6001-23-00-6ап/2459
ҚАУЛЫ
2024 жылғы 4 наурыз Астана қаласы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы құрамында:
төрағалық етуші – судья Г.Б. Дуйсенбаев, судьялар – Г.К.Нұрбаев, Е.Ж. Өмірәлиев болып, жауапкер өкілі С[...].,
мүдделі тұлға М[...] қатысуларымен
Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының мәжіліс залында талап қоюшы А[...] жауапкерлер «Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне, «Шымкент қаласы ӘлФараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне 2022 жылғы 15 қыркүйекте берілген арыз-шағымды қарау кезіндегі әрекетсіздіктерін заңсыз деп тану, «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 20 қазанда берілген шағымды қарау кезіндегі әрекетсіздіктерін заңсыз деп тану, 2022 жылғы 15 қыркүйекте арыз-шағымды Т[...] хан даңғылы №32 көпқабатты үй тұрғындарына тиесілі автоматты шлагбаумның орнатылу заңдылығын және оған берілген рұқсат құжаттарын тексеріп, көпшілік пайдаланып отырған жолды аштыруды (кедергіні жойып, бастапқы қалыпқа келтіруді) қайта қарауды міндеттеу және оның орындалуының уақытын белгілеу туралы әкімшілік ісі бойынша қабылданған,
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешіміне және Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 шілдедегі қаулысына талап қоюшының өкілі К[...] келтірген кассациялық шағымымен түскен әкімшілік істі қарап,
АНЫҚТАҒАНЫ:
Талап қоюшы А[...] жоғарыда аталған талап арызбен сотқа жүгінген.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешімімен талап арыз ішінара қанағаттандырылған.
«Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 15 қыркүйекте берілген арыз-шағымды қарау кезіндегі әрекетсіздіктері заңсыз деп танылған.
«Шымкент қаласы қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің 2022 жылғы 20 қазандағы берілген шағымды қарау кезіндегі әрекетсіздіктері заңсыз деп танылған.
Талап арыздың қалған бөлігі қанағаттандырудан бас тартылған. Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 шілдедегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымында іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, соттардың материалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбағанын көрсете отырып, сот актілерінің қанағаттандырудан бас тартылған бөлігінің күшін жоюды, талап қоюшының пайдасына жауапкерден 500 000 теңге сот шығындарын өндіру туралы шешім қабылдауды, сот актілерінің талап арызды қанағаттандырылған бөлігін өзгеріссіз қалдыруды сұраған.
Сот алқасы, жауапкерлер өкілі С[...] кассациялық шағым уәждерімен келіспеген пікірін, мүдделі тұлға М[...] пікірін тыңдап, әкімшілік іс құжаттарын жан-жақты зерттеп, шағымның уәждерін талқылап, келесі қорытындыға келеді.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі - ӘРПК) 169-бабының бірінші бөлігіне сәйкес кассациялық шағым жасау және кассациялық сатыдағы сотта іс жүргізу тәртібі, егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) қағидаларында айқындалады.
АПК-нің 438-бабының бесінші бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, АПК-нің 427-бабында көзделген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiз болып табылады.
Іс бойынша мұндай кемшіліктер орын алмаған.
Іс құжаттарына қарағанда, талап қоюшы А[...] Шымкент қаласында «Спартак» ғимаратында орналасқан шаштаразда жеке кәсіпкерлік қызметімен айналысады. Шымкент қаласы, [...] хан даңғылы, №32 көпқабатты үйдің жанында Әл-Фараби ауданы әкімшілігінің рұқсатымен орнатылған автоматты шлагбаумның өз кезегінде оның клиенттеріне кедергі келтіргенін және де табысынан айырғанын көрсетіп, көпшілік пайдаланып отырған жолға қойылған кедергіні жоюды және бастапқы қалпына келтіруді сұрап жауапкерлерге тиісті арыз-шағымдармен жүгінген.
Жергілікті соттармен анықталғандай, жауапкерлер тарапынан талап қоюшының арыздары ӘРПК-нің талаптарына сай қаралмаған, әкімшілік рәсім қозғалмаған, формальды түрде жауап берілген.
Талап арыздың бұл бөлігі соттармен қанағаттандырылған.
Талап қоюшының 2022 жылғы 15 қыркүйектегі жергілікі атқару органына жолдаған арыз-шағымы, яғни көпқабатты үй тұрғындарына тиесілі автоматты шлагбаумның орнатылу заңдылығын және оған берілген рұқсат құжаттарын тексеріп, көпшілік пайдаланып отырған жолды аштыруды (кедергіні жойып, бастапқы қалыпқа келтіруді) қайта қарауды міндеттеу және оның орындалуының уақытын белгілеу туралы талабын қанағаттандырудан бас тартылған, себебі бұл мәселені шешу аудан әкімі аппаратының құзыретіне кірмейтіндігі туралы хабарланған. Жергілікті соттардың талап қоюшының өкілге төленген сот шығындарын растайтын құжат және төлем түбіртегін сотқа ұсынбауына байланысты талап қоюшының пайдасына жауапкерден 500 000 теңге заң көмегіне ақы төлеу бойынша шығысын өндіру туралы талабы қанағаттандырудан бас тартуға жатады деген тұжырымын сот алқасы заңды, әрі негізді деп санайды, себебі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №9 «Қазақстан Республикасы соттарының азаматтық істер бойынша сот шығыстары туралы заңнаманы қолдануы туралы» нормативтік қаулысының 14-тармағына сәйкес өкілдің көмегіне ақы төлеу туралы шығыстарды өндіру туралы талап мәлімделуі мүмкін және шешім шығарылғанға дейін нақты іс бойынша соттың қарауына жатады.
Іс бойынша сотта анықталған мән-жайларға баға бере отырып сот алқасы дауланып отырған сот актілері ақылға қонымды, парасатты және мөлшерлестік қағидатына сай қабылданған деп санайды.
Талап қоюшы өкілінің кассациялық шағымында көрсетілген уәждері төменгі саты соттарымен жан-жақты зерттеліп, оларға тиісті құқықтық баға берілген, ал тараптардың сотта зерттеліп, дәлелдемелермен негізделген сот тұжырымдарымен келіспеуі, сот актілерін өзгертуге немесе бұзуға негіз болып табылмайды.
Сондықтан, сот алқасы іс бойынша қабылданған сот актілерінің күшін жоюға, кассациялық шағымды қанағаттандыруға негіздер жоқ деп тапты.
ӘРПК-нің 169 бабын және АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып, сот алқасы
Қ А У Л Ы Е Т Т І:
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2023 жылғы 6 наурыздағы шешімі, Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2023 жылғы 14 шілдедегі қаулысы күшінде қалдырылсын.
Талап қоюшының өкілі К[...] кассациялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші
Судьялар
Г.Б. Дуйсенбаев Г.К. Нұрбаев
Е.Ж. Өмірәлиев Көшірмесі дұрыс. Судья
Г.Б. Дуйсенбаев
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.