6001-22-00-3гп/50
ҚАУЛЫ
2022 жылғы 9 наурыз Нұр-Сұлтан қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші - алқаның төрағасы Н.К.Шәріпов,
судьялар Ш.Т.Даниярова, Ш.С.Иманиязова, прокурор Д[...],
талап қоюшы К[...] және оның өкілдері К[...], Д[...], жауапкердің өкілі Ж[...], үшінші тұлға – Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің өкілдері С[...], К[...] қатысуымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында ашық сот отырысында бейнеконференцбайланысы арқылы талап қоюшы К[...] жауапкер Махамбет ауданының әкіміне өкімді заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талап қою арызы бойынша қабылданған
Атырау облысы Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімін, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 5 тамыздағы қаулысын кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы К[...] өкілі Д[...] келтірген өтінішхатымен келіп түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Н.К[...] ауданы әкімінің 2021 жылғы 24 ақпандағы № 49-ө өкімін заңсыз деп танып, оның күшін жою туралы талабымен сотқа жүгінген.
Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 5 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімімен талап қою арызы қанағаттандырудан бас тартылған.
Өтінішхат беруші жергілікті соттардың талап қою арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы тұжырымдарымен келіспей, олардың істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, соттармен материалдық құқық нормалары дұрыс қолданылмағанын көрсетіп, іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жойып, талапты қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған.
Сот алқасы талап қоюшы мен оның өкілдерінің өтінішхатты қолдаған, жауапкер өкілдерінің сот актілерін өзгеріссіз қалдыру туралы түсініктерін, прокурордың сот актілерін күшінде қалдыру туралы қорытындысын тыңдап,
іс құжаттары мен өтінішхат уәждерін зерделеп, сот алқасы келесі тұжырымға келеді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін негiз болып табылады.
Істі қарау кезінде мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.
Іс бойынша анықталғандай, К[...] Атырау облысы, [...] әкімінің 2012 жылғы 30 қарашадағы № 244-ө өкімі негізінде Атырау облысы, [...] әкімі аппаратының басшысы лауазымына тағайындалған.
Лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес К[...] аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру, жұмылдыру дайындығы және мемлекеттік қызмет сапасын бақылау, мемлекеттік құқықтық жұмыстар, кадр қызметі, персоналды бағалау, жалпы және қаржылық-шаруашылық бөлімдерінің жұмыстары, қаржылық, іс-қағаздары, техникалық қызмет жасау салаларына басшылық жасаған.
Махамбет ауданы прокуратурасымен 2020 жылы жергілікті атқарушы органдар қызметінде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуына және «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – № 434-V Заң) дұрыс қолданылуына талдау жүргізілген. Тексеру қорытындысы бойынша прокурор 2021 жылғы 22 қаңтардағы құқық бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізген.
Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған Махамбет ауданы әкімінің аппарат басшысы К[...] тәртіптік жауапкершілігін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңына (бұдан әрі - № 416-V Заң) сәйкес шешуді ұсынған.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті басшысы - Ә[...] жөніндегі кеңес төрағасының 2021 жылғы 29 қаңтардағы № 6 бұйрығына сай «Махамбет ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің басшысы К[...] қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру жүргізілген.
Қызметтік тексеру нәтижелері бойынша Ә[...] жөніндегі кеңесінің 2021 жылғы 11 ақпандағы № 6 шешімімен Махамбет ауданының әкіміне К[...] «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылған.
Махамбет ауданы әкімінің 2021 жылғы 24 ақпандағы №49-ө өкімімен № 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сай шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі түріндегі мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылыққа жол бергені үшін Махамбет ауданы әкімі аппаратының басшысы К[...] «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Жергілікті соттар талапты қанағаттандырусыз қалдыра отырып, К[...] қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза әдеп бойынша Кеңестің шешімі негізінде қолданылып, жұмыс берушімен тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібі, тәртіптік жазаны қолдану мерзімі сақталғанын көрсеткен.
Кассациялық сот алқасы жергілікті соттардың тұжырымдарын іс бойынша анықталған мән-жайларға сәйкес және материалдық құқық нормалар дұрыс қолданған деп таниды.
№ 434-V Заңның 4-бабының 1), 2), 6), 7) тармақшаларына сәйкес (даулы құқықтық қатынастар туындаған кездегі қолданыстағы редакцияда) (бұдан әрі-Заң) мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру: мемлекеттік сатып алу үшін пайдаланылатын ақшаны оңтайлы және тиімді жұмсау; осы Заңда көзделгеннен басқа жағдайларда, әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру; мемлекеттік сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігі; сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу қағидаттарына негізделеді.
№ 434-V Заңның 5-бабына сай мемлекеттік сатып алу процесі: мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) әзірлеуді және бекітуді; өнім берушіні таңдауды және онымен мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуды; мемлекеттік сатып алу туралы шартты орындауды қамтиды.
№ 434-V Заңның 39-бабының 3-тармағында бір көзден алу тәсілімен, оның ішінде шартты тікелей жасасу арқылы мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру негіздері көзделген.
Мұндай шартты жасасу тәртібі Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларының (бұдан әрі-Қағидалар) 3-параграфында қарастырылған.
Қағидалардың 378, 378-4, 380-тармақтарына сәйкес тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде тапсырыс беруші № 434-V Заңның 4-бабының 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаттарын сақтай отырып, өнім берушіні айқындайды және онымен вебпортал арқылы шарт жасасады. Тапсырыс берушілердің сұрауымен және (немесе) әлеуетті өнім берушілердің бастамашылығымен ұсынылған коммерциялық ұсыныстардың негізінде тапсырыс беруші Заңның 4-бабы 1) тармақшасында көзделген мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидатын сақтай отырып, тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін әлеуетті өнім берушіні айқындайды.
Тапсырыс беруші тікелей шарт жасасу жолымен бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алу туралы есепті веб-порталда шарт жасалған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей орналастырады.
№ 434-V Заңның 41-бабының 2-тармағымен есепте өнім берушіні таңдаудың негіздемелерін, жасалған шарттың бағаларын, сондай-ақ осы Қағидалардың 17-қосымшасына сәйкес шарттың өзге де талаптарын қамтиды.
Соттар К[...] жоғарыда көрсетілген заң талаптарын бұза отырып, шарт жасаспай және өнім берушіні таңдаудың қазіргі тәртібін сақтамай отырып, 2020 жылғы қаңтарда ауызша уағдаластық негізінде дара кәсіпкер «МХ» (С[...]) Махамбет ауданы әкімдігінің ғимаратында күзет сигнализациясын, бейнебақылау жүйесін орнату (монтаждау) жұмыстарын орындауға жол беріп, соңғыға негізсіз артықшылық көрсеткенін анықтаған.
Кейін К[...] дара кәсіпкер «МХ» С[...] бейне бақылау камераларын және қауіпсіздік дабыл құрылғысын қондыру үшін 2020 жылғы 24 шілдеде құрылыспен байланысты емес жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан (шарттың сомасы 1 200 000 теңге, орындау мерзімі күнтізбелік 30 күн).
Алайда 2020 жылғы 24 шілдеде, яғни шарт жасалған күні дара кәсіпкер «МХ» орындалған жұмыстар актісін жолдап, тапсырыс беруші жұмыстарды қабылдап алған.
Мемлекеттік сатып алу туралы есеп веб-порталда 14 жұмыс күнге кешіктіріліп орналастырылған. Есепті орналастыру кезінде коммерциялық ұсынысқа сәйкес ұсынылған тауарлардың жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасын, өнім берушіні таңдауды және жасасқан шарттың бағасын негіздеулерін көрсетпеген.
К[...] жол берген бұзушылықтарын прокурор анықтаған, олар қызметтік тексеру материалдарымен және мемлекеттік аудитордың қорытындысымен расталған.
№ 416-V Заңның 50-бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсету ісәрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады.
Осы Заңның 44-бабының 6-тармағы бойынша мемлекеттік қызметшінің 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
Осыған байланысты Қ[...] тәртіптік жауапкершілікке негізді түрде тартылды және оған берілген жаза жасалған бұзушылық көлеміне сәйкес келеді.
Жоғарыда аталғандар негізінде жергілікті соттар істің мән-жайын дұрыс анықтаған, материалдық және процестік заңның нормаларын қолдануда қателіктерге жол бермеген.
Өтінішхатты қанағаттандыруға және дауланып отырған сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарау үшін құқықтық негіздер жоқ.
АПК-нің 451-бабы 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Атырау облысы Махамбет аудандық сотының 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімі, Атырау облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 5 тамыздағы қаулысы күшінде қалдырылсын. Талап қоюшының өкілі Д[...] өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Н.К.Шәріпов Ш.Т.Даниярова Ш.С.Иманиязова
Судьялар
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.