№6003-25-00-2к/2430
ҚАУЛЫ
2025 жылғы 1 желтоқсан Астана қаласы
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот құрамында: төрағалық етуші судья Г.С.Джаппарова, судьялар А.К.Есдаулетов, Н.Б.Ормаханов, прокурор А.С.Камашевтың, талап қоюшы Д.Толегеновтың және оның өкілі Е.Абдухаликтің,
жауапкер өкілі З.Улходжаева мен Н.Ж.Ештаевтың қатысуларымен,
ашық сот отырысында бейне-байланыс құрылғысы арқылы талап қоюшы Дархан Рахымжанович Толегеновтың жауапкер «Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» мемлекеттік мекемесіне бұйрықтарды заңсыз деп танып, күшін жою, жұмысқа қайта орналастыру, лажсыз бос жүрген уақытына еңбекақыны және моральдық зиянды өндіру туралы талап қоюы бойынша Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімі мен Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысына талап қоюшының кассациялық шағымымен түскен азаматтық істі қарап,
АНЫҚТАДЫ:
Д.Толегенов сотқа аталған талап қоюмен жүгінген.
Шымкент қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2025 жылғы 3 ақпандағы шешімімен талап қою қанағаттандырудан бас тартылған.
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылған.
Талап қоюшы қабылданған сот актілерімен келіспей, материалдық және процестік құқық нормаларының бұзылуына байланысты олардың күшін жойып, талап қоюын толығымен қанағаттандыруды сұраған.
Кассациялық сот істегі дәлелдемелерді зерттеп, іске қатысушылардың жауаптарын, прокурордың сот актілерін күшінде, шағымды қанағаттандырусыз қалдыруды сұраған қорытындысын тыңдап, кассациялық шағым уәждерін талқылап, төмендегі тұжырымға келді.
Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 449-бабының 1-бөлігіне сай істi кассациялық тәртiппен қарау кезiнде сот iстегі материалдар бойынша кассациялық шағымның дәлелдерi шегiнде соттар шығарған сот актiлерiнiң заңдылығын тексередi.
АПК-нің 438-бабының 5-бөлігіне сәйкес заңсыз сот актiсiн шығаруға әкеп соққан, материалдық және процестік құқық нормаларының елеулi түрде бұзылуы, заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қарауға негiздер болып табылады.
Іс бойынша мұндай заң бұзушылықтарға жол берілмеген.
«Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 80-бабының 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес қызметкер құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жұмыстан шығарылады.
Анықталғаны талап қоюшы Д.Толегенов 2013 жылдың наурыз айынан бастап ішкі істер органдарында қызмет атқарған.
«Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Департамент) 2024 жылғы 28 наурыздағы №108 ж/қ бұйрығымен Д.Толегенов Департаменттің №55 мекемесінің жедел бөлімінің аға жедел уәкілі лауазымына тағайындалған.
Талап қоюшы жазасын өтеушілермен негізсіз әрі қызметтен тыс байланысқа барып, олардың заңға қайшы келетін өтініштерін орындауға болмайтынын біле тұра, қызметпен байланысты шектеулерді орындамай, сотталған Р.Райымбековтың ақшалай қаражат бергені үшін мекеме аумағында тыйым салынған ұялы телефонды кіргізу өтінішін орындауына, бейне үндеу жасау және сұхбат беру туралы басшы құрамды жазбаша ескертпей, еңбекке жарамсыз уақытында нысанды киім кию үлгісін бұза отырып, шындыққа жанаспайтын ақпаратты жариялауына байланысты Заңның 57-бабының 3- тармағына сәйкес Департаменттің тарапынан қызметтік тергеу тағайындау туралы 2024 жылғы 17 қыркүйекте №416 ж/қ және 2024 жылғы 31 қазанда №478 ж/қ бұйрықтары шығарылып, жоғарыда аталған мән-жайлар бойынша қызметтік тергеу жүргізілген.
Қызметтік тергеу қорытындысына сәйкес талап қоюшыны атқаратын қызметінен шығару туралы мәселені қарау үшін Департаменттің тәртіптік комиссиясында қарауға ұсынылған.
Департаменттің 2024 жылдың 4 қарашасындағы тәртіптік комиссиясының шешімімен талап қоюшыны атқаратын қызметінен шығару жөнінде Департаменттің бастығына ұсыныс келтірілген.
Аталған хаттамалық шешімі негізінде Департаменттің 2024 жылғы 8 қарашадағы №339 ж/қ және №340 ж/қ бұйрықтарымен Д.Р.Толегенов заңсыз әрекеттер және құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы негізінде 2024 жылғы 8 қарашасынан бастап құқық қорғау органдарынан шығарылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери есебіне қойылған.
Соттар іс үшін маңызы бар мән-жайлар шеңберін нақты және дұрыс айқындаған, осы дау бойынша қолдануға жататын материалдық және процестік құқық нормаларын ескере отырып, тараптардың уәждері мен қарсылықтарын тексеруге заңмен көзделген барлық шараларды жасап, талап қоюды негізді түрде қанағаттандырудан бас тартқан.
Себебі, іс құжаттарынан және куәлердің сотта берген жауаптарымен анықталғандай талап қоюшы құқық қорғау органының қызметкері бола тұра, теріс қылықтарды жасауға жол берген, лауазымдық міндеттеріне сәйкес өкілеттілігін жүзеге асыруға міндетті бола тұра, заң талаптары мен лауазымдық міндеттерін бұзған, сондай-ақ, функционалдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, азаматтардың көз алдарында құқық қорғау органдарының абыройы мен беделін көзбе-көз түсіретін әрекеттер жасап, құқық қорғау органына кір келтіретін теріс қылық жасаған.
Талап қоюшымен қызметтік қатынастар Заңға және тиісті нормативтік құқықтық актілерге сәйкес реттелген.
Іс құжаттарынан талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару Заңның 80-бабы 1-тармағының 13) тармақшасы бойынша жүзеге асырылған.
Қызметтен шығару туралы даулы бұйрықтар уәкілетті лауазымды тұлға тарапынан қабылданып, белгіленген тәртіппен рәсімделген.
Талап қоюшыға қатысты қызметтік теріс қылық фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалған, талап қоюшыдан жазбаша түсініктеме алынған, оның құқықтары мен міндеттері түсінідіріліп, қызметтік тергеу нәтижелері бойынша тиісті қорытынды жасалған.
Қызметтен шығару тәртібі мен мерзімдері заң талаптарына сәйкес сақталған.
Жауапкер тарапынан ұсынылған бұйрықтар, қызметтік тергеу іс құжаттары және өзге де дәлелдемелер талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару кезінде заң талаптарының бұзылмағанын растайды.
Талап қоюшының құқық қорғау органдарынан шығару заңсыз деген уәждері объективті дәлелдермен расталмады және сот оларды негізсіз деп таниды.
Аталған мән-жайларды ескеріп, сот талап қоюшыны құқық қорғау органдарынан шығару заңды, негізді және уәкілетті органның құзыреті шегінде жүзеге асырылған деген қорытындыға келеді.
Сондықтан талап қоюшыны бұрынғы қызметіне қайта орналастыруға, лажсыз бос жүрген уақытына жалақы мен моральдық зиянды өндіруге құқықтық негіздер жоқ.
Қабылданған шешімнің негіздері мен себептері дау айтылған сот актілерінде заң нормаларына сілтеме жасалына отырып толық көрсетілген, шағымда аталған уәждер соттармен толығымен зерделенген, жаңа уәждер шағымда келтірілмеген.
Мұндай жағдайда дау айтылған сот актілерінің күшін жоюға негіз жоқ.
Сол себепті, сот шешімін өзгеріссіз қалдырған алқа қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылуға жатады.
АПК-нің 451-бабының 2-бөлігінің 1) тармақшасын басшылыққа алып,
сот
ҚАУЛЫ ЕТТІ:
Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2025 жылғы 23 сәуірдегі қаулысы күшінде, кассациялық шағым қанағаттандырусыз қалдырылсын.
Төрағалық етуші Г.Джаппарова Судьялар А.Есдаулетов Н.Ормаханов
⚠️ Текст документа получен из открытой публикации на интернет-ресурсе Верховного Суда Республики Казахстан и приводится в ознакомительных целях.