КСАД РК - Постановление от 15.04.2026 по делу 6003-26-00-4к/179 (Административное)

1

6003-26-00-4к/179 6003-26-00-4к/179 (3)

ҚАУЛЫ

15 сәуір 2026 жыл Астана қаласы

Қазақстан Республикасының әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші М.А.Туғанбаев,

судьялар – Р.М.Айнақұлова, Г.Б.Дүйсенбаев болып,

талап қоюшының өкілі А.М.Акынбековтің,

жауапкер Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің өкілі С.К.Мырзакуловтың,

жауапкер Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппаратының өкілдері С.С.Нурпеисов, Н.Т.Сералиевтің қатысуымен,

ашық сот отырысында талап қоюшы Курамаев Кайрат Алпысбаевичтың (бұдан әрі – талап қоюшы) жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – ҰҚК Департаменті), «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – Әкім аппараты) 49 бас мүйізді ірі қараны негізсіз алып қою әрекетін заңсыз деп тану және 49 бас мүйізді ірі қараны иесіне қайтаруды міндеттеу туралы талап арызы бойынша қабылданған,

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсанындағы қаулысына талапкер мен Әкім аппаратының кассациялық шағымдарымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАҒАНЫ:

Талап қоюшы жоғарыда көрсетілген талап арызымен сотқа жүгінген. Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі шешімімен К.А.Курамаевтың талап қоюы толықтай қанағаттандырылып, ҰҚК Департаментінің 07 желтоқсан 2024 жылы К.А.Курамаевтан 49 бас мүйізді ірі қара малды алып қою әрекеттері заңсыз деп танылған және Әкім аппаратына талап қоюшыға 49 бас мүйізді ірі қара малды қайтару міндеттелген.

Аталған сот шешімінің Әкім аппаратына талап қоюшыға 49 бас мүйізді ірі қара малды қайтаруды міндеттеген бөлігі дереу орындалуға жатады деген шешім қабылданған.

Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсанындағы қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгерітіліп, аталған шешімнің ҰҚК Департаментінің 07 желтоқсан 2024 жылы К.А.Курамаевтан 49 бас мүйізді ірі қара малды алып қою әрекеттері заңсыз деп танылған бөлігінің күші жойылып, істің бұл бөлігінде талап қоюдан бас тарту туралы жаңа шешім қабылданып, шешімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылған.

Талап қоюшы кассациялық шағымында істі қарау барысында сот алқасы тарапынан зерттелген дәлелдемелерге дұрыс баға берілмегендігін, материалдық құқық нормаларының дұрыс қолданылмағандығын көрсетіп, дау айтылған сот алқасы қаулысының күшін жойып, бірінші саты сотының шешімін бастапқы қалпына келтіруді сұрайды.

Жауапкер Әкім аппараты, керісінше, аталған сот актілерінің Әкім аппаратына талап қоюшыға 49 бас мүйізді ірі қара малды қайтару міндеттелген бөлігінің күшін жойып, талап арызды қанағаттандырудан толықтай бас тарту туралы жаңа шешім қабылдауды сұрайды.

Талап қоюшы мен Әкім аппараты өкілдерінің кассациялық шағымдарды қолдаған түсініктерін, жауапкер ҰҚК Департаментінің қарсы пікірін тыңдап, іс құжаттарын зерттеп, кассациялық сот төмендегідей тұжырымға келді.

Әкімшілік рәсімдік процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.

Кассациялық сот тарапынан осы іс бойынша мұндай кемшіліктердің орын алғаны анықталды.

Әкімшілік іс құжаттарына сәйкес, 2024 жылдың 7 желтоқсанында ҰҚК Департаментінің шекара жасағы талап қоюшы К.А.Курамаевқа тиесілі 49 бас мүйізді ірі қара малды шекара маңынан ұстап, осының негізінде шекара басқармасының офицері Қ.А.Төлебаев малшылар Е.Абдикапарұлы мен Д.С.Шалбаевқа қатысты шекаралық белдеуде шаруашылық қызметті жүргізудің белгіленген тәртібін сақтамау фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырған және де сол күні ұсталған малға қарау жүргізу туралы акт толтырылып, малдар «Қайынды» ауылдық әкімдігіне тексеру аяқталғанға дейін қарап-бағуға тапсырылған.

2024 жылғы 9 желтоқсанда «Қайынды» ауылдық округінің әкімі аталған 49 бас мүйізді ірі қара малды жауапты сақтау шарты негізінде жеке кәсіпкер Ж.А. Мыкиевке сақтауға беріген.

ҰҚК Департаменті өкілінің кассациялық сотта берген түсініктемелеріне сәйкес, К.А.Курамаев 49 бас мүйізді ірі қара малы ұсталғаннан кейін оқиға орнына келген, алайда ол осы ұсталған малдың иесі екенін дәлелдейтін құжаттарды ұсынбаған. Кассациялық сот отырысы барысында ҰҚК Департаменті өкілінің жоғарыда берген түсінігі талап қоюшы өкілі тарапынан жоққа шығарылмады. Іс құжаттарына сәйкес, К.А.Курамаев малдың иесі екенін дәлелдейтін екі құжатты тек қана 2025 жылдың ақпан айының 27-де ғана ұсынған, оның үстіне бұл құжаттарда сәйкессіздіктер орын алған, мысалы, бір құжатта 14 бас жылқы малы деп көрсетілсе, бір құжатта 49 бастың орнына 10 бас мүйізді ірі қара деп көрсетілген.

Мұндай жағдайда жауапкерлердің ұсталған малды уақытша қарап-бағуға үшінші тараптарға беруі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 246-бабының талабына толықтай сай келеді.

Жоғарыда аталғандардың негізінде, кассациялық сот дау айтылып отырылған сот актілерінің «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 49 бас мүйізді ірі қараны иесіне қайтаруды міндеттеу туралы бөлігі негізсіз қабылданған, сондықтан күші жойылып, іс бойынша талап арызды қанағаттандырудан толықтай бас тарту туралы жаңа шешім қабылдану керек деп есептейді.

Мұндай жағдайда талап қоюшы К.А.Курамаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз, ал жауапкер «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылуға жатады.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 21 шілдедегі шешімі мен Жамбыл облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 желтоқсанындағы қаулысы бұзылсын.

Іс бойынша жаңа шешім қабылдансын.

Талап қоюшы Курамаев Кайрат Алпысбаевичтың жауапкерлер «Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесі мен «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне 49 бас мүйізді ірі қараны негізсіз алып қою әрекетін заңсыз деп тану және 49 бас мүйізді ірі қараны иесіне қайтаруды міндеттеу туралы талап арызын қанағаттандырудан толықтай бас тартылсын.

Талапкер К.А.Курамаевтың кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Жауапкер «Т.Рысқұлов ауданы Қайынды ауылдық округінің аппараты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын. Судьялар Айнақұлова Р.М. Дүйсенбаев Г.Б.

⚠️ Текст документа получен на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан.