Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 20.04.2026 по делу 6003-26-00-2к/199 (Гражданское)

№6003-26-00-2к/199

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 20 сәуір Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов,

талап қоюшы К.Ж.Абдуллиннің,

жауапкер өкілі С.Н.Ибрагимованың қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құралдары арқылы талап қоюшы Куаныш Жуматович Абдуллиннің жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Батыс Қазақстан облысы Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесіне бұйрықты заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюы бойынша Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысына жауапкердің кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

К.Ж.Абдуллин сотқа талап қоюмен жүгініп, жауапкер «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Батыс Қазақстан облысы Әділет департаменті» республикалық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 12 қарашадағы №192 бұйрығын, яғни «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы актіні заңсыз деп тануды және күшін жоюды сұраған. Бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырылып, аталған бұйрық заңсыз деп танылып, оның күші жойылған.

Бірінші сатыдағы сот мұндай қорытындыға келе отырып, талап қоюшыға қатысты қызметтік тергеп-тексеру Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) талаптарын бұза отырып тағайындалғанын анықтаған. Атап айтқанда, тәртіптік теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қызметтік тергеп-тексеру тағайындалуға тиіс болғанымен, бұл мерзім сақталмаған. Сонымен қатар сот тәртіптік жауаптылыққа тарту рәсімінің бұзылуын анықтаған.

Талап қоюшының қызметтік тергеу тағайындау туралы бұйрықты және тәртіптік комиссиясының хаттамасын заңсыз деп тану және күшін жою туралы талап қоюының бөлігі бірінші сатыдағы соттың 2025 жылғы 12 мамырдағы ұйғарымымен азаматтық іс өндірістен тоқтатылған.

Апелляциялық сатыдағы сот 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз қалдырған. Апелляциялық сот бірінші сатыдағы соттың қорытындылары істің мән-жайларына және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келеді деп таныған.

Кассациялық шағымда жауапкер сот актілерін заңсыз және негізсіз деп санап, қызметтік тергеп-тексеру талап қоюшының демалыста болуына байланысты заңды түрде кейінге қалдырылғанын, қолданылған тәртіптік жаза заң талаптарына сәйкес екенін көрсетіп, сот актілерінің күшін жоюды сұраған. Кассациялық сот іс құжаттарын зерттеп, тараптардың түсініктерін тыңдап, төмендегідей тұжырымға келді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес материалдық немесе процестік құқық нормаларының елеулі түрде бұзылуы сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негіз болып табылады.

Іс бойынша соттармен мұндай бұзушылықтарға жол берілмеген.

Анықталғаны К.Ж.Абдуллин 2010 жылғы 29 қазанда Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аумақтық бөлімінің сот орындаушысы лауазымына тағайындалған. 2020 жылғы 27 қаңтардан бастап «Казталов ауданаралық сот актілерін орындау жөніндегі аумақтық бөлімі» филиалының басшысы - аға сот орындаушысы лауазымында қызмет атқарады.

2024 жылғы 14 қазандағы қызметтік жазба негізінде 2024 жылғы 29 қазанда Департамент басшысының № 218н бұйрығымен қызметтік тесеру тағайындалған.

2024 жылғы 5 қарашадағы қызметтік тексеру нәтижелері бойынша талап қоюшы Қазақстан Республикасы «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының талаптарын орындамаған деген қорытынды шығарылған.

2024 жылғы 8 қарашадағы тәртіптік комиссия отырысының хаттамалық шешімімен талап қоюшыға қатысты «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.

2024 жылғы 12 қарашадағы № 192 бұйрығымен К.Ж.Абдуллинге «қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрық шығарылған.

Қағидалардың 2-бөлімі 3-тарауының 45-тармағына сәйкес қызметтік тергеп-тексеру тәртіптік теріс қылық туралы мәлімет келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде тағайындалуы тиіс.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшыға қатысты тәртіптік теріс қылық туралы қызметтік жазба 2024 жылғы 14 қазанда жасалған, алайда қызметтік тергеп-тексеру тек 2024 жылғы 29 қазанда тағайындалған, яғни белгіленген мерзім бұзылған.

Жауапкердің талап қоюшының еңбек демалысында болуына байланысты мерзімдердің тоқтатылғаны туралы уәждері негізсіз болып табылады, себебі Қағидалардың талаптарына сәйкес мерзімдер қызметтік тергеп-тексеру тағайындалғаннан кейін ғана тоқтатылуы мүмкін. Ал қызметтік тергептексеруді тағайындау мерзімі демалыс кезеңіне байланысты ұзартылмайды.

Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының 45-бабына сілтеме жасалған уәждер де соттардың тұжырымдарын жоққа шығармайды, өйткені аталған норма тәртіптік жазаны қолдану мерзіміне қатысты, ал қызметтік тергеп-тексеруді тағайындау мерзімін реттемейді.

Осылайша, жауапкер тәртіптік жауаптылыққа тарту тәртібін бұзған, бұл өз кезегінде шығарылған бұйрықтың заңсыздығына әкеп соғады.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар аталған мән-жайларды толық және жан-жақты зерттеп, тиісті құқықтық баға берген және талап қоюды қанағаттандыру туралы дұрыс тұжырымға келген.

АПК-нің 72-бабына сәйкес әрбір тарап өз талаптары мен қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге міндетті. Алайда жауапкер кассациялық шағымда соттардың тұжырымдарын жоққа шығаратын жаңа дәлелдер келтірмеген.

Қабылданған сот актілерінде олардың негіздері мен себептері толық көрсетілген, материалдық және процестік құқық нормалары дұрыс қолданылған, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Сондықтан дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласының №2 сотының 2025 жылғы 12 мамырдағы шешімі мен Батыс Қазақстан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 9 шілдедегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші

Г. Джаппарова

Судьялар

А. Есдаулетов

Н. Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.