ВС РК - Постановление от 18.05.2017 по делу 6001-17-00-6АП/21 (Об административном правонарушении)

6ап-21-17 көшірме

2017 жылғы 18 мамыр Астана қаласы

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мамандандырылған сот алқасы құрамында:

төрағалық етуші судья А.Қыдырбаева,

судьялар Н.Жолдасбеков, Б.Шермұхаметов,

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Департамент бөлімінің бастығы Ч[...],

әкімшілік жауаптылыққа тартылған Е[...],

Қазақстан Республикасы «Әскерилендірілген темір жол күзеті» акционерлік қоғамының (бұдан әріи - Қоғам) Шымкент қаласындағы филиалының өкілі Н[...] 2016 жылғы 27 желтоқсандағы №125 сенімхат негізінде,

Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің (бұдан әріДепартамент) өкілі Н[...] 2017 жылғы 15 мамырдағы №125 сенімхат негізінде қатысуымен,

кассациялық тәртібімен ашық сот отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің 2016 жылғы 8 тамыздағы, Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 11 қарашадағы қаулыларына келтірген наразылықпен түскен

Е[...] қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 670-бабының 1-бөлігімен қозғалған әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарап, А Н Ы Қ Т А Ғ А Н Ы : Департаменттің 2016 жылғы 8 тамыздағы қаулысымен Е[...] ӘҚБтК-нің 670-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған жаза ретінде он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 21 210 теңге әкімшілік айыппұл тағайындалған.

Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 11 қарашадағы қаулысымен Департаменттің қаулысы өзгеріссіз, Е[...] шағымы қанағаттандырусыз қалдырылған.

Бас Прокурордың орынбасары наразылығында іс бойынша қабылданған Департамент пен соттың қаулыларымен келіспей, олардың күшін жойып, Е[...] әрекетінде ӘҚБтК-тің 670-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты қысқартуды сұраған.

Департаменттің сенімді өкілі Н[...] наразылыққа қарсы пікірде қаулыларды өзгеріссіз, наразылықты қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған. Наразылықты қуаттаған прокурор Ч[...], әкімшілік жауаптылыққа тартылған Е[...], Қоғамның өкілі Н[...] пікірлерін, керісінше қанағаттандырусыз қалдыру туралы Департаменттің өкілі Н[...] қарсылығын тыңдап, іс материалдарын зерделеп, мамандандырылған сот алқасы прокурордың наразылығы төмендегі негіздермен қанағаттандыруға жатады деген тұжырымға келді.

Бірінші сатыдағы сот Е[...] ӘҚБтК-тің 670-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасаған деген тұжырымға келген. Яғни, соттың пікірінше ол сот орындаушысының атқарушылық құжатты орындаумен байланысты, оның ішінде борышкердің жұмыс орны мен оның кірістері, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалудың жүргізілгені және өндіріп алынған соманың өндіріп алушыға жіберілгені туралы, борышкердің өзге де жеке және заңды тұлғалардағы ақша сомалары мен мүлкіне өндіріп алудың қолданылғаны туралы мәліметтерді, ол тағайындаған мерзімде ұсыну туралы қаулыларын және заңды талаптарын орындамаған.

Расында, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 100-бабына сәйкес, борышкермен еңбек қатынасында тұрған немесе ол табыс алатын адамдар сот орындаушысы тағайындаған мерзімде борышкердің жұмыс орны мен табыстары, атқарушылық құжатқа сәйкес ұстап қалу жүргізілгендегі және өндіріп алынған соманың өндіріп алушыға жіберілгендігі туралы, борышкердің ақша сомалары мен мүлкінен өндіріп алу жөнінде, сондай-ақ борышкердің жұмыстан босатылғаны туралы, егер өздеріне белгілі болса, оның жаңа жұмыс орны немесе тұратын жері туралы дәйекті мәліметтер беруге міндетті. Сот орындаушысының бұл талаптарын орындамау әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады.

Алайда, аталған нормаларда атқарушылық құжатқа қатысты сот орындаушысының заңды талаптары орындалмағаны үшін жауаптылық көзделген. Әкімшілік іс құжаттарынан белгілі болғандай Оңтүстік Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің Әл-Фараби аумақтық сот орындаушылар бөлімінің бастығы - аға сот орындаушысының міндетін атқарушы С[...] 2012 жылғы 3 ақпандағы атқару құжатын Қоғамның Шымкент қаласындағы филиалына жолдаған хатында, Ж[...] қатысты атқару құжаты толық орындалған соң немесе борышкер жұмысынан босатылған жағдайда атқару парағын заңда көрсетілген мерзімде, қанша сома ұсталғаны туралы белгісімен аталған аумақтық сот орындаушылар бөліміне қайтару жөнінде көрсетілген.

Демек, Қоғамның Шымкент қаласындағы филиалы аумақтық сот орындаушылар бөліміне атқару құжатты тек толық орындалғанда және борышкер жұмыстан босатылғанда ғана хабарлауға міндетті болған.

Оған қарамастан Қоғамның Шымкент қаласындағы филиалының директоры Б.Т[...] Қазақстан облысы Сот актілерін орындау департаментінің Әл-Фараби, Абай және Еңбекші аумақтық сот орындаушылар бөлімдерінің аға сот орындаушыларына 2015 жылғы 12 мамырда жолдаған хатында Қоғамның 2015 жылғы 10 сәуірдегі бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласындағы филиалдың атқыштар командасы, оның ішінде Ж[...] қызмет орны Қоғамның Алматы қаласындағы филиалына ауыстырылғанын көрсеткен.

Осыған орай, Ч[...] пайдасына борышкер Ж[...] алимент өндіру туралы атқару құжаты, сондай-ақ Шымкент филиалында жұмыс жасайтын басқада борышкерлерге қатысты атқару құжаттары, сол күні қабылдау-өткізу актісімен Қоғамның Алматы қаласындағы филиалына құжаттарды әрі қарай орындалуын қамтамасыз ету үшін жолданғаны туралы хабардар еткен.

Өз кезегінде борышкер Ж[...] жұмыс орны белгілі – ол Қоғам. Жұмыстан босамаған, жұмыс беруші онымен еңбек шартын бұзбаған, ол бұрынғы атқыштар командасындағы қызметінде қалған. Оның үстіне оған қатысты атқару құжатының орындалуы аяқталмаған, себебі, ол мерзімдік төлемдерге жатады. Оның жалақысынан, сондай-ақ барлық кірісінен ұстап қалу мерзімді түрде жүргізіліп отырған және тоқтатылмаған, Ч[...] пайдасына ай сайын жиырма бес пайыз алимент өндіріліп отырылған, әлі де өндірілуде.

Мұндай жағдайда мамандандырылған сот алқасы сот орындаушысының заңды талаптары орындалмаған деуге еш негіз жоқ деген наразылықтың уәждерімен толықтай келіседі. Осыған орай, Департамент пен бірінші сатыдағы соттың Қоғамның Шымкент қаласындағы филиалының бас есепшісі Е[...] сот орындаушысының ӘҚБтК-тің 670-бабының 1-бөлігінде көзделген талаптарын орындамады деген тұжырымдары негізсіз.

ӘҚБтК-нің 840-бабының 1)-тармақшасына сай судьяның әкімшілік іс бойынша қаулыда жазылған істің нақты мән-жайлары туралы түйіндерінің шағымды, наразылықты қарау кезінде зерттелген дәлелдемелерге сәйкес келмеуі әкімшілік іс бойынша қаулының күшін жоюға негіз болып табылады.

Жоғарыда баяндалғанның негізінде және ӘҚБтК-нің 839-бабының 1-бөлігінің 3)-тармақшасын, 840-бабының 1)-тармақшасын, 851-бабын басшылыққа ала отырып,

Қ А У Л Ы Е Т Т І :

Е[...] қатысты Оңтүстік Қазақстан облысы Әділет департаментінің 2016 жылғы 8 тамыздағы, оны күшінде қалдырған Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2016 жылғы 11 қарашадағы қаулыларының күші жойылып, оның әрекетінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 670-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс бойынша өндіріс қысқартылсын.

Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры орынбасарының наразылығы қанағаттандырылсын.

Төрағалық етуші

  • А. Қыдырбаева

  • Н. Жолдасбеков

Судьялар

Б. Шермұхаметов

Көшірмесі дұрыс.

Н. Жолдасбеков

Судья

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.