КСАД РК - Постановление от 05.05.2026 по делу 6003-26-00-4к/329 (Административное)

Қ А У Л Ы

2026 жылғы 5 мамыр №6003-26-00-4к/329 Астана қаласы

Қазақстан Республикасының Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соты құрамында:

төрағалық етуші - судья М.А. Манабаева,

судьялар - Н.Е. Нуралыева, Е.Б.Тулеев

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының

Ж[...],

жауапкердің өкілдері С[...], Ж[...] қатысуымен ашық сот отырысында Б[...], Х[...], А[...], Н[...] «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Департамент) хабарламаларды заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешіміне және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысына жауапкердің келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Талап қоюшылар Департаментке жоғарыда аталған талаптарымен сотқа жүгінген.

Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырылған Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімімен талап қою қанағаттандырылған.

Департаменттің талап қоюшы Б[...] қатысты қабылдаған:

  • кедендік декларацияларға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе)

мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру жүргізудің нәтижелері туралы 2025 жылғы 27 ақпандағы №[...]/17, №[...]/18 хабарламалары;

  • кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы 2025 жылғы 28 наурыздағы №12, №3 хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған. Департаменттің талап қоюшы Х[...] қатысты қабылдаған:

  • кедендік декларацияларға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе)

мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру жүргізудің нәтижелері туралы 2025 жылғы 17 наурыздағы №[...]/23, №[...]/24 хабарламалары;

  • кедендік баждардың, салықтардың, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарының, өсімпұлдардың, пайыздардың белгіленген мерзімде төленбеген сомалары туралы 2025 жылғы 14 сәуірдегі №20, №21 хабарламалары заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Департаменттің талап қоюшы А[...] қатысты қабылдаған кедендік декларацияларға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру жүргізудің нәтижелері туралы 2025 жылғы 25 сәуірдегі №[...]/33 хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Департаменттің талап қоюшы Н[...] қатысты қабылданған кедендік декларацияларға қатысты кедендік, өзге құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттарды, кедендік декларацияларда мәлімделген және (немесе) мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тауарлар шығарылғаннан кейін басталған тексеру жүргізудің нәтижелері туралы 2025 жылғы 25 сәуірдегі №[...]/34 хабарламасы заңсыз деп танылып, күші жойылған.

Сот шығыстарын бөлу жөніндегі мәселелер шешілген.

Кассациялық шағымында жауапкер жергілікті соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын бұзуы даудың дұрыс шешілмеуіне әкеп соққанын көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұрайды.

Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 112 және 115-баптарына сәйкес әкімшілік іске қатысатын адамдардың келмеуі оларға тиісінше хабарланған жағдайда сот отырысын өткізуге кедергі болып табылмайды.

Талап қоюшылар сот хабарламасын жіберу арқылы тиісті түрде хабардар етілген, алайда кассациялық сатыдағы сот отырысына келмеді. Талап қоюшылардың өкілі сот отырысына бейнеконференцбайланысы арқылы қатысу туралы өтінішхат берді. Бұған қатысты қандай да бір дәлелді себептер келтірілмеген. Осыған байланысты өтінішхат қанағаттандыруға жатпайды, өйткені сот отырысы Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттың ғимаратында қарауға тағайындалған, бұл туралы процеске қатысушылар алдын ала хабардар етілген. Демек, сот отырысының алдын ала белгіленген форматын өзгертуге негіз жоқ.

Кассациялық сатыдағы сот шағымды қолдаған жауапкерлердің өкілдерін, сот актілерінің күшін жою қажет деп санаған прокурордың қорытындысын тыңдап, әкімшілік істің материалдарын зерттеп, төмендегідей тұжырымға келді.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы соттағы іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, беру Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.

АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігінде заңсыз сот актісін шығаруға әкеп соққан материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіздер болып табылатыны көзделген.

Төменгі сатыдағы соттар мұндай бұзушылықтарға жол берген.

А[...] және Н[...] бұрын қолданыста болған «DAF» маркалы ершікті тартқыштарды 10 пайыз мөлшеріндегі әкелу кедендік бажын қолдануды көздейтін ЕАЭО СЭҚ ТН 8701 21 9012 кодымен сыныпталған «импорт 40» кедендік рәсімімен ресімдеп, Қазақстан Республикасының аумағына импорттаған. Кедендік бақылау барысында жауапкер көлік құралдарының мәлімделген шығарылған жылдары олардың іс жүзіндегі деректеріне сәйкес келмейтінін анықтаған. «DAF Truck N.V.» өндірушісінің деректер базасынан алынған «BM[...]» ЖШС ресми дилерінің мәліметтеріне сәйкес көлік құралдары декларацияларда көрсетілген мерзімнен бұрын шығарылған, осыған байланысты олар шығарылған сәттен бастап 7 жылдан астам уақыт өткен.

Тексеру нәтижелері бойынша Департамент 2024 жылғы 19 қарашада тауарларды ЕАЭО СЭҚ ТН 8701 21 9012 кодынан 8701 21 9011 кодына қайта сыныптау туралы шешімдер қабылдаған. Кейіннен талап қоюшыларға

қатысты тауарлар шығарылғаннан кейінгі тексерулер жүргізіліп, осы тексерулердің нәтижесі бойынша кедендік төлемдерді, салықтарды және өсімпұлды қосымша есептеу туралы хабарламалар шығарылған.

Көлік құралдарының қауіпсіздік конструкциясы туралы куәліктерді берген «ТK[...]» ЖШС-ға қатысты уәкілетті орган жүргізген жоспардан тыс тексеру нәтижелері де осы шешімдерді қабылдауға негіз болған. Осы тексеру барысында көлік құралдарының шығарылған жылы іс жүзіндегі деректермен сәйкестігі расталмағаны анықталған.

Тексеру нәтижелері туралы шығарылған хабарламалармен және төленбеген кедендік төлемдер сомасы туралы хабарламалармен келіспеген талап қоюшылар оларды заңсыз деп тану және күшін жою туралы талаптармен сотқа жүгінген.

Бірінші сатыдағы сот дауланып отырған хабарламалар қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмейтіні туралы қорытындыға келген, өйткені жауапкердің тауарларды дұрыс сыныптамау және кедендік төлемдерді қосымша есептеу жөніндегі тұжырымдары «BM[...]» ЖШС-ның хаттарына негізделген, ал бұл хаттар көлік құралдарының нақты шығарылған жылын растайтын жеткілікті әрі анық дәлелдемелер емес. Бұл ретте, талап қоюшылар ұсынған техникалық және тауарға ілеспе құжаттар, сондай-ақ көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік ресми құжаттар болып табылады және осы құжаттар белгіленген тәртіппен жарамсыз деп танылмаған. Сондай-ақ, сот жауапкердің істің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін жеткілікті шаралар қолданбаған, атап айтқанда көлік құралдарын өндірушіге және құзыретті органдарға сұраныстар жібермеген, сондай-ақ «Bosfor Motors» ЖШС-нің автокөліктердің шығарылған жылын анықтауға қатысты құзыреті расталмаған деп есептейді.

Апелляциялық сатыдағы сот бірінші сатыдағы соттың тұжырымдарымен келіскен.

Кассациялық сатыдағы сот кассациялық шағым уәждерінің шегінде бірінші және апелляциялық сатыдағы сот актілерінің заңдылығын тексеріп, материалдық құқық нормаларының елеулі түрде бұзылғанын, осы бұзушылықтар істің нәтижесіне әсер еткенін, сондай-ақ дауды дұрыс шешу үшін маңызы бар мән-жайлардың толық анықталмағанын ескере отырып, сот актілерінің күшін жою қажет деген қорытындыға келді.

АПК-нің 224-бабының 1-тармағына сәйкес сот шешімі заңды және негізді болуға тиіс.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар талап қоюды қанағаттандырған кезде жауапкер көлік құралдарының нақты шығарылған жылын дәлелдемегенін негізге алып, «BM[...]» ЖШС-нің хаттарын тауарларды қайта сыныптау және кедендік төлемдерді қосымша есептеу үшін дәлелдеме ретінде жеткіліксіз деп таныған.

Дегенмен, аталған тұжырымдар жауапкер ұсынған дәлелдемелердің жиынтығын тиісті түрде бағаламай жасалған, бұл АПК-нің 72, 73 және 76баптарында көзделген дәлелдемелердің қатыстылығы, жол берілетіндігі және оларды бағалау қағидаларына сәйкес келмейді.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 12 және 13-баптарына сәйкес кеден органдары тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылауды жүзеге асырады және кедендік бақылауды жүргізу үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді жеке және заңды тұлғалардан сұратуға құқылы.

Іс материалдары бойынша «BM[...]» ЖШС Қ[...] Республикасының аумағында «DAF Truck N.V.» өндірушісінің ресми дилері болып табылады және автокөліктердің VIN-кодтары бойынша өндірушінің бірыңғай ақпараттық базасы негізінде көлік құралдарының шығарылған жылы туралы мәліметті берген.

Бұл ретте, АПК-нің 76-бабына сәйкес сот жалпыға бірдей белгілі деп таныған мән-жайлар дәлелдеуді қажет етпейді. Көлік құралының шығарылған жылын VIN-код бойынша айқындау ISO 3779 стандартына сәйкес көлік құралдарын сәйкестендірудің халықаралық деңгейде жалпы қабылданған тәсілі болып табылады. «BM[...]» ЖШС ұсынған мәліметтер даулы көлік құралдарын Беларусь Республикасының кеден бекеті арқылы өткізу кезінде ресімделген транзиттік декларациялардағы деректермен үйлеседі, мұнда автокөліктердің шығарылған жылы өндірушінің деректеріне сәйкес көрсетілген. Алайда Қазақстан Республикасының аумағында кейіннен кедендік рәсімдеу кезінде талап қоюшылар көлік құралдарының шығарылған жылы туралы өзге мәліметтерді ұсынған, бұл ЕАЭО СЭҚ ТН-нің басқа коды қолданылуына және төленуге жататын кедендік төлемдер мөлшерінің азаюына әкеп соққан.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 40-бабына сәйкес декларант тауарлар туралы анық емес мәліметтерді мәлімдегені үшін жауапты болады. ЕАЭО СЭҚ ТН ережелеріне сәйкес даулы көлік құралдарын сыныптау оларды шығарған күннен бастап өткен мерзімге байланысты, бұл өз кезегінде төленуге жататын кедендік төлемдердің мөлшеріне тікелей әсер етеді.

Сонымен бірге, соттар кедендік декларациялау кезінде анық емес құжаттарды ұсыну фактісі талап қоюшыларды Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 550бабымен әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы заңды күшіне енген қаулыларымен анықталғанын ескермеген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау барысында талап қоюшылар ЕАЭО кедендік шекарасы

арқылы тауарларды өткізу кезінде жарамсыз құжаттарды ұсынғанын мойындаған.

АПК-нiң 76-бабының бесiншi бөлiгiне сәйкес әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша соттың заңды күшiне енген қаулысымен анықталған мән-жайлар сот үшiн мiндеттi және сол адамдар қатысатын басқа iстi қарау кезiнде қайтадан дәлелденбейдi. Алайда бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар көрсетілген мән-жайларға құқықтық баға бермеген.

Сонымен қатар «ТK[...]» ЖШС-ға қатысты жүргізілген жоспардан тыс тексеру нәтижесінде уәкілетті орган техникалық реттеу заңнамасының бұзылғанын анықтаған. Атап айтқанда, көлік құралдарына көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлікті беру кезінде олардың шығарылған жылы арыз берушілер ұсынған мәліметтерге ғана сүйеніп көрсетілген және бұл деректер өндірушінің мәліметтеріне сәйкестігі расталмаған. Тексеру қорытындысы бойынша «ТK[...]» ЖШС Қ[...] Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 415-1-бабы бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылған. Осы мән-жайлар іс материалдарымен бекітіледі.

Мұндай жағдайларда соттардың техникалық құжаттар мен көлік құралы конструкциясының қауіпсіздігі туралы куәлік осы көлік құралдарының шығарылған жылы туралы мәліметтердің дұрыстығын сөзсіз растайды деген тұжырымы негізсіз болып табылады. Аталған құжаттардың жарамсыз деп танылмауы олардың тауарлар шығарылғаннан кейін кедендік бақылау шеңберінде мәліметтердің анық еместігін айқындау мүмкіндігін теріске шығармайды.

Кассациялық сатыдағы соттың пікірінше, кассациялық шағымның талап қоюшылардың әрекеттерінің адал еместігін куәландыратын мән-жайлардың болуы туралы уәждері негізді.

Беларусь Республикасының және Қазақстан Республикасының аумағында ресімдеген кезде сол бір көлік құралының шығарылған жылы туралы қарама-қайшы мәліметтер көрсетілген әртүрлі құжаттар ұсынылғаны іс материалдарымен бекітіледі. Сонымен қоса, талап қоюшылар көлік құралдарының бастапқыда мәлімделген кедендік құнын түзетумен келіскен және көліктердің құнын орташа нарықтық деңгейге дейін түзеткеннен кейін кедендік төлемдерді қосымша төлеген. ӘРПК-нің 10-бабының алтыншы бөлігіне сәйкес әкімшілік рәсімге қатысушылар адал ниетпен әрекет етуге міндетті. Дегенмен, анықталған мән-жайлардың жиынтығы талап қоюшылардың кедендік төлемдердің мөлшерін азайту мақсатында қасақана анық емес мәліметтер бергенін көрсетеді.

Соттардың тікелей көлік құралдарын өндірушіге сұрау салу қажеттілігі туралы уәждері кеден заңнамасының нормаларын қате түсінуге негізделген, өйткені қолданыстағы заңнамада кеден органының мәліметтерді тек тауарды өндірушіден ғана алуға міндетті екендігі көзделмеген.

Мұндай жағдайларда кассациялық сатыдағы сот дауланып отырған хабарламаларды жауапкер өзіне берілген өкілеттіктер шегінде, жеткілікті дәлелдемелер негізінде және кеден заңнамасының талаптарына сәйкес қабылдаған деген қорытындыға келеді.

Іс бойынша нақты мән-жайлар анықталғанын, бірақ оларға дұрыс құқықтық баға берілмегенін ескере отырып, кассациялық сатыдағы сот істі жаңадан қарауға жібермей-ақ жаңа шешім қабылдаған жөн деп есептейді.

Баяндалған мән-жайлардың негізінде бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың сот актілерінің күші жойылып, талап қоюды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылуы тиіс.

ӘРПК-нің 169-бабының бірінші бөлігін, АПК-нің 451-бабы екінші бөлігінің 8) тармақшасын басшылыққа ала отырып, кассациялық сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Осы іс бойынша Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2025 жылғы 10 шілдедегі шешімінің және Қызылорда облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 17 желтоқсандағы қаулысының күші жойылсын.

Б[...], Х[...], А[...], Н[...] «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне 2025 жылғы 27 ақпандағы № 25KZ556000013A3/17, № 25KZ556000017A1/18 хабарламаларды; 2025 жылғы 28 наурыздағы № 12, № 3 хабарламаларды; 2025 жылғы 17 наурыздағы № 25KZ556000015A2/23, № [...]/24 хабарламаларды; 2025 жылғы 14 сәуірдегі № 20, № 21 хабарламаларды; 2025 жылғы 25 сәуірдегі № [...]/33 хабарламаны; 2025 жылғы 25 сәуірдегі № [...]/34 хабарламаны заңсыз деп тану және олардың күшін жою туралы талап қоюын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылсын.

Жауапкер «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің кассациялық шағымы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

Судьялар

М. Манабаева

Н. Нуралыева

Е. Тулеев

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.