ВС РК - Постановление от 10.12.2024 по делу 6001-24-00-6ап/335 (Административное)

6001-24-00-6ап/335

Қ А У Л Ы

2024 жылғы 10 желтоқсан Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья Г.Б.Дуйсенбаев,

судьялар Ж.Б.Ермағамбетова, Г.К.Нұрбаев болып,

жауапкер өкілі Л.А.Бабиеваның қатысуымен,

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының ғимаратында талап қоюшы Эльмира Кайдаровна Жиенбаеваның жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесіне тұрғын үйге мұқтаждар кезегіне тұрғызып, бірінші кезекпен 120 шаршы метрден тұратын тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндеттеу туралы əкімшілік ісі бойынша,

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешіміне, Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысына жауапкер берген кассациялық шағымымен түскен əкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы Э.К. Жиенбаева жоғарыда аталған талап қоюмен сотқа жүгінген.

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылған.

Жауапкер «Астана қаласының тұрғын үй жəне тұрғын үй инспекциясы басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан əрі – Басқарма) талап қоюшыны 2015 жылғы 19 қазанынан бастап «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй алуға мұқтаждар есебіне қою туралы қолайлы əкімшілік актіні қабылдауға міндеттелген.

Талап қоюшының бірінші кезекпен 120 шаршы метрден тұратын тұрғын үймен қамтамасыз етуді Басқармаға міндеттеу туралы əкімшілік талабы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі күшінде қалдырылған.

Жауапкер кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған бірінші жəне апелляциялық саты соттарының сот актілерімен келіспейтінін көрсетіп, олардың күшін жойып талап қоюды қаңағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Талап қоюшы тарапы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының (бұдан əрі – сот алқасы) отырысына келмеді.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рəсімдік-процестік кодексінің (бұдан əрі – ӘРПК) 115-бабының бірінші бөлігіне сəйкес əкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Жауапкер өкілінің кассациялық шағымды қолдаған пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, сот алқасы төмендегідей тұжырымға келеді.

ӘРПК-нің 169-бабына сай кассациялық шағым жасау жəне кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тəртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан əрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сəйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға əкеп соққан, осы Кодекстің 427-бабында көзделген материалдық жəне процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тəртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы «Көпбалалы отбасы» санатына, яғни халықтың əлеуметтiк жағынан осал тобына жатады жəне «Алтын алқа» алқасымен марапатталған.

2015 жылғы 19 қазаннан бастап талап қоюшы мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебінде «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрған.

2022 жылғы 15 қарашада Басқарма мен талап қоюшының арасында сатып алу құқығынсыз мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғынжайды жалдау шарты жасалған.

Тұрғынжайды жалдау шартының 1-тармағына сəйкес Э.К.Жиенбаева мен оның отбасы мүшелеріне: ұлдары Е.Ғабдуллаұлы мен Ә.Ғабдуллаұлы, қызы А.Ғабдуллақызы, ұлы А.Ғабдуллаұлы, қызы М.Ғабдуллақызы, ұлы Н.Жиенбаев жəне қызы Н.Жиенбаеваға Астана қаласы, Тілендиев даңғылы, 44А үй, 773 пəтер (бұдан əрі – пəтер) мекен-жайы бойынша тұрғынжай берілген.

Пəтердің жалпы ауданы 82,3 шаршы метр, оның ішінде тұрғын жай ауданы 49,3 шаршы метр болатын 3 бөлмеден тұрады.

Жалдау шартының 11-тармағы 1) тармақшасының талаптарына сəйкес жалға беруші тұрғынжайды белгіленген техникалық, санитарлыэпидемиологиялық жəне басқа да міндетті талаптарға сай келетін жағдайда беруге міндетті болған.

2023 жылғы 10 сəуірдегі №1 үйді сервистік қызмет көрсетуге қабылдау шарты бойынша «Тілендиев даңғылы 44А» мүліктің меншік иелері бірлестігі мен «ОрдаЖилСервис» ЖШС-гі араларында түзілген ақаулықтарды анықтау актісіне сəйкес жалға берілген тұрғын пəтерде ақаулықтар орын алғаны анықталған.

Атап айтқанда, кəріз құбырларының дұрыс болмауына байланысты пəтердің кəріз жүйелері бітеліп, үйдің төменгі қабатын кəріз қалдықтары басқан.

2023 жылғы 26 жəне 30 шілдедегі су басқан пəтерді қарап-тексеру актісіне сəйкес, үйдің ортақ кəріз жүйесінен жоғарыда көрсетілген пəтерге кəріз қалдықтары аққаны анықталған.

Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан əрі – Заң) 68-бабының 9) тармақшасына сəйкес, халықтың əлеуметтiк жағынан осал топтарына «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I жəне II дəрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар жатады.

Заңның 69-бабында азаматтарды мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж деп тану негіздері көзделген.

Заңның 71-бабының 1-тармағына сəйкес, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беруге болатын Қазақстан Республикасының азаматтарын есепке алуды тұрғылықты жерi бойынша ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергiлiктi атқарушы органы жүзеге асырады.

Сонымен қатар, Заңның 75-бабының 1-тармағында, мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй əр адамға кемiнде он бес шаршы метр жəне көп дегенде он сегiз шаршы метр пайдалы алаң, бiрақ кемiнде бiр бөлмелi пəтер мөлшерiнде немесе жатақханадан бөлме берiлетіні көзделген.

ӘРПК-нің 5 - бабының екінші бөлігіне сəйкес, əкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті жария-құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау айтылатын құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау жəне қалпына келтіру мақсатында əкімшілік істерді əділ, бейтарап жəне уақытылы шешу болып табылады.

Қазақстан Республикасының ӘРПК-нің 10-бабына сəйкес, əкімшілік орган, лауазымды адам əкімшілік қалауды жүзеге асыру кезінде əкімшілік рəсімге қатысушы мен қоғам мүдделерінің əділ теңгерімін қамтамасыз етеді. Бұл ретте əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) мөлшерлес, яғни жарамды, қажетті жəне пропорциялы болуға тиіс.

Егер əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мақсатқа қол жеткізу үшін қолайлы болса, жарамды деп есептеледі. Егер əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) əкімшілік рəсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша аз дəрежеде шектейтін болса, қажетті деп есептеледі.

Егер əкімшілік рəсімге қатысушының құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін шектеу нəтижесінде алынған қоғамдық игілік осы шектеулер келтірген зияннан көп болса, əкімшілік акт, əкімшілік əрекет (əрекетсіздік) пропорциялы деп есептеледі.

Жергілікті соттар жалдау шарты бойынша талап қоюшыға берілген бірінші қабаттағы пəтер қазіргі таңда тұруға жарамсыз екендігін анықтап, талап қоюшының жастары 2 мен 17 жас аралығында кəмелетке толмаған жеті баласы бар екендігін, ал берілген пəтер Заңның 75-бабының 1-тармағында көрсетілген талаптарға сай келмейтіндігін, ауданы отбасы құрамына сай келетін жəне жағдайы тиісті деңгейде болатын пəтер алу құқығынын айырылмағандығын ескеріп, талап қоюшының тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою туралы талабы қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келген.

Сот алқасы, жергілікті соттардың кəмелетке толмаған балалардың мүдделерін ескеріп жəне талап қоюшының құқықтарын қорғау мақсатында, жауапкерді алғаш есепке алынған күннен бастап талап қоюшыны тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою туралы қолайлы əкімшілік актіні қабылдауды мəжбүрлеу туралы шешімі заңдылық жəне əділет қағидаттарына сай келеді деп есептейді.

Сəйкесінше, жергілікті соттар жауапкерге талап қоюшыны мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қою туралы тиісті қолайлы əкімшілік актіні шығаруды негізді жүктеген. Заңның 74-бабының талаптарына сəйкес, мұқтаждар есебiнде тұратын азаматтарға мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғынжай немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғынжай, осы Заңның 98-1 жəне 98-2-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, барлық қажеттi құжаттармен бiрге өтiнiш берiлген кезден бастап тiзiмдерде белгiленген кезектілік тəртібімен берiледi. Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I жəне II дəрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналарды, көпбалалы отбасыларды қоспағанда, коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғынжайларды (жаңадан пайдалануға берілген немесе тұрғындар босатқан) немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайларды бөлек тізімдер бойынша бөлуді ауданның, облыстық маңызы бар қаланың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары, оның ішінде тұрғынжайды бөлудің орталықтандырылған есепке алу бағдарламасын пайдалана отырып, егер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, бөлек тізімдердің, сондай-ақ мемлекеттік кəсіпорында жəне (немесе) мемлекеттік мекемеде, осы Заңның 67-бабының 3-1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарда есепте тұрған, тұрғынжайға мұқтаж адамдар тізімдерінің санына пропорционалды түрде жүргізеді.

Яғни, жоғарыда көрсетілген Заң нормаларында мұқтаждар есебінде тұрған азаматтарды тұрғынжаймен қамтамасыз етудің тəртібі айқындалған, соңдықтан жергілікті соттар талап қоюшының бірінші кезекпен 120 шаршы метрден тұратын тұрғын үймен қамтамасыз етуді міндеттеу туралы əкімшілік талабын қанағаттандырудан дұрыс бас тартқан.

Істің мұндай тұрғысында жауапкердің əрекеттеріне жергілікті соттардың берген құқықтық бағасы жəне тұжырымдарымен сот алқасы толық келіседі.

АПК-ның 452 бабының бірінші бөлігіне сəйкес кассациялық сатыдағы соттың қаулысы осы Кодексте апелляциялық сатыдағы сот қаулысы үшiн белгiленген талаптарға сəйкес келуге тиiс.

Осы Кодекстің 426 бабының екінші бөлігіне сай жаңа дəлелдердің болмауына байланысты апелляциялық шағым, прокурордың өтінішхаты қанағаттандырусыз қалдырылған кезде қаулының уəждеу бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешіміне өзгерістер енгізу не оның күшін жою үшін осы Кодексте көзделген негіздердің жоқ екендігі ғана көрсетіледі.

Кассациялық шағым иесінің келтірген уəждеріне дауланған сот актілерімен тиісті құқықтық баға берілген, шағымда жаңа дəлелдер мен негіздемелер келтірілмеген.

Тараптың сот тұжырымымен келіспеуі заңды жəне істің мəнжайларына сəйкес келетін сот актісін қайта қарауға негіз бола алмайды.

ӘРПК-нің 169-бабын жəне АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық əкімшілік сотының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі шешімі жəне Астана қалалық сотының əкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 желтоқсандағы қаулысы өзгеріссіз, жауапкердің кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г.Б. Дуйсенбаев

Судьялар Ж.Б.Ермағамбетова Г.К. Нұрбаев Көшірмесі дұрыс Судья Г.К. Нұрбаев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.