Кассационный суд Республики Казахстан по гражданским делам - Постановление от 12.01.2026 по делу 6003-25-00-2к/3706 (Гражданское)

№6003-25-00-2к/3706

ҚАУЛЫ

2026 жылғы 12 қаңтар Астана қаласы

Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарованың, судьялар А.К.Есдаулетовтың, Н.Б.Ормахановтың, талап қоюшы Ж[...],

жауапкерлердің өкілдері Ш[...], Б[...], К[...], Н[...] қатысуларымен,

ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Ж[...] жауапкерлер «Шымкент қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мен «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қаулының қосымшасын заңсыз деп тану туралы талап қоюы бойынша Шымкент каласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,

АНЫҚТАДЫ:

Ж[...] аталған талап қоюымен сотқа жүгініп, Шымкент қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 20 ақпандағы №698 қаулысының 1-қосымшасын заңсыз деп танып, күшін жоюды сұраған.

Шымкент каласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 26 мамырдағы шешімімен талап қою қанағаттандырусыз қалдырылған.

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысымен бірінші сатыдағы сот шешімі өзгеріссіз қалдырылған.

Шағымда талап қоюшы іс бойынша қабылданған сот актілерімен келіспей, жергілікті соттардың тұжырымдары істің мән-жайларына сәйкес келмейтінін, іс үшін маңызы бар мән-жайлар ауқымы дұрыс айқындалып, анықталмағанын, себебі азаматтық істі қарау барысында соттар Шымкент қаласы әкімдігінің заңсыз қаулысының бұзылмауына мүдделі болып, қолданыстағы заңдардың талаптарын елемей, конституциялық құқығын шектеп, заңсыз шешімдер қабылдағанын көрсетіп, дау айтылған сот актілерінің күшін жойып, талап қоюын қанағаттандыру туралы жаңа шешім қабылдауды сұраған. Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келеді.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.

Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.

Іс құжаттарынан анықталғандай, талап қоюшы Ж[...] «Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) экономика және әлеуметтік саланы жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарған.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 қаңтарда елдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2025 жылғы арналған жоспарында Қазақтан Республикасының Үкіметіне мемлекеттік бюджет шығындарын үнемдеу және оңтайландыру жөніндегі жұмыстарды, оның ішінде мемлекеттік қызметтер мен қолдау шараларының тиімділігін арттыру, жергілікті бюджеттердің шығыстарын төмендету жөнінде тапсырма берілген.

Бюджет шығыстарын қысқарту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 15 ақпандағы хаттамасының 8-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдарға ағымдағы жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімде кейіннен даму бюджетіне қайта бағыттай отырып, шығыстарға қысқарту тұрғысынан талдау жүргізу жөнінде тапсырма берілген. Аталған тапсырманы орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасарымен Басқарманың құрылымына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Шымкент қаласының әкіміне ұсыныс берілген. Шымкент қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 30 қарашадағы №2707 қаулысымен бекітілген Басқарма туралы Ережесінің 19-тармақ 5- тармақшасына сәйкес ұсыныстың орындалуын Басқарма басшы У[...] жүктелген.

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасарымен Басқарманың құрылымына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Шымкент қаласының әкіміне ұсыныс берілген.

Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылы 20 ақпанда №697 және №698 қаулылар қабылдаған.

№697 қаулымен «Шымкент қаласы әкімінің аппараты, қаладағы аудан әкімдерінің аппараттары, қалалық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың штат санының лимиттерін бекіту туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі №11 қаулысының 10-тармағындағы Басқарма басшысының орынбасары штат саны 3-тен 2-ге өзгертілсе, №698 қаулымен «Шымкент қаласындағы аудан әкімдерінің аппараттары, қалалық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың штат құрылымын бекіту туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 11 шілдедегі №13 қаулысының 4 және 13-қосымшалары өзгертіліп, 1 және 2-қосымшалар болып жаңа редакцияда жазылған.

1-қосымшада «Басқарма басшысының орынбасары (D-O-2) саны-2» және «Шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыру және бюджеттік жоспарлау бөлімі барлығы - 8, оның ішінде бөлім басшысы-1, бас маман-7» деп көрсетілген.

Қаулының негізінде «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан

әрі - Заң) 56-бабына сәйкес, барлық қызметкерге еңбек жағдайлары өзгеруі мүмкін екендігі ескертіліп хабарламалар беріліп, талап қоюшыға біліктілік талаптарына сәйкес, Басқарманың мүгедектігі бар азаматтармен және ардагерлермен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы (Д-О-4) өзге лауазым ұсынылған.

Алайда талап қоюшы ұсынылған лауазымнан бас тартуына байланысты Заңның 56-бабының 7,8-тармақтары, 61-бабы 1-тармағының 22) тармақшасы негізінде Басқарманың 2025 жылдың 29 мамырдағы № 86ж бұйрығымен жұмыстан босатылып, оған жұмыс беруші тарапынан төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленген.

Өз кезегінде талап қоюшымен жұмыстан босату туралы бұйрығы заңнамамен белгіленген тәртіпте дауланбаған.

Қаулыға сәйкес, Басқарманың екі бөлімді біріктірілуіне байланысты екі бөлім басшысының басшылық лауазымдағы еңбек өтілдері, біріктірілген бөлімдердің алдағы уақытта атқарылатын функционалдық бағыты есепке алына отырып (Д[...] басшылық лауазымдағы жұмыс өтілі - 19 жыл 10 ай 25 күн, Ж[...] басшылық лауазымдағы жұмыс өтілі-14 жыл 5 ай 28 күн) бөлім басшысының лауазымы Д[...] ұсынылған.

Соттар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңының талаптарын дұрыс қолданып, іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.

Іс құжаттарынан және соттармен анықталғандай Басқарма штатының құрылымы өзгергенімен, лимиті өзгермеген.

Басқарманың қаржылық қызметін қамтамасыз ету және бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау болғандықтан оларды біріктіру арқылы басшылық лауазымдарды азайтып, орындаушылық лауазымдарды көбейте отырып Басқарма жұмысының тиімділігін арттыру үшін Басқарма құрылымына өзгерістер мен толықтырулар қала әкімінің бірінші орынбасары А[...] ұсынысы негізінде енгізілген. Басқармада еңбек жағдайлары өзгеруі шын мәнінде орын алғаны Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылы 20 ақпанда №697 және №698 қаулыларымен бекітілген.

Еңбек жағдайлары өзгеруі мүмкін екендігі талап қоюшыға алдын ала хабарланған. Талап қоюшы хабарламаны өзі қол қойып алған.

Бұл ретте, жауапкер тарапынан еңбек жағдайлары өзгеруі Қазақстан Республикасы Президентінің 2025 жылғы 28 қаңтарда елдің 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2025 жылғы

арналған жоспары мен Бюджет шығыстарын қысқарту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 15 ақпандағы хаттамасын орындау мақсатында жасалған әрекет болған.

Соттар Шымкент қаласы әкімдігі даулы қаулыны «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабы 1-тармағы 22) тармақшасына сай қабылданған деп дұрыс тұжырымдаған.

Қабылданған шешімнің құқықтық негіздері мен уәждемелері дауланған сот актілерінде толық көрсетілген, сондықтан оларды қайталаудың қажеттілігі жоқ.

Шағымда келтірілген уәждер талап қоюшының қолданыстағы заңнама нормаларын дұрыс түсінбеуімен, соттардың дәлелдемелер жиынтығына берген құқықтық бағасымен келіспеуге түйіседі.

Бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың тарапынан жіберілген материалдық және процестік құқық нормаларының елеулі түрде сот актілерін заңсыз деп тануына әкеп соқтыратын мән-жайлар мен бұзушылықтар анықталған жоқ.

Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актісінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.

Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілердің күшін жоюға негіз жоқ.

Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.

АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,

сот

ҚАУЛЫ ЕТТІ:

Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 12 тамыздағы қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.

Төрағалық етуші Г.Джаппарова

Судьялар А.Есдаулетов

Н.Ормаханов

⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.