6001-24-00-3Г/3802
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 15 шілде Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Молдахметова Т.А.,
талап қоюшы А[...] жауапкер Р[...] заңсыз иеленіп отырған жер учаскесін босатуды, межелік шекарада орналасқан құрылыстарды бұзуды міндеттеу туралы талап қоюмен қозғалған азаматтық іс бойынша қабылданған,
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысына жауапкердің өкілі А[...] келтірген өтінішхатын алдын ала қарап
АНЫҚТАҒАНЫ:
А[...] сотқа жоғарыда көрсетілген талап қоюмен жүгінген.
Тараз қалалық сотының 2024 жылдың 22 ақпандағы шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылған.
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысымен шешімнің күші жойылған.
Талап қоюшы А[...] жауапкер Р[...] заңсыз иеленіп отырған жер учаскесін босатуды, межелік шекарада орналасқан құрылыстарды бұзуды міндеттеу туралы талап қоюы қанағаттандырылған. А[...] жеріне шекаралас Тараз қаласы, массив «Арай» (№1231), Майлықожа көшесі, № 5-үйдегі Р[...] пайдалануындағы 0,0009 га (9 шаршы метр) жер учаскесі босатылсын. Р[...] Тараз қаласы, массив «Арай» (№1231), Майлықожа көшесі, № 5-үйде А[...] жер учаскесімен межелік шекарада орналасқан құрылыстарды: шатырдың қабырғасына жабыстырылып тұрғызылған дәретхананы, моншаны, құрылысы басталған қабырғаны, өз есебінен бұзуы міндеттелген.
Жауапкердің өкілі А[...] өтінішхатта, материалдық және процесстік құқық нормаларының бұзылуына байланысты іс бойынша қабылданған сот актісінің күшін жойып, талапты қанағаттандырудан бас тарту туралы бірінші сатыдағы соттың шешімін күшінде қалдыруды сұраған. Анықталғандай, бірінші сатыдағы сот отырысы барысында тараптар мен Тараз қаласы бөлімінің тіркеу және жер кадастры мамандарының қатысуымен көшпелі сот отырысы өткізіліп, тиісті өкілетті мамандармен Тараз қаласы, массив «Арай», Майлықожа көшесінде орналасқан Р[...] тиесілі № 5-үйдің, жауапкер А[...] тесілі № 7- үйдің, № 3-үйдің, № 9-үйдің жер телімдері өлшеніп, қорытынды жасалған.
Қорытындыда көрсетілгендей, талап қоюшы (1230) жер көлемінің нақты – 0,0780 га пайдаланады, ал мемлекеттік акт бойынша жер көлемі – 0,0800 га құрайды, жауапкер (1231) жер көлемінің нақты – 0,0773 га пайдаланады, ал мемлекеттік акт бойынша жер көлемі – 0,0750 га құрайды.
Сонымен қатар Тараз қаласы, массив «Арай», Майлықожа көшесінде орналасқан (1232) № 3-үйдің иесі жер көлемінің нақты – 0,0771 га пайдаланады, ал мемлекеттік акт бойынша жер көлемі – 0,0750 га құрайды және осы көшеде орналасқан (1229) № 9-үйдің иесі жер көлемінің нақты – 0,1018 га пайдаланады, ал мемлекеттік акт бойынша жер көлемі– 0,1012 га құрайтындығы анықталған.
Бұдан бөлек, қорытындыға сәйкес жер учаскелерінің нақты мөлшері, конфигурациясы мен көлемі мемлекеттік актілерге сәйкес келмейтіні анықталған.
Сонымен қатар, қорытындыда №1229, 1230, 1231 және 1232 жер учаскелері бойынша мемлекеттік актіні дайындау барысында жерге орналастыру, үйлестіру жұмыстары жүргізілмегендігі, яғни жер шекарасы жоғары дәлдіктегі өлшеу құралдарымен өлшенбегендігі, осыған орай, нақты межелік шекараны анықтау мүмкін еместігі көрсетілген. Тараптардың жер көлемінің нақты жерге орналастыру кезінде көлемдері дұрыс анықталмаған, мемлекеттік акт бойынша жерге орналастыру дұрыс жасалмаған. Бұл жерлер бұрынғы жерді пайдаланушылар кезінде де осындай қалпында болған. Сондықтан, қазіргі кезде екі жер телімі де мемлекеттік актіге сәйкес орналастырылмағандықтан, жерлердің нақты шекарасын анықтау мүмкіншілігі жоқ. Істің мұндай тұрғысында, талап қоюшының жауапкер оның жерін заңсыз иеленіп отыр деген уәжі негізсіз. Сәйкесінше ол жерде орналасқан құрылыс нысандарын бұзуға міндеттеу заңсыз болып табылады. Өйткені даулы жерлердің нақты шекаралары анықталмаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне, 449-бабының 2-бөлігіне сәйкес, осы кодекстің 427-бабында көрсетілген материалдық және процестік заң нормаларының өрескел бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарауға негіз болып табылады. Кассациялық сатыдағы сот заңдылық мүддесінде өтінішхаттың, ұсынудың немесе наразылықтың шегінен шығуға және шағым жасалған, наразылық келтірілген сот актісінің заңдылығын толық көлемде тексеруге құқылы.
Өтінішхатта келтірілген уәждер, сот актісін қайта қарау үшін кассациялық сатыдағы сот отырысында қарауға жататын негіздер бар екенін көрсетеді.
АПК-нің 444-бабының 1 бөлігі 1)-тармақшасын басшылыққа алып, судья
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Жамбыл облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 3 маусымдағы қаулысын қайта қарау туралы өтінішхат Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының кассациялық сатыдағы азаматтық істер жөніндегі сот алқасына берілсін.
Қаулының көшірмесі өтінішхатты берген тұлғаға жолдансын.
Судья
Т.Молдахметова
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.