ВС РК - Постановление от 02.06.2025 по делу 6001-25-00-3Г/2260(2) (Гражданское)

6001-25-00-3г/2260(2)

ҚАУЛЫ

2025 жылғы 2 маусым Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы М.Ж. Бектұрғанов

талап қоюшы «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті Түркістан облысының жер ресурстарын басқару департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Департамент) жауапкерлер дара кәсіпкер Нурлан Алишерович Толыбаевқа, «Қанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне, Төлеби ауданы әкімдігіне, «Төлеби аудандық жер қатынастары бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, нотариус Гулшат Рахметқызы Рахметоваға жер учаскелерін сатып алу-сату келісімдерін, мұрагерлік және меншік құқығы туралы куәліктерді, мүлікті беру туралы келісім шартты, мұраға құқық туралы куәліктің бөлігін және мұралық мүлікті бөлу туралы шарттың бөлігін жарамсыз деп тану туралы талап қоюымен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына Н. Толыбаевтың өкілі - С. Бекетановтың келтірген өтінішхатын алдын ала қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Департамент сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

«Төлеби ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ мен А. Толыбаев арасында жасалған 2010 жылғы 5 қарашадағы № 151 және 2011 жылғы 15 сәуірдегі № 63 санды жер учаскелерін жеке меншік құқығымен сатып алусату келісімдері жарамсыз деп танылған.

2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 3341, № 3343 жер учаскелері Р. Оспаналиеваның иелігіне өткені жөніндегі мұрагерлік туралы және № 3340 және № 3342 меншік құқығы туралы куәліктері жарамсыз деп танылған.

2022 жылғы 28 желтоқсандағы № 4205 санды Р. Оспаналиеваның мүлікті «Қанат» ЖШС-ның иелігіне беру туралы келісім шарты жарамсыз деп танылған.

2023 жылғы 30 тамыздағы № 2023 заң бойынша мұраға құқық туралы куәліктің және 2023 жылғы 28 тамыздағы № 2027 мұралық мүлікті бөлу

туралы Н. Толыбаевтың иелігіне өткені жөніндегі шарттың 2,5 гектар жер учаскесіне қатысты бөлігі жарамсыз деп танылған. Сот шығындары туралы мәселе шешілген.

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен сот шешіміні өзгеріссіз қалдырылған.

Өтінішхатта арыз беруші істі қарау барысында материалдық құқық нормаларының бұзылуына байланысты азаматтық іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюды сұраған.

Іс құжаттарынан анықталғандай, Төлеби ауданы әкімінің 2010 жылғы 18 қазандағы № 430 қаулысына сәйкес А. Толыбаевқа Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округінің жер қорынан шаруа қожалығын жүргізу үшін 20 гектар жайылым жер учаскесі сатып алу бағасымен жеке меншікке берілген.

Аталған қаулы негізінде жер учаскесіне кадастрлық № 19-298-021-571 сәйкестендіру нөмірі беріліп, «Төлеби ауданының жер қатынастары бөлімі» ММ мен А. Толыбаев арасында 2010 жылғы 5 қарашада № 151 санды сатып алу-сату шарты жасалған.

Сонымен қатар, Төлеби ауданы әкімінің 2011 жылғы 17 қаңтардағы № 41 қаулысына сай А. Толыбаевқа Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округі аумағынан 2,5 гектар жайылым жер учаскесінің нысаналы мақсаты «демалыс және сауықтандыру орталығы құрылысы» үшін өзгертіліп, ол да сатып алу бағасымен жеке меншікке сатылған.

Аталған қаулы негізінде осы жер учаскесіне кадастрлық № 19-298-021-580 сәйкестендіру нөмірі беріліп, 2011 жылғы 15 сәуірде № 63 санды сатып алу-сату шарты жасалған. Кейін, А. Толыбаевтың қайтыс болуына байланысты, жоғарыда көрсетілген жер учаскелері 2018 жылғы 4 желтоқсандағы № 3341, № 3343 мұрагерлік туралы куәліктер және № 3340, № 3342 меншік құқығы туралы куәліктер негізінде Р. Оспаналиеваның меншігіне өткен.

2022 жылғы 28 желтоқсандағы № 4205 мүлікті беру туралы келісім шарт негізінде кадастрлық № 19-298-021-571 жер учаскесі «Қанат» ЖШС-нің меншігіне өткен.

Сондай-ақ, Р. Оспаналиеваның қайтыс болуына байланысты 2023 жылғы 30 тамыздағы № 2023 заң бойынша мұраға құқық туралы куәлік және 2023 жылғы 28 тамыздағы № 2027 мұралық мүлікті бөлу туралы келісім шарт негізінде кадастрлық № 19-298-021-580 жер учаскесі Н. Толыбаевтың меншігіне өткен.

Талап қоюшы сотқа талап қоюмен жүгініп, жер учаскелерінің берілуі Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұза отырып жүзеге асырылғанын көрсеткен.

Жергілікті соттар талап қоюды қанағаттандыра отырып, жер учаскелерінің А. Толыбаевқа Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – Жер кодексі) 48-бабының 1-тармағында белгіленген тәртіпті бұза отырып, аукционсыз және конкурстық рәсімдер өткізілмей берілгенін

анықтаған. Осыған орай, бірінші негізде жасалған жер учаскесін сату мәмілелері де, кейіннен соларға сүйене отырып рәсімделген мұрагерлік және меншік құқығы туралы куәліктер, мүлікті беру және бөлу туралы шарттар да заңсыз мәмілелердің жалғасы ретінде қаралып, құқықтық салдары жойылуға жатады деген қорытындыға келген.

Өтінішхат иесі өтінішхатта жергілікті соттардың мұндай тұжырымдарымен келіспей, келесідей уәждер келтірген. Жер кодексінің 22-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жер учаскесіне меншік құқығы уәкілетті мемлекеттік органдардың актілері негізінде туындайды.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – АК) 267бабының 1-тармағына сай егер мемлекеттік органның актісі нәтижесінде меншік иесінің құқығы бұзылған болса, мұндай акт сот тәртібімен жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Алайда АПК-нің 72-бабының талаптарына қайшы істі қарау барысында жер учаскелерінің бұрынғы немесе қазіргі меншік иелерінің құқықтары бұзылғаны дәлелденбеген.

Қайта, әкім қаулылары негізінде мүлікке заңды құқық берілген, тараптар арасында да дау туындамаған.

Содай-ақ, жауапкерлер Н. Толыбаев және «Қанат» ЖШС-і адал сатып алушы болып табылатынын, қазіргі уақытта 2,5 гектар жер учаскесіне 7- қабатты «демалыс және сауықтандыру орталығы» ғимараты салынған, құрылыс жүргізуге қатысты барлық рұқсат құжаттары бар екендігін атап көрсеткен.

Жер кодексінің 147 және 148-баптарына сәйкес уәкілетті орган өз құзыреті шеңберінде жер заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау жүргізуге міндетті.

Өтінішхат иесінің пікірінше, талап қоюшы тарапынан бақылау тиісінше жүзеге асырылмаған. Атап айтқанда, даулы әкім қаулыларына 13-14 жыл өткеннен кейін талап қоюмен жүгінуі, талап қою мерзімінің ескерілмегенін көрсетеді.

Сонымен бірге, АК-нің 177-180-баптарына сәйкес талап қоюдың жалпы мерзімі - 3 жыл, бұл мерзім құқық бұзушылық белгілі болған немесе белгілі болуы тиіс күннен басталады.

Өтінішхатта мемлекеттік орган ретінде талап қоюшы 2010–2011 жылдардағы шешімдердің заңдылығына бақылауды дер кезінде жүргізуге міндетті болғаны, бұл талапты орындамағаны оның өз әрекетсіздігінен туындаған екендігін көрсеткен.

Іс материалдарын алдын ала зерделеу, арызданушының өтінішхатында келтірген уәждері және жоғарыда көрсетілген түйіндер дау айтылған сот актісін қайта қарау үшін кассациялық саты сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.

АПК-тің 444-бабы 1-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, судья

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2024 жылғы 18 қарашадағы шешімін, Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 ақпандағы қаулысына Н. Толыбаевтың өкілі - С. Бекетановтың келтірген өтінішхаты азаматтық іспен бірге Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының сот отырысында қарау үшін берілсін. Қаулының көшірмесі іске қатысушы тараптарға жолдансын.

Судья М. Бектұрғанов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.