анықталған, процестік және материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылған. Апелляциялық сатыдағы сотының қорытындылары істің мәнжайларына сәйкес келеді.

Кассациялық шағымда көрсетілген уәждер материалдық құқық нормалары мен іс бойынша жинақталған дәлелдемелерді қайта бағалауға байланысты келтірілгендіктен, сот оларды негізсіз деп санайды. Шағымның уəждері сот актілерін күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болып табылмайды. Сондықтан, сот қаулы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылады.

АПК-нің 451-бабы 2-бөлігі 1)-тармағын басшылыққа алып, сот

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 15 қазандағы қаулысы күшінде, талап қоюшы И[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші судья

А.Даненова

М.Ибрагимова

Судьялар

А.Токсанбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.